Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбие түбі – тал бесік

Тәрбие түбі – тал бесік

Адам жаратылысы қателіксіз өмір сүруге қауқарсыз болғандықтан тіршілікте сан түрлі жағдайлар жолығуы мүмкін. Соның салдарынан қазір шаңырағы шайқалған отбасылардың саны көп. Әсіресе ерте жастан ата-ананың бірінен немесе екеуінен де айырылу бала психологиясына айтарлықтай теріс әсер ететіні белгілі. Бұдан бөлек отбасылы жандардың бала-шағасы бола тұра айтар әңгімелері таусылып, ажырасып кетуі кішкентайдың болашағын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Психология ғылымы бұл туралы не дейді?

Отбасындағы ұрыс-керіс бала үшін бірінші ауыр соққы саналады. Оның себебі әкенің маскүнемдігі, жұмыссыздығы, анасына қол көтеруі, басқа да теріс әрекеттерге салынуынан болып жатады. Соның салдарынан қазіргі таңда “толық емес отбасы”, “ажырасқан” деген сөздердің айтылуы қалыпты жағдайға айналды. Бала үшін өзі тұратын үй мейірімділік пен махаббатқа толы, өзіне қамқорлық көрсетіп, жетістіктеріне айрықша қуанатын орта саналады. Сондықтан ата-ананың бөлектенуі олардың өздеріне де балаға да оңай тимесі анық. Алайда бұл жағдайда бүлдіршін қалыптасушы тұлға ретінде қаралып, келеңсіз жағдайға үлкендер кінәлі болады. Ата-ана бір-біріне деген ашуын балаға ұрысу, балағаттау арқылы шығарады. Бала үшін ана – жарық күн болса, әке – асқар тау. Жанына жақын екі адамның бір-біріне деген ренішін көрген бала, екі оттың ортасында өзін кінәлі санайды. Қолынан ештеңе келмейтіндей сезініп, ойын ашық жеткізуге жүрексініп, жасық болып өседі.
Ажырасқан отбасындағы балалар толық отбасындағы кішкентайға қарағанда өзін кем санай бастайды. Мұндайда баланы ақыл-оймен, төзімділікпен, психологиялық тәрбиемен демеу қажет. Оның бойында парасат пен имандылықты қалыптастыру – бірінші мәселе. Бұл қасиеттерді бойына сіңірген баланың мінезі тұрақты, айналаға жағымды көзқараспен қарай алады.
Шаңырақтың шайқалуы үйдегі қыз балаларға көбірек кері әсерін тигізеді. Анасының ер адамдар туралы ойы оның бойына өтіп, біржақты пікір қалыптасуы мүмкін. Соңында әйел мен ер адамның қарым-қатынасы туралы бұрмаланған түсінік пайда болған ару оның зардабын ұзақ жылдар бойы тартуы мүмкін. Бұл бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тербететін келешек ананың тағдырына балта шабады.
Ажырасқан отбасындағы баланың жан дүниесі жарақаттанатынын айттық. Үлкендер жағы өздерінің қателіктерін мойындаумен қоса, баланы тыныш қалпында қалдырғаннан артық шара жоқ. Ендігі жерде әке де, шеше де баламен достасуды ойлау керек. Осының бәрін табиғи қалыпта дамытуды ескерген жөн. Бөлек тұрса да әкесімен немесе анасымен жиі кездесуге жағдай жасап, кінәлі тараптың қателегі туралы айтпаған дұрыс. Қысқасы қандай жағдай болмасын ортадағы бала ата-ана мейірімін толығымен сезінуі шарт. Бұл толыққанды отбасындағыдай болмағанымен бала психологиясының айтарлықтай зақымдануынан сақтайды.
Қазіргі таңда түрлі әлеуметтік мәселелер отбасыға айтарлықтай әсер ететіндіктен біреуге “ажырасудан сақтан” деп жөн сілтеу әбестік болар. Алайда әр адам өз бақыты үшін өмір сүреді деген ұстанымның бала келешегін бұзатындығын ұмытпаған мақұл. Балалығында толыққанды қамқорлық пен мейірімге қанықпаған өскін жаман әдеттерге бейім болатынын білген абзал. Ал егер ат құйрығын кесіскеннен басқа амал қалмаған жағдайда “бала ғой, не ұқсын?!” деген түсініктен аулақ болыңыз. Керісінше, мән-жайды толығымен түсіндіріп, қалауына құлақ асыңыз. Осы тұста ата-ананың бірін таңдау туралы талап балаға тіптен ауыр тиетіні бар. Барлығы бір қалыпқа түскеннен кейін баладан жырақтауына тура келген адамның оны қатты жақсы көретіндігін, бірақ белгілі себептермен қасында бола алмайтынын түсіндірген дұрыс.
Сөз соңында отбасылы өмірге аяқ басқан азаматтар Алла елшісінің: “Рұқсат етілген істердің Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу” деген хадисін ойға оралтқандары жөн. Себебі қазіргі таңда ажырасу көптеген келеңсіз жағдайлардың бастауына айналып отыр.

Гүлзира Құлтанова,
№266 лицейдің педагог-психологы
17 қыркүйек 2019 ж. 1 434 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930