Сырдың соңғы шерісі

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, осындай жебеуші пірлердің қазақтың даңқты тұлғаларында көптеп кездескенін естиміз. Әбіш Кекілбаевтың «Үркерін» оқыған кісінің Әбілқайырға жапан далада қызыл түлкінің ұшырасатынын, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Абылайдың ақ бурасының суреттелетінін білмеуі мүмкін емес. Мұнымен қоса, «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған Жамбылдың көзіне тайыншадай жолбарыстың көп елестейтіні жайлы түрлі кітаптарда айтылып келеді. Иә, әрбір аңыз бен әфсананың астынан шындықтың құлағы қылтиятынын, мұндай әңгімелердің жөн-жосықсыз айтылмағанын ескергеніміз жөн.
Тарихшылардың айтуынша, өңіріміздегі жолбарыстардың соңғы тұқымы 1950 жылы аңшылардың оғына ілініпті. Біздің көптеген тағылымды тарихымыз, қатпарлы шежіреміз туралы саяхатшылардың қалдырған мәліметтері орасан. Жоталы жолбарыстар туралы ХIХ ғасырда өмір сүрген поляк саяхатшысы, суретші Бронислав Зелесский «Арал мен Сыр бойындағы нар қамыстарды жолбарыс атаулының ең көрікті тұқымы мен қарақұрым қырғауыл мекендейді» деп жазып қалдырған. Ал, капитан-лейтенант Иваншинцев болса: «Сырдария, Арал маңындағы дала жайында» деген кітабында «Ақмешіт аймағынан жолбарыстарды жиі көресіз. Біз олардың жағалауға жақын жерде және қамыс арасынан ізін көрдік. Бірде таңертең біздің теңізшілер сол ізге еріп, қамыс арасынан жолбарыс жеп кеткен еліктің сүйегін тапқан. Өліп жатқан еліктің жанынан үңірейген жолбарыстың ізі сайрап жатты» деген деректер айтады.
Тұранның төрінде жемтігіне де, жауына да жалғыз жортатын осы аң жайлы жалғыз бұл кісілер емес, белгілі ғалым Мәди Кереев көптеген қызықты зерттеулер жүргізген. Сондай-ақ, Арал аймағына біршама экспедициялар жасап, өткенімізден құнды деректер қалдырған орыс географы Лев Бергтің кей еңбектерін көзі ашық жандар жақсы біледі. Оның 1857 жылы Санкт-Петербургтен шығатын «Теңіз жинағы» журналында «Сыр жағасындағы жолбарыстар туралы» мақаласы да жарияланған. Сонда табиғаты сұлулыққа тұнып тұрған Сыр бойындағы өзендер мен көлдердің жиегіндегі қамыс ішінде аң патшасының жортатыны, қабандар мен қызыл қасқыр, түлкі, қояндардың көптеп кездесетіні тәптіштеліпті. Осы көнекөз шежірелі деректерден-ақ, Тұран ойпатының бір кездері жан-жануарларға, аң-құстарға ұя болғанын, қазіргі таңда тек теледидардан ғана көретін аңдардың өткенін еске алуға болады. Дархан даланың киесіне, өзен-көлінің иесіне айналған жолбарыс тұқымы біздің замандастар мен кейінгілерге тек аңыз ретінде ғана жетпек. Аңыз демекші, ең өкініштісі бүгінгі таңдағы ғылыми айналымға осы тарғыл жолбарыстар туралы бірде-бір еңбек түспепті.
P.S: «Туған жер – тұнған шежіре» екені рас. Бұл араның әр тұлғасы, аң мен құсы, шөл мен көлі елім деп елжіреген жандарға алтыннан да қымбаттығын білеміз. Ал, біздің міндетіміз ойлы оқырманға қасиетті өлкенің өткенінен шағын ғана сыр шерту болатын.
Есет ТАБЫНБАЕВ