Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұлпарлар танытқан тағылым

Тұлпарлар танытқан тағылым

Пәле-жаладан аман бол!

Қазалының орталығы – Әйтеке би кентіндегі той-томалаққа жиі шақыры­ламыз. Сондай бір шарадан оралып келе жатқанбыз. Қуанышбай Ердіхалықов інім бір жөткірініп алып:
– Жол қысқарсын, жылқы жарықтық жайлы екі әңгіме айтайын, – деді.
– Е-е, айтыңыз! – деп машинадағылар құлақ тостық.
Жиырмасыншы ғасырдың бастапқы жылдары екен. Күз айында қырды жайлаған Андабай байға ас берілетіні көп жерге тарап кеткен-ді. Аламан бәйгеге бір үйір жылқы тігілгені де сәйгүлік баптағандарды елең еткізді. Әсіресе Ақбақай сияқты шаң жұқпас жүйрік иесі, елгезек Сайын мырзаның қуанышы қойнына сыймады. Ол әркез бас бәйгені алатынына сенімді еді. Осындай көңіл-күйдегі ол Сырды жайлаған досы Досжанға алдын ала хабар салды.
Ол сайын қатарлы, қырықтан асқан байсалды жігіт ағасы болатын. Қой сойылды. Қонақтар шақырылды. Бата сұрағанда Дос­жан:
– Пәле-жаладан аман бол! – деп бетін сипады.
– Ау-у, тым қысқа қайырдың ғой, – деді Сайын батаға кеулі толмай.
Досжан көп алдында ыңғайсызданып қалды. Кешқұрым сыртқа шығып, әрлі-берлі кезіп жүрді де қойды. Осы тұста Ақбақайды жаратып жүрген атсейіс Тынышбек те ашық қораға кіріп еді, біраз аялдады да өз жөніне кетті.
Досжан құйрық-жалы сүзілген Ақбақайдың тұлғасына таңырқай қарап: «Пай-й, жылқы болғаныңа!» – деді.
Ақбақай керіліп-созылып, есінеді... Аузын ашқанда тілінің астында оймақтай қалы бары көрінді.
– Әп, бәрекелді! – деді Досжан бір сырды ішіне бүгіп.
Ақбақай бәйге жарысында қарақшыға алдымен келді. Бір үйір жылқы Сайынға тиісті болды. Бәйгені табыс етер кезде дау шықты. Осы ауылдың биі Әбибұлдың алдына Досжан келіп тізе бүккен-ді.
– Сөйле жігітім, –деді Әбибұл би қабақ шытып.
–Сөйлесем, мына Ақбақай да, бүгінгі бәйгесі де менікі, – деді Досжан санқ етіп.
– Қалайша? – деп жұрт өре түрегелді.
– Тоқтаңдар, айтсын мәнісін, – деп би қолын көтерді.
– Жаз айларында мен де қырды жайлаушы едім. Сырға көшерде осы Ақбақайды тай кезінде жоғалтқанмын, – деп сыр ақтарды, – Ақбақай мұнан бұрын да жүлде алған. Әйтседе оны дауламаймын. Ал осы жолғысының бәрін аламын.
– Қалай дәлелдейсің? Қандай айрықша белгісі бар, – деді Әбибұл би тіктеліп.
– Айрықша белгісі де бар, бірақ әуелі Сайын айтсын, – деді Досжан досына қарап.
– Ақбақайымның басқа ешқандай айрықша белгісі жоқ, бұл құрдасым маған жоқтан пәле салып отыр, – деді Сайын ашуға булығып.
– Айрықша белгісі бар, – деді Досжан орнынан ұшып тұрып. – Тілінің астында оймақтай қалы болатын, ол жоқ болса, айыбымды тартуға даярмын.
– Ақбақайды келтіріңдер, – деді би қаһарланып. Атсейістер жабылып Ақбақайдың аузын ашқанда тілінің астын­дағы оймақтай қал ап-анық көрініп тұрды.
– Ақбақай да, оның бәйгесі де мына дау­лаушы азаматтікі. Осымен дау бітті, тараң­дар! – деді би орнынан көтеріліп, шешім айта сөйлеп...
Сайынның үйі бәйгеге ат қосатын орыннан күншілік жерде еді. Той тарасымен көңіл-күйі болмай, «Досымның мұнысы несі?» деп ренжіп үйіне кетіп қалған-ды. Түн ортасы ауа біреулер хабарласып:
– Қонақтар келіп тұр, сыртқа шығыңыз! – деді.
Сыртқа шықса, көз алдында Досжан досы тұр. Екі жігітке үйірдегі жиырма бие мен кекілді айғырды қоса айдатып әкелген. Ақбақайды өзі жетегіне алған.
– Ал досым, – депті Досжан күліп. – Қабылда мына бәйгеңді де, Ақбақай атыңды да. Пәле қайда деме, ол бөрік астында екенін енді түсінген боларсың, – деп Досжан досы Сырдағы еліне тартып кетіпті.
– Ал-л, екіншісіне көш, – дедік жабыла шулап.

Жылқы сүрінсе...

