Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Анасының баласы

Анасының баласы

Бүгінгі таңда жиі кездесетін отбасындағы ана мен әке жауапкершілігін қатар көтеріп отырған нәзік жандылар тәрбиесінен қалыптасқан «анасының баласы» деген кім? Одан келер қауіп қайсы? Ұрпақты ұсақталудан сақтайтын жол, бағыт қандай? Көзқарасымыз қай арнаға тоғысқаны жөн?
Бұл туралы пікір алаңына бір топ адамды шақырдық.
Әйгерім Серік, студент:
 – Болат (аты өзгертілген) екеуіміз бір-бірімізбен бір жарым жылдай көңіл жарастырып жүрдік. Жұбымызға сүйсінген жұрт келешекте де бірге көргісі келетін. Біз де солай ойладық. Алайда үйлену туралы ортақ ойға жақында мен нүкте қойдым. Болатты кінәламаймын. Мені ұнатты, аялады, сый-сияпатын аямады. Мезі еткені – оның үйінде анасының тізгін ұстайтыны. Анадан ардақты жан болмайтынын жақсы білемін. Ешкім де анасын жек көрмейді. Тағдырбөліп, әкеден ерте ажыраған отбасылардың жайы мүлде бөлек. Ал әкесі бола тұра, анасының айтқанынан шықпайтын оның бойында ерден гөрі әйелге ұқсас қылық өте көп еді. Таңдаған, өмірімді сеніп тапсыратын адам, балаларымның әкесі болатын азаматтың тек «анасының баласы» болғанын қаламас едім. Сондықтан осы шешімді дұрыс деп таптым.
Ырыскелді Маханқызы,
көп балалы ана:
 – Әкеміз қой соңында өмірін өткізген қарапайым шопан болды. Күні-түні              тыста жүреді. Кейде мал соңына ерте кетіп, кеш келетін кезде тіпті оның дидарын көрмейтінбіз. Бәріміз «көке» деп атайтын сол кісінің он бір перзентінің бірін еміреніп, еркелеткені не жекіп ұрысқан кезі есімде жоқ. Бірақ біз үшін үлкен айбын, ерекше айбат, мұқалмас шыңдай көрінетін. Анамыздың: «Әкең өлтіреді», «Сендердің жаман аттарың елге шықса, әкең қан жұтып өледі» деген екі ауыз сөзі біздің жамандықтан тыйылып, жақсылыққа үйір болуымызға жеткілікті болды.
Сіз айтып отырған «анасының баласы» дегенді қазір естіп жүрміз. Келіндер күйеуіне балаларының көзінше ұрысады, күйеулері де солай. Сосын шаңырақ «шайқалады». Содан анасының балдары қалыптасады. Әкесі бола тұра одан, «үйірінен», қанынан бездіру – өмір заңына қайшылық. Бұған бейжай қарамауымыз керек.
Шарафадин Алтынбайұлы,
педагогика саласының ардагері:
 – Адам табиғаты, қалыптасуындағы психологиялық дамуын бір арнадан басқа арнаға бұруға болмайды. Егер ана – аналық, әке – әкелік, ұстаз – ұстаздық міндетін өз мәнінде орындамаса, қауіпке ұрынатынымыз сөзсіз.
Қазір ана рөлінің жоғары, әке рөлінің төмендеуі қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Ананың мектебін, әкенің «тәк-тәгін» көрмеген бала, Абай айтқандай, толық, кемел адам бола алмайды.
Әйел адам өз ойын мейлінше жүзеге асыруға бейім келеді. Мәселен, басқалар алдында жағдайын жайып салып, нәзіктігімен оның тез шешім табуына ықпал ете алады. Ерлер жағы өз мәселесін өзі шешуге бейім болғандықтан, басқаға шағымдану, жағдай айтудан арланады. Осындайда қыз-келіншектердің жолы болып жүргенін көптеп кездестіреміз. Билік тізгінін ұстаған әйел отбасына да ықпалын жүргізе алады. Сондықтан ананың айтқанын «алғыс» көріп өсіп келе жатқан балалар пайда болады.
