"Қатын" десе, қуаныңыз
Бірде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев көшеде такси ұстап тұрса, қасына бір такси тоқтаған екен. Сонда Мұқағали:
– Шопыр бала, Шопыр бала! Машинаңда орын барма отырғанға? – десе, рульде отырған (сол кездегі ең алғашқы таксист əйел екен) әйел:
– Мен саған бала емеспін, – депті.
Сонда Мұқағали тағы да:
– Шопыр қыз, Шопыр қыз! Онда мені машинаңа отырғыз, – депті.
Əйел тағы да:
– Мен саған қыз емеспін, – депті.
Мұқағали əйелдің бетіне қарап:
– Шопыр қатын, Шопыр қатын! Машинеңде орын барма отыратын?! – депті.
Ашуға булыққан əйел: – Немене, келіншек десең тіліңе жара шығама, қатын деп қақылдамай? – десе, Мұқағали:
– Əй қалқам, “қатын” деген сөздің түп төркінін түсінбеген жан екенсің.
“Қатын” деген қасиетті бес əріптен құралған:
Қ – дегенім – қадірлім,
А – дегенім – ардақтым,
Т – дегенім – тынысым,
Ы – дегенім – ырысым,
Н – дегенім – намысым! – деген екен.
Сонда əйел, “Отырыңыз аға! Ендігі жерде қатын болып жүрейін!” – деген екен…
«Қатын» сөзіне құлақтарыңызды үйрететін кез келді, қатындар. Сізді солай атап, назарыңызды аударып жатса, дөрекіліктің немесе басынғандықтың белгісі деп түсінбегейсіз. Керісінше, қуаныңыз. Себебі, қазақта күйеуге шыққан қыздарды «қатын» дейді. Ол “құтым” деген сөзден шыққан. Бертін келе, дыбыстар ассимляцияланып, “құтым” сөзі “қатынға” айналған. Бұған қоса, “қатын” сөзі араб тілінде хатун “таң нұры” деген мағынаны білдіреді екен. Түркі заманындағы сына жазуларда да “қатын” сөзі кездеседі. Қазіргі тілімізбен айтқанда, «қатын» сөзі «ханым» деген мағынаны берген. Этнограф Ахмет Тоқтабай: «Көктүрік қағанаты қазақ мемлекетінің алғашқы іргетасы болды. «Күшті», «айбынды», «ержүрек» ұғымдарын білдіретін көктүріктердің мемлекет басшысы – қаған, қағанның жәрдемшісі, елдің ұйытқысы – қатын аталды. «Қатын» сөзі ол заманда анағұрлым кең мағынада – «Ел анасы» дегенді білдірген», – дейді. Орхон-Енисей түркі ескерткішінде «анам – қатын» деген әспеттеу, мадақтау түріндегі жазылған жолдар жолығады. Сондай-ақ, Ұлы даладағы империяларда құрылтайдың шешімімен ел тұтқасын ұстаған императрицаларға «қатын» дәрежесі берілген екен. Мысалы, Теркен қатын, Өгіл-қаймыш қатын, Сорқақ қатын, Шәби қатын, Мандухай қатын, Тайдулла қатын, т.б. Тағы бір деректерге сүйенсек, түркілер ерте көктемде гүлдейтін бәйшешек гүлінің хош иісін “хотун” дейді екен. Қатындарын сол иіске теңесе керек. Тіпті, жәннәтта «қатын» дейтін гүл өседі-міс.
Ал қазір кейбір әйелдерге «қатын» десеңіз, басыңыз пәлеге қалады. Сізге бажырая қарап, көзбен атқаны былай тұрсын, сөзбен сыбап салуы да мүмкін. Неге “қатын” сөзінен қашып, парсы тілінен «сайқал», «жезөкше» деген мағына беретін «әйел» сөзін әспеттеп кеттік. Ары қарай сөзімізді ғалым Тұрсын Жұртбайдың пайымымен жалғаймыз.
«Осы арада мынаны ескерте кетемін: қатын – қазіргі қазақ тілінде архаизмге айналған ұғым, ол әуелгі заңдық құқы мен мағынасы бойынша – дәрежелік атау. Отағасынан кейінгі заңды билік иесі, жерге мұрагерлік ететін, мүлік пен малдың еншілесі, сыбаға басы. Қазақ қоғамындағы қатындар – иерархиялық (әулеттік) орнына қарай: бәйбіше, тоқал, құдағи, құдаша, келін, қыз, абысын-ажын, жеңге сондай-ақ өзі теңдес еркектермен тең құқықта – нағашы, жиен, бөле ретінде әрқайсысы өз орнына қарай билікке араласып, енші алып, тиісті сыбағасын бөліскен. Тіпті күңнің де мұрагерлік құқы болған. Ал бүгінгі әдеби тіл айналымындағы әйел ұғымының араб тіліндегі мағынасы – күңсі, яғни күңнен де төмен, бас еркі жоқ, өлсе – құнсыз, еңбегіне жалақы төленбейтін, туған баласы да есепке алынбайтын басыбайлы үй салмасы. Кеңестік теңгерме саясат тұсында сауаты төмен ортадан төмен, тәрбие мен әдеп сіңбеген белсенді қазақ әйелдері: «біз меншік иесі – қатын емеспіз, мал-мүліксізбіз, басыбайлы крестьянкалар сияқты біз де әйелдерміз» деп таптық астар беріп, 1927 жылдан бастап шыққан журналдың атын «Әйел теңдігі» (кейінгі «Қазақстан әйелдері») деп атады. Содан бастап «әйел» ұғымы жазба әдеби тілдік термин ретінде қалыптасып қалды. Ал өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, ноғай, қарақалпақтар «әйел» терминінен саналы түрде бас тартты», – дейді Т.Жұртбай.
Расында солай, бізде «Қазақстан әйелдері», Әзербайжанда «Әзербайжан хатыны», Өзбекстанда «Өзбекстан қотын-қызлары», Татарстанда «Татарстан хатынлары». Кеңестік жымысқы саясат салдарынан «қатын» сөзінің салмағы төмендеді. Қазақтың қисса-дастандары мен батырлар жырларында айтылатын «қатын» сөздерін Кеңес одағы орнағаннан кейін «әйел» деген сөзге алмастырылып отырды. Солақай саясатқа ысырып салып, қанша ақталсақ та бұл сөзді ешкім сырттан келіп санамызға сіңдіріп бермейді.
Сондықтан, ағайын, «қатын» сөзінің қадірін арттырып, «әйелді» ардақтауды біртіндеп азайта берейік. Сенбесеңіз, әйел сөзінің түп-төркінін іздеп көріңіз, қай-қайсысы да жақсы емес. Біздікі «қатын» сөзімен қатар қатындарымызға аяулы да арлы аналарымыздың асыл мінезі оралса, баршасы бағымыз, ырысымыз, құтымыз болып жүрсе екен деген ырыммен айтылған базына еді.
Ибраш ӘЛИ