Қазақ қашаннан да барымтасыз отыр­маған. Тіпті соған маманданған сайдауылдай жігіттер де болған. Шәден, Мәден және Шоқыш үшеуі де кәнігі мойынсерік ұрылар еді. Бұлар ауыл арасынан емес, айшылық жердегі ірі байларға көз тігетін-ді. Алдын ала шолғыншы жіберіп, реті келсе жылқы күзетіндегілермен тіл табысып барып аттанатын.
Бұл жолғы бағыттары – Орта жүздің қосын-қосын жылқы мен бірнеше соқыр түйе түлігін ұстаған Елдос байдың елі-тұғын. Бір қосында мыңға тарта жылқы болса, әр жүз түйенің бірінің оң көзін ағызып жіберетін қазақы дәстүр қалыптасқан. Демек әр соқыр түйенің ізінде ойсылқараның жүзі жүр деп есептеген. Расында да солай болған. Міне, ұрылар осындай мыңғырған малды ауылға жорық жасаған-ды.
Екі ме, әлде үш апта өткенде ме, Шоқыштың астындағы Кертөбел ілгешекке аяғын тығып, сүрініп құлай жаздап, тіктеліп кетіп еді. Аяғын ауырсынып, жүрісін баяулатқан Кертөбелге иесі ашуланып қамшы соқты. Десе де Шоқыш ойланып тұрды да:
– Жылқының сүрінгені жақсы ырым емес, кейін оралсақ қайтеді? Бұл жануарда жүз қасиет бар деуші еді қариялар, – деп жолдастарына қарады.
Бұл ұсынысқа Шәден мен Мәден қарқылдап кеп күлді.
– Жылқы сүрінді деп іргесіне келіп қалғанда кейін қайтпақбыз ба? Оның бола қоймас, – деген екеуі алға шоқыта жөнелді.
Айтқандай-ақ жолдары болмады. Елдос байдың жылқышылары сергек, әрі “Келсең келдің!” өзі екен. Шәден мен Мәден қашып құтылды да, Шоқыш ұсталып қалды. Елдос бай оның аяғына кісен салдырды да, бас жылқышы Бөкешке:
– Қазан асып, от жағуға пайдаланыңдар, өлсе құны жоқ, – деп әмір етті.
Ол осылайша қазан асып, от жағып айдаладағы қапаста жылжарымдай уақыт жүрді. Кертөбелді Бөкеш иеленді. Бірде өзінің Көкжалын атын мінсе, бірде жайлы жүрісті Кертөбелдің үстінде шайқалды.
Елдос бай жетпіске толғасын бар билікті балдарына беріп, бұрыннан да арабша оқу-тоқуы бар тақуа кісі сопылық жолға түсіп, кітап ашатын да өнері бар екен. Сол кітаптан: “Кімде-кім, бір жағы ақ, бір жағы қара балықты аспай, қуырмай және жалындатпай пісіріп жесе – жеті жұрттың тілін біледі” деген жазуды оқиды. Оқиды да: “Осылай еткен адамға сұрағанын беремін,” – деп еліне жар салады. Бұл хабар құрттап-биттеп, қышыма-қотырға айналған Шоқышқа да жетеді.
– Мен пісіремін, тек басыма бостандық берсін, – дейді Шоқыштың үміт оты ұшқындап.
Бай келіседі. Шоқыш құшақ-құшақ сексеуілді әкеліп өртейді. Біраз болып үйілген шоғын алып тастап, қара жердің ыстығына әлгі балықты ыстап, сап-сары ғып пісіреді. Бай оның шеберлігіне разы болып, “қайда барсаң, онда бар, енді сен азатсың” дейді.
Дегенмен ол жылқышылар қосынан лезде кете алмайды. Айшылық шалғайдағы еліне жету үшін жарамды көлік қажет. Осылайша ол тағы да бірнеше ай малайлықтың бейнетін тартады.
Бірде өзінің Кертөбелі мен Бөкештің Көкжалын аты сөйлесіп тұрғандай сезінді. Шоқыштың аты:
– Осы жаққа беттегенде алдымызды шайтан кесіп өтті. Содан әдейі сүрініп, жолымыздың болмайтынын иеме ескертіп едім, ол түсінбеді, қайта өзіме қамшы бас­ты. Иеме өкпелеп, қашып құтылардай қауқарым болса да кейіндей бердім. Енді елді сағындым. Иеме деген өкпем де тарады. Ер-тоқым салып мінер болса, бір жетінің аумағында ауылдың төбесінен түсірер едім, – дейтін сияқты.
Мұны аңғарған Шоқыш Кертөбелдің мойнынан құшақтап егіл-тегіл жылайды. Жылқышылар түнгі күзетке кеткенде бұл да Кертөбелге ер-тоқым салып “Шу-у жандарым” деп айдау жолға түсіп құйындатады.
***
Әне, жылқы деген кереметіңіз осы. “Дарвин маймылдан туса – туған шығар, біздің тегіміз жылқы ғой,” – деген халқымыздың белгілі қаламгері Асқар Сүлейменовтің даналық сөзі шындыққа жанасатын сияқты.

Шахир ЖҰППАМБЕТ
25 шілде 2019 ж. 982 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930