Әлемдегі ең қарт адам атанған 123 жастағы қазақ әжей қайтыс болды
Танзиля Бисембеева 1896 жылы 14 наурызда Каспийдің жағасында дүниеге келген. Ресейде тұрса да, өмірінің соңына дейін қазақ тілінде ғана сөйледі
Ресейдің Астарахань облысында тұрған этникалық қазақ Танзиля Бисембеева 123 жасында қайтыс болды
Красноярск ауданына қарасты Алча ауылы тұрғындарының біреуі де қалмай, Танзиля әжені соңғы сапарға шығарып салды.
"Ол соңғы үш ай бойы төсектен тұрмаған. 25 қазанда тыныш қана келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекенге аттанды. Оны Алча ауылының зиратына жерледі. Ол сол ауылда өмірбақи тұрды", - дейді Байбек ауылдық кеңесінің басшысы Эльман Такиев.
XIX ғасырдың соңында дүниеге келген әжей Ресейдің рекордтар кітабына енген болатын. Онда Танзиля Бисембееваның Гиннестің рекордтар кітабына кірген адамнан 3 жасқа үлкен екені жазылған.
анзиля әже Каспий теңізінің жағасында дүниеге келді. Өз өмірінде азаматтық төңкерісті де, екі дүниежүзілік соғысты да көрген. Бірінші некеден баласы жоқ. Жолдасы соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен. Содан Танзиля Бисембеева 50 жасында екінші рет тұрмысқа шықты. Ал 53 жасында алғашқы сәбиін сүйді. Бір жылдан кейін тағы бір ұлы дүниеге келген. 57 жасында үшінші ұлын дүниеге әкелді. Өмірінің соңына дейін үйдің кенжесі – Шыңтастың қолында тұрды. Артында 10 немере, 25 шөбере және 2 шөпшек қалды.