Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоты құс

Тоты құс

– Сен оны қайдан білесің? – дедім мен.

– Кітаптан оқығанмын. Аққулар сияқты тоты құстар да өзінің екінші жұбына адал болады екен. Біреуі ауру-сырқаудан өлер болса, екіншісі сол қайғыны көтере алмай, өліп қалады немесе қайтып ешкіммен жұптаспайды, – деді ол ойланбастан.

– Мүмкін емес, – деп мен де қасарыстым.

Сен өзіңнен басқаға сенбейсің, – деп Гүлшынар бұртия қалды.

Ол бұрыннан солай, көп сөзге жоқ. Айтарын айтады да, қылығымен жеңеді. Мен ол қызды бірінші курстан бері танимын. Қалада тұратын қазақтың сұңғақтау бойлы сары қызы. Орыс тілін отандастарының тіліндей жақсы біледі. Шет тілі факультетінің екінші курсында оқиды. Алысқа барып, ағылшын тілін тереңдете оқу оның бала күнгі арманы. Екеуміздің қыз бен жігіт болып жүргенімізге бір жылдай уақыт болған. Өзгені сыйлай да, өзін сыйлата да біледі.

Екеуміз ренжісіп сөйлеспей қалсақ, шыдай алмай бірінші болып тіл қататын менің құрбымның қанына сіңген мінезі. Ол бұрыннан солай қалыптасқан әдет. Ұзақ үнсіздікті тағы өзі бұзды.

– Сонымен сенбейсің ғой.

– Қызық екен, – дедім мен сенер-сенбесімді сездіре ойланып.

Гүлшынардың ертең туған күні болатын. Тәжікелесіп, өкпелеткім келген жоқ. Екеуміздің даурыға дауласуымыз тоты құстардың махаббаты жайында болатын. Оның үй іші бала күндерінде тоты құс асырапты. Содан тоты құстардың қылығын қызықтағанды жақсы көреді.

Ертесіне ұйқымнан ояна салып, Гүлшынарды туған күнімен құттықтадым. Оған тоты құс сыйлайтынымды және жарты сағаттан соң жағалауда кездесіп, тоты құстардың жұбын өзі таңдап алуын өтіндім. Азырақ күттіріп қойып, Гүлшынар келді. Өте көңілді еді. Екеуміз қатар жүріп, тоты құстардың жасыл түсін таңдап, сатып алуға бекіндік.

– Қанша? – деп сұрағанымда сатушы еркек жұдырықтай ғана жаратылыс иесіне тым қымбаттау бағаны айтты. «Қымбат қой!» деп айта жаздап, тілімді әрең тістеп қалдым. Студенттің қалтасын қағатын ақша болса да, сүйікті қызым үшін «су кешіп өтерімді» дәлелдегендей сатушы айтқан ақшаны сытырлатып санап бердім. Темір торға қамалған тоты құстарды тамашалап жүріп, мен оны үйіне дейін шығарып салдым. Ол маған ризашылығын білдіріп, бүлдірген ерінімен сүйді. Мен де риза, қош көңілмен «сау бол» айттым.

Одан кейін де көп нәрсе болды. Бірақ кездесуге келген сайын Гүлшынар тоты құстар жайлы ұзын-сонар әңгімеге көшетін. Алты айдан соң, жазғы демалыстың аяғына таман ол Англияға оқуға кететін болды. Оның бұрынғы бала күнгі арманы орындалды. Бір күні кешкілік есігінің алдында тосып тұр едім, көктемде мен сыйға тартқан темір тордағы жасыл тоты құстарымен бірге шықты.

– Мына құстарды саған қалдырып кетемін. Мен Лондонда жүргенде жақсылап қара. Бұл екеуміздің махаббатымыздың символы, – деді де мойныма асыла кетті.

Жанарында мөлт еткен мөлдір тамшыны аңғарып қалдым. Осы мезетте менің жүрегім сыздап, жылап тұрған еді. Сонымен ұзақ сүйісу, ұзақ құшақтасулардан соң, әрең дегенде қоштасып, алыс сапарға аттандырдым...
* * *
Арада көп күндер көшіп өткеннен кейін күтімін күрт өзгертіп алдым ба, тоты құстың бірі таңертең тұрсам, өліп қалыпты. Қатты қайғырдым. Гүлшынар екеуміздің арамыздағы махаббат жыршысындай болған бұл құстар да менің көзіме оттай басылатын. Тоты құстың екіншісін тордан шығарып жібердім. Бәлкім өмір бойы аңсаған бостандығына тартқан болар. Алысқа, тым алысқа қанат қағып бара жатқан титімдей ғана тоты құсты Гүлшынарға теңедім. Тордағы өлген құс менің оған деген махаббатым еді. Себебі... Сол жылы оқуға кеткен Гүлшынардың оқуы біткеніне үш жыл толса да, сүйікті қыз туған қаласына оралған жоқ болатын. Бәлкім, ол екеуміз тоты құстардай махаббатқа адал бола алмаған шығармыз...
Қуат ҚИЫҚБАЙ
13 наурыз 2019 ж. 4 540 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930