Сәтті қонған «самолеттер»
Әуе кемелерінің жолаушылары өз өмірін сөзсіз ұшақ пилоттарының қолына сеніп тапсырады. Жүздеген адамның бір жерден келесі жаққа ақ бура бұлтты асып, аман-есен жетуі солардың шебер кәсібилігіне тікелей байланысты. Жақында Алматы қаласында орын алған ұшақ апатынан көп жолаушының аман шығуы да тосын жағдайда дұрыс шешім қабылдаған екі ұшқыштың ерлігі екені белгілі жәйт. Өз басын бәйгеге тігіп, ұшақты өрт қаупінен сақтап қалған Марат Мұратбаев Қызылорда облысының тумасы еді. Біз бүгін Марат сынды ажал аузында тұрса да басқаның келешегін ойлаған қайсар жандар туралы дерек көздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Нирджа Бханоттың есімі отыз жылдан бері әуе кемесінде жасалған асқан ерліктің көрінісі ретінде айтылып келеді. Сұлу қыз 300- ден астам адамның өмірін өз басын өлімге байлай отыра құтқарып қалған.
Нирджаның аға бортжолсерігі ретінде алғашқы рейсі Мумбайдан Нью-Йоркке бағыт алған еді. Жолай ұшақ Карачи мен Франкфурт қалаларында болу керек-ті. Таңғы сағат 5-те әуе кемесі Пәкістанның Карачи қаласына қонады. Есігі ашық тұрған ұшақты Абу Нидаль террорлық ұйымының төрт өкілі басып алып, 400-ден аса жолаушыны тұтқынға алады.
Алғыр Нирджа пилоттарға протоколға сәйкес ұшақты босатуларын өтінеді. Осылайша арамзалар ұшақты әуеге көтеру мүмкіндігінен қағылады. Ашу қысқан олар бір американдықты атып өлтіріп, пилоттардың ұшаққа қайтып оралуын талап етеді.
Кемеде капитандар болмағандықтан барлық жауапкершілікті 22 жастағы Нирджа өз мойнына алады. Террористер бүкіл жолаушының паспортын жинап беруді талап етеді. Оның себебі олар американдықтардың бәрін атуды көздеген. Екі аралықта Нирджа жолаушылардың біріне есікті қалай ашуға болатындығы туралы жазылған парақ беріп үлгереді.
17 сағат өткеннен кейін ұшақтың қуаттағышы отырып, жарық өшеді. Сасқалақтаған басқыншылар беталды оқ атып, жарылғыш заттарды ұшақ ішіне оңды-солды лақтыра бастайды. Қараңғылықта осы сәтті ұтымды пайдаланған Нирджа есіктердің бірін ашып, адамдарды сыртқа шығара бастайды. Нирджаның айтуымен екінші стюардесса екі есікті ашып тастайды. Сол сәтте пәкістандық әскер ұшаққа басып кіріп, құтқару жұмыстарын бастап кетеді. Үлкен мүмкіндік туып тұрғанның өзінде Бханот ұшақты тастап кетпей, орындық астында қалған үш бүлдіршінді сыртқа шығаруға қам жасайды. Бірақ террорист оны байқап оқ жаудырады. Балаларды өз жауырынымен қорғап қалған бойжеткен Карачи ауруханасына барар жолда жан тапсырады. Үш бүлдіршін де аман қалып, қазір біреуі әуе кемесінің капитаны болып қызмет атқарады. Осылайша ол өзі үшін бақилық болған Нирджаға өмір бойына құрмет көрсетуді ойлаған.
20 адам өлгенімен, Нирджаның қайсар мінезінің арқасында жазықсыз 300 жолаушы өмірлерін сақтап қалды.
Нирджа Бханотқа «Ашок Чакра» құрмет медалі тапсырылады. Осылайша бойжеткен бұл марапатты алған тарихтағы ең жас кавалер және тұңғыш әйел болып қалды. Өкініштісі, бұның бәрі батыр қыздың өмірін қайтара алмайды.
