Көрбақ құмартқан...
“Кіші жүздің Әлімі етек-жеңі мол ел еді. Оның ішінде Кішкенеден тарайтын алты рудың да қабырғалы жұрт екенін бәрі білер. Сол алты Кішкененің ішінде түтін саны көп Асанның ішінде би де, бағлан да туыпты” деп ескі шежіреден шерте бастайтын біздің жақтың кәріқұлақтары.
– Асанның бір баласы Сырлыбай болса, ол өзі беске бөлінеді. Сол бес Сырлыбайдың бірі – Дәулетиярда Пұсырман деген би өткен. Өзі Жанқожамен тұстас. Адуынды, кеудесін ешкімге бастырмаған жан болса керек, – дейтін ескі әңгімеге жүйрік қариялардың бірі ет піскенше осындай көне тарихтан қозғап.
– Асанның бір баласы Сырлыбай болса, ол өзі беске бөлінеді. Сол бес Сырлыбайдың бірі – Дәулетиярда Пұсырман деген би өткен. Өзі Жанқожамен тұстас. Адуынды, кеудесін ешкімге бастырмаған жан болса керек, – дейтін ескі әңгімеге жүйрік қариялардың бірі ет піскенше осындай көне тарихтан қозғап.
Бала күнгі шал-кемпірдің етегіне оралып өскен біз, қонақасыға шақырылған қариялардың аузын бағып отырамыз. Олар да сыртта бүлкілдей пісіп жатқан, танауды жарар биылғы соғымның иісіне елтіген күйі әңгімесін жалғастыра беретін.
– Мына сенің құдаң отырған Елшекеңнің ауылы Жаңақұрылыстың ту сыртында сол Пұсырманның үйтамы бар, – деді әлгі қария менің атама қарап. – Пұсырман арық қаздырып, елді диқаншылыққа бастаған адам. Ат үстінде, мал бағып жүрген көп ағайынға жер қадірін ұқтырғанға ұқсайды. Ол қаздырған арықтың ізі әлі бар. Сол Жаңақұрылыс маңайында “Асанның алты арығы” дейтін жер де қалған. Менің есіткенім, Пұсырман емес, оның ұлы Әйімбет жайлы еді.
– Ее, айтыңыз, айтыңыз. Отырғандар қоштап қойды әңгімешіл ақсақалды. Жарығы жоқ ауыл көптен керосин шаммен отыратын еді. Ала көлеңке бөлмеде қолыңды иегіңе сүйкей, етпеттей жатып, бала біткен әлгі қарияның аузына қараймыз.
– Әйімбет те осал емес. Киелі кісі болған дейді. Өлерінде баласы Құттымбетті шақырып, “шырағым, жақсының тұқымын көрбақ жейді” деген сөз бар. Мен бақилық болған соң сүйегімді күзетерсің. Жерлегеннен соң сол көрбақ үш күн ішінде келу керек. Соған қорлатпассың” дейді екен ғой Әйімбет жарықтық.
– Бәрекелді, бұрынғылардың бәрі асыл ғой, – деді жанындағы малдас құрып, тізесі түйісіп отырған екінші қария. Әңгімешіл ақсақал оған ләм деместен қызық дүниесін жалғастыра берген.
– Өлер әке өлді. Құттымбат бар жөн-жоралғысын жасап, жерлеуді ағайынымен өткізеді. Ағайын тараған соң соңғы өсиетті еске алып, күн бата мылтығын алып, топырағы суып үлгірмеген қабірді күзетпей ме?!
Бірінші түні еш жамандықсыз өтеді. Бәленің басы екінші түні басталады. Құттымбеттің сәл көзі ілініп кетсе керек.
Тысыр еткен дыбыс шығады. Жалма-жан мылтығын алып қараңғыда тың тыңдай қалады. Өзі жүрек жұтқан, әрі тұқымында бар ерлік, қабірге жақындаса, топырақтың бетін бірталай аударып кеткен екен әлгі бәлең...
Ақсақал осы жерде бір жөткірініп алды да, сөзін жалғай берді. Әңгімені ширай түскенін білген дастарқан басындағылар тыпыр етпей отырмыз.
– Үшінші түні Құттымбет көз ілмей күтіпті әлгіні. Аты жаман албасты қараңғы түні ғана соғатын көрінеді. Ай бетін бұлт жапқан уақытта шашы жалбыраған, адам кейіптес біреу қабірді жанұшыра қаза бастаған ғой. Аңдысын аңдап, манадан бері сақ отырған Құттымбет те “бәлемнің жүрек тұсы осы-ау” деп мылтығын көздемелеп, шүріппесін басып кеп қапты. Тарс еткен дауыстан бөлек, ана жабайының шыңғырған дауысы әлемді алатынға ұқсайды. Жер мен аспан қатар күңіреніп, әлгі ышқынған дауыспен “Әй, Құттымбет, тағы ат мені, тағы атсаңшы” деп зар илепті.
– Тағы бір басып жіберетін нәлетті,- деді аяқ жақта отырған жастау ағамыз шыдамай қозғалақтап.
– Жоқ, атпаған, – деді қариямыз арқасында тұрған жастықты әрі-бері түзеп.
– “Өзіңнің де шамаң осымен бітті-ау” деп жақын жердегі тұсаулы атына барыпты. Қызығы сол, көрбақтың шыңғыруынан байғұс аттың құлақ-мұрнынан қан кетіп, тіпті қан сиіп жібергенге ұқсайды.
Қош, ертеңіне елге айтпастан жақын серігін ертіп әкесінің моласынан бастап із кесіпті Құттымбет. Жарамды ат мінген екеу қорым басынан сүйретілген ізді аңдып бірталай жер жүрген. Ол із мына біздің Қотанкөлден әрірек жатқан “Ойбайсордың” жанына әкепті. Құттымбеттің көргені сонда адам кейпіне ұқсайтын, шашы жалбыраған, тырнағы сояудай, денесін жүн қаптаған ұсқынсыз хайуан дейді бұрынғылар.
– Иәә, көрбақ дегеннің көрге түсетінін бұрынғылар да айтып кетті ғой, – деді тағы бір қария үрпиіп отқан біз жаққа бір қарап қойып.
– Бұл өзі өлген адам етімен қоректенеді ме сонда? – деді манағы екінші рет ату жайлы айтып қалған ағамыз.
– Менің естігенім, – деді көне аңызды қозғаған қария былғары мәсі киген аяғын іргеге қарай созып жатып. – Көрбақ деген не өзі?! Бұрынғы шалдар былай түсіндірді ғой. Біреудің қызы оң жақта отырып, некесіз қыз туады. Ол жүзіқарадан туған қыз да тағы некесіз қыз табады. Одан туған қыз тағы етегіне ие бола алмай, қыз туады. Осы үшінші буын адам етін жейтін көрбаққа айналады екен ғой.
– Құдай-ай, өзің сақтай көр абыройсыздықтан. Тіпә, тіпә, өзімен кеткір! Аллам, бабалар қасиетінен ажырата көрме үрім-бұтағымызды, – деді төменірек отырған бір топ әже.
Ішегін тарта әңгімені құлшына тыңдаған біздің көз алдымызға қорқынышты құбыжық елестейді. Көзді тарс жұмып, сары апамның артына ығысасың.
– Ет тартылады, қолға су құямыз. Қол орамал асынған құман ұстаған бала шалдарды жағалай берді...
Ержан ҚОЖАС