Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 60 жастағы қария қасқырды жалаң қолымен тірідей ұстап алған

60 жастағы қария қасқырды жалаң қолымен тірідей ұстап алған

Жамбыл облысында 59 жастағы Ергөбек Ниязбеков ауыл маңында мал торыған қасқырдың арланын жалаң қолымен тірідей ұстап алған, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Оқиға Меркі ауданындағы Ақтоған ауылында болған.
Телефон арқылы хабарласқанымызда Ергөбек аға оқиғаның қалай болғанын өз аузымен баяндап берді.
"Сенбі күні түс қайта тазы күшіктерімді ертіп шығып, түлкі, қоян сияқты ұсақ аңға салып көрейін дегенмін. Алыстан қарайып тұрғанын көрдім де, түлкі екен деп ойладым. Тауға қашып кетпесін деген оймен сырт айналдым. Осындайда құрық, сойыл ала шығушы едім. Қасқыр жолықтырамын деп ойламадым, қолымда атқамшы ғана. Не де болса иттерді айтақтап, артынан қудым. Екі сағаттай жазыққа қарай қуып қайырамын, ол жылғамен қашуға тырысады. Оған да жан керек. Арасында айғайлап қоямын, мал баққан біреу-міреу естіп, жәрдемге келе ме деп. Сосын жылқы кезекте жүрген жігіт шауып жетті қасыма. Қасқыр да осы кезде жер бауырлап, демін алып тұрған. Әй енді жіберіп алсам жете алмайтынымды білдім. Суықтан қолым қарыса бастаған еді, оның үстіне қараңғы да түсіп келеді. Сосын келген жігітке атымды ұста дедім де, киімімді шешіп, үстіне секірдім. Бір қолымен алқымынан басып, тұмсығын жерге қаратып тұрдым. Келген жігітке қанғығаның бауын шешіп, тұмсығын байла дедім. Аузына бетімді жақындатпауға тырыстым, өзім атқа мінгендей үстіне отырдым. Содан аузын буып, артқы аяғын байлап өңгеріп алып үйге әкелдім", - дейді Ергөбек Ниязбеков.
Малын қасқыр жарып кеткен ауыл тұрғындары Ергөбек ағаға алғысын айтып жатса, бір жағынан жалаң қолмен арлан ұстағанына қайран.
"Ұзынағаштан, Семейден, Атыраудан күшік алдырып, тазы өсіретінмін. 30 жылда сұрыпталып, жақсы иттерім болып еді. Қомақты қаржыға сат деп келгендер де болды. Берген жоқ болатынмын, күшіктер туса келіп ал деп. Әйтпесе ит өсіріп, оны сатып кәсіп қылған емеспен. Сол тазыларымды былтыр қастандық қылып улап кеткен. Содан бір мықты жігіттер осы күшіктерді берген. Міне осыларды қоян, түлкіге салайыншы деп шыққанмын. Қойымды қасқыр тартып кетті, танамды жарып кетті деп келетіндер көп. Бірақ аңшылық та кәсібім емес, тек сүйікті ермегім ғана. Оның үстіне мемлекеттік жұмыстамыз, таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін сондамыз", - дейді ақсақал.
Биыл мамырда Ергөбек Ниязбеков 60 жасқа келеді екен. Жарымен бірге үш бала тәрбиелеп, өсірген. Қазір ауыл әкімдігінде мал шаруашылғының маманы болып істейді. Демалыс күндері қолы босағанда сүйікті ермегі ат баптап, тазыларын аңға салады екен.
Ергөбек Ниязбековтың сөзінше, жыл сайынғы аңшылар сайысына тірі қасқыр іздегендер хабарласып, бұл екі жасар арланды сатуын сұрапты. "Енді бұлай қасқырды ұстай алмаспын, балаларыма менен қалған көз болсын деп, терісін сыпырып, кермеге іліп қойдым. Соны илеп үйге іліп қоярмын", - дейді Ергөбек аға. Айта кетейік бұл оқиғаны бастапқыда қарияның ұлы, "31 арна" тілшісі Жарас Ниязбектің Facebook желісіндегі жазбасынан оқып білдік. Қарияның ендігі арманы қажылыққа барып, бес парызының бірін өтеу болып отыр екен.
19 ақпан 2018 ж. 2 045 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930