United Airlines әуе компаниясының 1989 жылғы 18 шілдедегі кезекті рейсін DC-10 ұшағы жасады. Бұл екі халықаралық әуежай Стэплтон мен О Хараның арасында еді. Бортта барлығы 296 жолаушы болған. Ұшақ түскі уақыт тағы 14:09 кезінде аспанға көтеріледі.
Бір сағаттан кейін артқы генератордың айналып тұрған бөлігінде ақау табылып, сынған бөліктер гидравликалық жүйенің үшеуіне де зақым келтіреді. Пилот радиомен көмек сұраған уақытта оған ешкім жауап бермейді. Өйткені гидравликалық жүйенің барлығының істен шығуы дәрменсіз жағдай болып есептеледі. Яғни оны құтқаруға ешкім тырыспайды. Ұшақтың үш пилотына Деннис Е. Фитч есімді азамат көмекке келеді. Ол осы рейске жолаушы есебінде мінген. Апатты жағдайдағы ұшақты барынша сақтап қалуға тырысқан олар басқарудың жаңа тәсілін ойластырады. Екі қапталдағы қозғалтқышқа ұшақ салмағын алма-кезек ауыстыра басып отырып, Айова штатының Су-Сити қаласына әупірімдеп жетеді. Бұл қаланың әуежайы ұшаққа бір қону жолағын босатып береді. Басқару қиындаған әуе кемесі бағыттан ауытқып, апатты жағдайға дайындалған техника тұрған жолаққа қонады. Техниканы ол жерден алып үлгерсе де, ұшақ жерге жақындағанда құлап кетеді. Осының кесірінен кейбір бөліктері өртке оранады. Нәтижесінде 100-ге жуық жолаушы өлім құшты. Әйткенмен қалған 185 адам өмірлерінің аман қалғаны үшін төрт пилоттың тапқырлығына қарыздар.
2016 жылдың 11 ақпаны 376 адам үшін өмірге қайта келген екінші туған күні ретінде есте қалды. Олар Boeing 777 ұшағына отырып, Доминикан Республикасынан Мәскеуге бағыт алады. 12 сағатқа жоспарланған ұшу уақыты тек 40 минутқа ғана созылады. Әуеге көтеріле бере жолуашылар сол жақ қозғалтқыштың жанып кеткендігін көрді. Ауада теңселген темірқұс жерге қонып, салон ішін түтін басады.
Ұшақты тәжірибелі ұшқыштар басқарып отырған болатын. Тез арада дұрыс шешім қабылдап, жерге оралады. Отынның толық багымен және бір жұмыс істейтін қозғалтқышпен апатты жағдайда қону мүмкін емес. Оның үстіне күйдіргіш түтін кабинаға еніп, ұшқыштар кемеде оттегі беретін бетперде киіп, әрекет жасайды. Жанар-жағар май таусылғанша аспанда ұзақ айналу қауіпті болды. 300 тонналық машина жануы және тірі қалу мүмкіндігінсіз ауада жарылуы әбден ықтимал. 38 жасар Константин Парикожа есімді командир 400-ге жуық адам тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына алып, лайнерді абайлап отырғызды. Жерге қонған кезде доңғалақтар жанса да, өрт сөндіру қызметкерлері дер кезінде сөндіре білді. Барлық жолаушылар үрлемелі траппен шығарылып, ұшқыштар мемлекеттік наградаға ие болды.
Біздің келтірген деректер тек әлемде орын алған апатты жағдайдағы ұшақтардың жерге сәтті қонғандарының бірқатары ғана. Апат айтып келмейді дейтін болсақ, ауа райына тікелей байланысты, тіпті қарама-қарсы ұшқан құстың өзі кері әсер ететін әуе кемелерінің бір нүктеден екіншіге жету қиынның қиыны. Осындай сын сағатта көзсіз ерлікке барып, жолаушының тағдыры үшін арпалысатын әуе батырлары қандай құрметке болсын лайық.
Дайындаған
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