Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүйрегін баласына берген ата-ананың ахуалы

Бүйрегін баласына берген ата-ананың ахуалы

Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылында тұрған Руфат Хабиев пен Сымбат Қапезованың отбасы аяқ астынан тағдырдың сынағына түсті. Бір жыл бұрын шаңырақтағы жалғыз ұлы Бақытнұрдың ауыр науқасқа ұшырағаны белгілі болды...
Сымбат Қапезова Мұрат­сай ауылында туып-өскен. Күйеуі Руфат Қабиев те осы ауыл­дың тумасы. Сымбат Орал қаласында жоғары білім алған соң туған ауылында мек­тепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. 2013-2016 жылдары ауылдық мәде­ни­ет үйінде жұмыс істеді. Бел­сенді, қолға алған ісін жапы­рып жіберетін жігерлі жас 2016 жылдың басында Орал қа­ла­сына ауысып, облыстық жас­тар шығармашылығы орталығына жұмысқа тұрды. Алайда ауылдастары сол жы­лы тамыз айында аттай қа­лап елге шақырып алды. Ау­ыл әкімі қызметіне! Сөйтіп Сым­бат Қапезова облыстағы сау­сақ­пен санарлық әйел әкімнің бі­рі әрі ең жас басшы атанған.
Өмірдің өзгеруі аяқ асты­нан екен ғой. Сымбат пен Руфаттың жалғыз ұлы, се­гіз жасар Бақытнұр 2017 жылы қаң­тарда қатты ауырып, ау­дандық ауруханаға түсті. Қы­зуы түспейді, іші өтіп, аяқ-қолы сарғайып кеткен. Сан­авиациямен Оралға же­дел жет­кізілген сәбидің қос бүй­ре­гі бірдей істен шыққан­ды­ғы бел­гілі болды...
– Бақытнұр 1,5 жасынан бастап ауырды. Бүйрек ауру­ы­ның белгілері сол кезден бай­қалған сияқты. Оны қай­дан білейік?! 2 жасында талма ұстап, ауруханаға түсті. «Ане­мия», «салқын тиген» деп емдел­ді. Ақыры 8 жасында, бүйрек сырқаты 5-стадияға жет­кенде ғана біліп, «аһ» ұрып қалдық. Қандағы мочевина – 24, креотенин 90 пайыз болды – дейді Сымбат.
Жедел жолдамамен Астана­дағы «Ана мен бала» ғы­лыми орталығына жет­кі­зілген Бақытнұрдың өмірі қыл үстінде тұрғанын дәрігерлер ата-анасына ашық айтыпты. Әдетте бүйрек жетімсіздігіне шал­дыққан бала диализге жал­ғанады, алты ай уақыт ағ­заны жасанды бүйрекке үй­ретеді. Бірақ Бақытнұрда мұн­дай мұрсат болмаған. Жалғыз жол – жедел трансплантация. Яғни, сәбиге шұғыл түрде сау бүйрек салу керек.
– Руфат та, мен де бала­мыз­ға бүйрегімізді беруге дайын болдық. Бірақ мен күй­еуіме: «Сен жұмыс істеуің, от­ба­сыңды бағуың керек, жауап­ты адамсың!» дедім. Ең со­ңында «мамандар біледі» дедік, – дейді Сымбат.
Консилиум кезінде Сым­бат аса сабырлы болыпты. Дә­­рі­герлер «екеуіңіздің де бүйрегіңіз Бақытнұрға үйлеседі. Әкесінікі сәл үлкен­деу, ал анасынікі үйлесе қалады. Көбіне бүйректі ана­сы береді» дегенімен, ше­шім­ді өздеріне қалдырған. Бақыт­нұрды алдына алып отыр­ған Сымбат ақырын, бі­рақ сенімді дауыспен: «Мен қорық­паймын. Мені қорқады деп ойламаңыздар. Баламды сақ­тасаңдар болды», деді. 
Осылайша наурыздың алты­сы күні ота жасалды. Ана бүй­регі балаға берілді. Ота өте сәтті шығыпты. Тағдыры қыл үстінде тұрған Бақытнұрдың жаңа ғұмыры басталды...
* * *
Бас-аяғы бірер айдың ішінде тағдыры түбегейлі өзгерген Сымбат Астанадан елге мүлде басқа адам болып оралды. Өмірінде дәрігерге қаралып, пышаққа түсіп көрмеген келіншек бір сәтте «өз еркімен» мүгедек болып қалар деп кім ойлаған?!