Теледидардан түрлі тақырыпты көтерген бағдарламаларды тұрақты көріп тұрамын. Сонда ортаға салынған жайт кейде дұрыс шешімін таппай жатады. Ондайда әке тәрбиесіне сусыны қанбаған балалар әсері тиіп жататынын аңғару қиынға соқпайды.
Екінші мәселе, баланы өз жұртынан гөрі нағашысына бейімдейтін ана ықпалы. Қазір жеті атаны білудің қажеттілігі туындап тұрған уақыт. Оны балаға негіздеуіміз керек. Өз жақынын танып-білмеген ер есейгенде арланады, ұятқа қалады. Осындайдан да шаңырақтар шайқалып жатыр. Тарихта Кішкене бабамызды Қоңыр ана түпкі жұртына алып келуі туралы үлкен ерлікке лайық оқиға бар. Кейін туған жұртының арасында Кішкененің қандай абыройлы азаматқа айналғанын көзіқарақты жанның көбі біледі. Абзал ананың тәлімін бүгінгі келіндер үлгі етсе деймін.
Үшінші мәселе, «анасының баласының» туындауын мамандар мектепте ер мұғалімнің азаяюымен байланыстарды. Қазір мектептегі әйел не ер мұғалімдердің бұл тәрбиеге ықпалында «балалар құқығын» қорғаудағы ер мұғалімнің де, әйел мұғалімнің де беделі бірдей. Егер олардың қай-қайсысы оқушыға ұрысатын болса, балалардың ата-анасы баламның құқығын бұзды деп дау шығарады. Мұндай асыра сілтеушілік барлық мұғалімдерді «именшек» етіп, бір ауыз «артық сөз» айтудан зәрелері ұшып, «анасының баласының» «беделі» асқақтаған заман туды. Бұл мұғалім мәртебесінің жоқтығы, оның шын мәнінде жүзеге аспағанының да кедергісі деп білемін.
Отбасы тәрбиесімен ұзақ уақыт айналысқан маман ретінде айтарым, дәстүрлер тәрбиесін заңдастыруға шұғыл назар аудармасақ сор үстіне сор жамала түседі.
Гүлхан Серім, кәсіпкер:
 – Қоғамды, адамдарды кінәлау дұрыс емес. Әр әулетте тентек те, тез де болады. Түзету, оған атсалысу – ортақ іс. Сіздің сұрағыңыз көптен ойымда жүрген бір жайтты есіме түсірді.
Көрші келіншектің төрт ұлы бар. Алла қыз бермеген соң, балаларын үйдің де, сырттың да жұмысына қатар дағдыландырды. Оған бәріміз сүйсінетінбіз. Өкінішке орай, өсе келе сол үйдің үш келінінің базынасын тыңдап, ұлымды үй жұмысына икемдемегеніме қуандым. Айтуларынша, жолдастары ұсақ-түйектен           бастап барлық шаруаға араласады. Отбасына кіретін табысты да өздері ұстайды, тіпті азық-түлік алу үшін де бірге баратын көрінеді. Әрбір істеріне «ол бұлай болмауы керек» деген сын-ескертпесін жасауды ұмытпайды. Бұл санаға салмақ салады ғой. Келіншектердің барлығы өсіп-өнген жерден шыққан. Үй шаруасына бейіміділігі бар. Қонақ келгенде шақырып, көмектескенінде байқайсың. Бірақ қабақтары бір ашылмайды. Сондықтан қызға үйдің, ұлға шаруашылықтың жұмысын жүктеген дұрыс деген ойға келдім. «Анасының баласы» болудың бір себебі осындай әрекеттен шығатын шығар.
Айбек Жарасқанұлы:
 – Балаларға заманауи талаптарды дарытамыз деп ұлттық болмысымыздан ажырап бара жатқанымыз жасырын емес. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын енгізуі де осындайдан туындап отыр деп ойлаймын. Бүгін қаузалып отырған жай туралы бір ауыз тоқтам, толғам айту мүмкін емес. Тіршілігімізде осындай жандардың күн санап артуының бір сыры материалдық жағдайда жатыр. Қазір табыс таппағанына, үйде отырғанына ұялмайтын ерлер, өкінішке орай, көбеюде. Үйге қаржы кіргізумен айналысатын әйелдің күші, әрине, ерінен жоғары тұрады. Ол тіршілікті ғана емес, бірте-бірте отбасындағы барлық тізгінді өз қолына алады. Бұл жерде ешбір азамат тізгінді босатпай, өз «отанына» өзі ие болып, нағыз қожайынның кім екенін ісімен де, мысымен де ұқтырғаны дұрыс.
Үйде кімнің күші басым болса, бала соны тыңдайды. Олар келешекте әке амалын қайталамауына немесе әкесін мүлде сыйламауына кім кепіл? Ал дәстүрлі ұстанымызда қандай еді?.. Тамырынан, өткенінен ажырап қалған бұтақтан саялы дарақ күту қисынсыз нәрсе.
Жәния Жоямергенқызы, психолог:
 – Бұл пікірге екі жақты қарау керек. Оған отбасындағы әйелдің де, ердің де әсері болады. Қазақ ұғымында «Әр жыныс өз жынысын сақтауымен бағалы» дегендей әке – патша, ана соны ұлықтаушы. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақыл әкенің қадір-қасиетін ұғындырады. Отбасындағы басты мүше –өзінің рационалдылығымен баланың өміріндегі ең маңызды таңдауларға жол сілтеуші. Әдетте өскін еркек образының жиынтығын көшеден, көршіден, теледидардан емес, әкесінен көргені жөн. Оны жүзеге асырушы – ана.
Осыдан жиырма жыл бұрын жылаған ер баланы кезіктірмейтінбіз, ал қазіргі өсіп келе жатқан буын әлсіздік танытып, боркемік болып, көз жасын көл қылудан, болмашы амалдан өзін-өзі жоғалтып алуға бейім. Бұған әкелердің бала тәрбиесіне араласпауы, аналардың шамадан тыс жүктемені өзіне артуы кесірін тигізіп отыр. Ерлердің бір тобының жауапкершілігін табыс кіргізуші беделді әйелдер өзіне алып алса, бір тобы табыс табады, алайда күні бойы уақытын жұмысқа, одан босағанда теледидар көру, тынығуға арнайды. Ешқандай озық елдің педагогикасында баланы сөзбен тәрбиелеу ұғымы жоқ. Темекі тартып, құмар ойындарын ойнап, телефоннан айтуға болатын да, болмайтын да сөздерді бала көзінше айтқан әке, күйеуінің намысын аяқ асты етуден қымсынбайтын әйелдің сөзін тыңдап, бала ақылды болмайды. Әдетте тәрбие іспен, амалмен бала бойына дариды. Сіз қандай ата-ана болсаңыз, бала сіздің – айнаңыз. Осындай себептер мен салдар әсерінен қалыптасатын «анасының баласы» өз еркімен шешім қабылдай алмайды. Ол үнемі анасының пікірі, әміріне тәуелді болады. Мұндай балалардың ұзақ уақыт бойдақ болып жүретін жағдайы жиі кездеседі. Отбасын құрған кездің өзінде ондағы барлық проблеманы  анасы шешетіндіктен, өз ұстанымы жоқ жігітпен келіншектер де көбіне жарастық таба алмайды. Анасының бір сөзі үшін жарын, отбасын, достарын     тастап кететін жайт та оларға тән.
Енді бірнеше жылда үй болуға, өмірге ұрпақ әкелуге асықпайтын, тіпті ниет етпейтін буын қалыптаса ма қауіптенемін. Сондықтан кішкентайлардың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ескерсек, бала тәрбиесін бір сәт босаңсытпауды әрбіріміз естен шығармағанымыз дұрыс.
Дайындаған Айкөркем СҰЛТАН
22 қазан 2019 ж. 779 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930