Ота мемлекет көмегімен, тег­ін жасалды дегенмен, жол, тамақ, тағы басқа шығындары бар, олар біраз қарызданып қалған еді. Дәрігерлердің «де­ма­лыс керек» дегеніне қара­мастан Сымбат елге келісімен жұмысына шығып кетті. Ауыл әкімінің қызметі қым-қуыт қой. Руфат болса, өзге ауылда учаскелік инспектор. Бақытнұрды дәрігерлердің бақылауында болуы үшін Оралға қалдыруға тура келді. Жа­нына ата-әжесін қалдырып, ауыл­ға оралған Сымбат ден­сау­лығының бұрынғыдай емес­тігін байқаған. Бала ауыр­ған кезде жан-жүйкесіне түс­кен салмақ, ауыр ота, бір мү­шесінен айырылу – мұның бәрі із-түзсіз қайдан кетсін?! «Мамыр бойы қызуым көте­рі­л­іп жүрді. «Ауыр­мауым ке­рек!» дедім өзіме. Сөйтіп мау­сымда кезекті еңбек дема­лы­сымды алып, қызметтен бо­сатуға арызымды жаздым. Бірақ жаз бойы ауырдым, ана­лиздерім жаман болып кетті, ақыры ауруханаға жатып қалдым. Өзіме де күтім керектігін түсіндім», дейді ол.
Қазір Сымбат күйеуі Руфаттың жұмыс бабымен Жәнібек ауданы Қайрат ауылында тұрып жатыр. Өзі де қол қусырып қарап отыра алмайды. Әрі қаражат та керек, отбасы бюджетіне сәл де болса қосымша керек. Аудан, ауыл басшыларының табал­ды­рығын тоздырып жү­ріп жа­қында ғана ауылдық мек­теп­тен жарты штаттық лаборант қызметіне орналасқан. Айлығы 15 мың теңге.
Бір қызығы, елімізде өз еркімен донор болып, бір бүйрегінен айырылған адамдар мүгедектік жәрдемақы ала ал­майды екен. Оны айтасыз, өзгеге көмектесіп, өз ағзасын трансплантация жасауға ке­ліскен жан ол үшін қаржы ала­тын болса, қылмыстық жаза­ға тартылады.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында бүйрегі ауыратын 450 бала есепте тұр екен. Ал өңірдегі екі диализ орта­лы­ғында 180 адам ем алады. Олар «жасанды бүйрек» аппаратына таңылған. Осы кезге дейін өңірде 4 сәби мен 32 ересек адамға трансплантация жасалыпты. Ал қазір облыс­та 100-ге жуық адам бүйрек донорлығын күтіп жүр.
Сымбаттың бір кездегі әріптестері, Бөкей ордасы аудандық мәдениет, тілдерді да­мыту, спорт және дене шы­ны­қтыру бөлімі мен демалыс орталығы «Мейірбандық күн­дері» айлығы аясында тағ­дырдың ауыр сынағына ұшы­раған балақайға көмек қолын созып, Сайқын село­сы­ның тұрғындарына «Жү­рек­тен – жүрекке» атты қайы­рым­дылық концертін берді. Руфаттың әріптестері де ота­дан кейін біржолғы көмек көр­сеткен. Мұның бәрі теңізге там­ған тамшыдай болса да, ақ жүректен шыққан шынайы көмек болғандығымен қымбат.
* * *
Құдайға шүкір, Бақыт­нұрға ана бүйрегі толық үйле­сіп кетіпті. Тек әлі де дә­рігерлердің толық бақы­лау­ынд­а болуы тиіс. Апта сайын бірнеше күрделі анализ тап­сырады. Оны Астанаға жол­дайды. Астанадағы маман­дар сәбидің қанын зерттеп, ағзадағы өзгерістерге сәйкес апта сайын берілетін дәрілердің мөлшерін бекітеді. Бақытнұрдың ай сайын іше­тін дәрілерінің құны өте қымбат, 2 млн теңгеге дейін жете­тін көрінеді. Әйтеуір, оның негізгі бөлігі мемлекет есе­бі­нен, тегін беріліп жатыр.
Бақытнұр қазір Орал қа­ла­сында. Өйткені білікті дәрігерлердің қадағалауында болуы тиіс. Талап сондай. Атасы Ғұбайдолла Қабиев бас­қа шаруаның бәрін жиып қой­ып, Оралға келгеніне бір жылға жақындап қалды. 60 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатқан ақсақалға арнайы кіріп шықтық. Зейнетке шығуға әлі бірер жылын толтыра алмай отырған қария жақында ғана жүрегіне ота жасатып шығыпты. Өзіне күтім керектігіне қарамастан немересін бағып, еркінен тыс «қалалық» болып отыр екен.
– Немерем үйден оқиды. Мұғалім үйге келіп сабақ беріп кете­ді. Бала ғой, ойнағысы келеді, далаға шыққысы ке­ле­ді. Бірақ Бақытнұрға ау­ру­­ға болмайды. Күнделікті қа­таң режім, құнарлы тамақ, көкөніс керек. Уақтылы дә­рі­сін ішіп, дәрігерлердің қа­д­ағалауында болуы тиіс. Ауыл­ды сағынған соң жазда бірер күн­ге барып едік, бірден ауырып қалдық. Бізге енді тек дәрігерлік көмегі барынша жоғары қалада тұрудан басқа жол жоқ, – дейді Ғұбайдолла Нәсиұлы.
Ақиқаты керек, мемлекет тара­пынан Бақытнұр секілді науқастарға көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Бақытнұрдың туыстары әсіресе жергілікті дәрігерлерге, облыстық ден­саулық сақтау басқар­ма­сын­дағы Айнаш Жұбаныш­қы­зына, облыстық балалар ауруханасындағы бала­лар нефрологы Гауһар Тұрлан­қы­зына алғыс айтады. Күр­делі отаға тегін квота, дәрі­гер­лік көмек, тегін дәрі, мем­лекеттік жәрдемақы – осы­ның бәрі сәбидің аман қа­лып, қатарға қосылып кетуі­не үлкен жәрдем ғой. Бі­рақ ауыл тұрғындары үшін еске­ріл­мей қалған нәрсе – сапалы, толыққанды дәрігерлік жәр­­дем. Мысалы, Бақытнұр мұн­­дай жәрдемді өз ауылы Мұратсайда ала алмайды. Мұратсай түгілі аудан ор­талығы Сайхында да жоқ. Ора­л қаласында ғана Ба­қыт­нұр­­дан апта сайын анализ алы­нып, қан үлгілері жедел түрде ұшақпен Астанаға жі­бе­ріліп отырады. Осындай жағ­дайда амалсыздан қалада тұ­­р­уға мәжбүр болған ауыл тұр­ғындары не істеу керек?!
Сымбат мемлекеттік үй ке­зегіне тұру үшін Орал қа­ла­сы әкіміне, Батыс Қазақстан об­лысы әкімінің орын­ба­сар­ларына, облыстық мә­с­лихат хатшысына, қалалық ТҮКШ басшылары, банк мекемесіне, облыстық мәде­ни­ет басқармасына, ішкі іс­тер департаментіне, көмегі тиіп қалар-ау деген мекеме атау­лы­ның табалдырығын тоздырып, бәріне кіріп шыққан. Бәрінен де еститіні – ауызын қу шөппен сүрткен жауап.
– Өзім де бір жылдай ауыл әкімі болып қызмет етіп көрдім ғой. Алдыма келген адамға «жоқ» деп айтпай, қо­лым­дағы құзырет кішкене ға­на болса да барынша көмек­те­суге тырысатынмын. Біз те­гін нәрсе сұрап отырған жоқ­пыз ғой. Ақыры қалада тұ­ра­тын болған соң несиеге бол­са да өз баспанамыз болса деп едік. Ай сайын әлдекімге пәтер­ге төлеп жатқан қар­жы­ны өз үйіміз үшін төлеп отыр­сақ, түптің-түбінде бас­па­налы боларымызға сенер едік. Қазіргі күйіміз тамыр­сыз қаңбақтай, пәтер қо­жай­ы­нының қас-қабағына қарап өтіп жатыр, – дейді Сымбат.
Бала күнімізде естіген, оқы­ған ертегілердегі ең үл­кен жомарттық, қайырым­ды­лық­тың шырқау шегі – кей­іпкердің өз етінен ет ке­сіп беруі еді. Қарны ашып қал­жы­раған досына санынан ет ке­сіп беретін адам баласына са­мұрық та риза болатын. Сөй­тіп қанатымен бір сипап өт­кенде, қансырап тұрған жа­рақат жазыла қалатын. Біздің қо­ғам өз етінен ет кесіп беріп, адам­ға өмір сыйлаған Сымбат сын­ды ақжүрек жандарға қандай көмек бере алар екен?! 
16 ақпан 2018 ж. 2 592 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 56

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930