Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Текті мекен – Бекбауыл

Текті мекен – Бекбауыл

Қазалының Арал ауданымен ұштасар тұсында Бекбауыл деген шағын теміржол станциясы бар. Бекбауыл аталуы жөнінде 3 қараша, 1902 жылғы «Туркестанская ведомость» газетінің №88 санында: «По распоряжению Минис­тра пути сообщения, названия станции северной час­ти Оренбургь-Ташкентской железной дороги изменяются следующим образом: Версты 89540, Прежние названия VІІІ уч. Новые наз­вания Бикь-Баули» деп жазылған екен.

Түтіні түзу ұшқан осы ауыл сол кезден бастап нәпақасын теміржолдан тапты. Айдын көліндегі тайдай тулаған балығы, шаңқылдаған шағаласы, сұңқылдаған үйрек, қазын айтсаңшы! Көк майса пішені, жантағы мен жусаны малға таптырмас азық еді.
Тағдырдың талқысы темір жолдың мына жағынан соққан толқыны екінші жағына шығатын шалқар көлді біресе тарылтып, біресе тасытып, ақыр соңында орнын ақ тақырға айналдырып өте шықты.
Тұрғындары да бірде сиреп, бірде толысып отырды. Сонда да өр көңілді, ер тұлғалы, жаны жайсаң, айтса сөздің шырайын келтіретін, жазса жарасымды жазбаларын көрген жан жарыса оқитын жандардың ұрпақтары осы киелі жерді өзінің Меккесіндей мекендеп келеді.
Сол өңірге барған сайын балалық бал дәурен, маңдайдан сипаған жандар мен туған жердегі сол бір ұмытылмас шақтар еріксіз ойға оралады.
* * *
Иә, сол кездегі адамдардың пейілі не деген кең. Іргелес отырған үйлер туыс болмаса да біреуінің үйіне бір торта келсе сорпа жасап, бірін-бірі шақырып жататын. Өйткені Бекбауылдың көлі ауылдың арылмас ырзық несібесі болатын. Балық аулайтын адамдар ауларына түскен балықты қанша болса да қатар отырған көршілерге бөліп беретін. Бір сиырдан шыққан сүтті шайға құю үшін бөлісетін. Сату деген ойларына кірмейтін. Бір күні Күнзипа апаның үйі балық асып, көршілерді шақырды. Бізге, балаларға отқа қақтаған шортанның бауыры қатты ұнады. Жетімсіздеу болды ма Шәмшадин екеуміз таласып қалдық. Біздің шатасып қалғанымызды көрген Төлеген аға:
– Ау, қойыңдар. Сендер көршісіңдер. Туысқансыңдар. Көршілердің төбелескендері ұят. Шортанның бауыры керек болса ертең жылы киініп, «Қызыл көпірдің» жанына келіңдер, – деді.
Ертеңіне байпағымызға қайқы бас конькиімізді байлап, қолдан жасалған шанамызды жетектеп, дорбамызды алып, мұз астынан балық аулап жатқан Төлеген ағаға бардық. Ол кісі аудан шыққан үлкен-үлкен шортандарды сағалдырығынан қысып, аузын ашқан кезде қармақты салып жіберіп, дереу суырып алса, шортанның бүкіл өкпе-бауыры шыға келеді екен. Мұз үстінде аз уақыт жатса қатып қалады. Біз ізінде жүріп, дорбамызға сала береміз. Сол олжалы азықты үш-төрт күн сүйсініп жедік. Аналарымыз бауырын отқа қақтап, уылдырығын табаға салып оттың қоламтасына пісіріп берген болатын. Дәмі ержеткен кезде де ауыздан кетпей жүрді.

* * *
Көктем шыға Бекбауылдағы балықшы, құс атушылар Төлеген ағаның үйіне жиналады. Бізде төмендеу жерде мойнымыз қылқиып отырамыз. Бір сөзін ұқсақ, бірін ұқпаймыз. Сонда да үнсіз тыңдаймыз. Көбінесе Төлеген аға сөйлеп отырады.
– Уылдырық шашатын уақытта балық ауламаймыз. Біріншіден, бұл мезгілдегі балық етінің дәмі болмайды. Тіпті ауру тарауы да мүмкін. Екіншіден, шашылған уылдырық ертеңгі несібеміз.
Ал құс келгенде ана көлдегі (ауылды айнала көл болатын, қайсысын атағаны есімде жоқ, сондықтан нақты айта алмай отырмын) құстарға тимейміз олар осында қалады. Балапан шығаратын уақытта да қорғайық. Ал келесі көлдегі құстардан үлесімізді алып қалуымыз керек. Олар біраз аялдайды да ілгері ұшып кетеді.
Сол кездерде үлкен адамдардың біреуі айтып, қалғандары бас шұлғып тыңдағаны біз үшін қызық болғанымен әңгіме мәнін кейін ұғып жатырмыз ғой. Сондағы балығымыздың тайдай тулағаны, құстардың көл бетін бермей сұңқылдай ұшып, саңқылдай қонуы табиғатты өз байлығымыз деп ұққан қайран ағалардың санасына сіңген экологиялық тәрбие арқасы екен-ау. Әйтпесе, барлығы да балық ауласа, аулары құр қайтпайтын, құс атса оғы мүлт кетпейтін азаматтар еді.
Кейде Аралдан, Қазалыдан қонақтар келгенде Төлеген ағаның:
– Бұл жолы сіздерге бүгін жайыннан қарма жасатып беремін, семіз сазанның сорпасын келесіде ішесіздер, қазір сазанның қоңы болмай тұр, – дегенін еститінмін.
Кейін қонақтардың:
– Семіз жайынның қармасына тойдық. Шындығында сазан арық екен, қуырып берді. Судағы балық Төлегеннің қорадағы малы сияқты екен, – деп таңданып отырғанын бала болсам да тыңдап өстім. Амал не, Төлеген аға өмірден ерте өтіп кетті.


* * *
Біздің бала кезімізде Бекбауылдан шыққан Ыбырай Әлжанов, Серік Сейтмағамбетов, Молдахмет Қаназовтардың сол кездегі газеттерде жарияланған мақалаларын, өлеңдерін оқып өзімше бірдеңелерді шатпақтап, қай жаққа, қалай жіберетінімді білмей, біреуден сұрауға ұялып жүрген кезім болатын.
Мектепке ерте қамданатын әдетім. Бір күні ертеңгілік партаның кітап қоятын жеріне сөмкемді қойып жатсам бір қағаздар тұр. Қарасам сол кездегі «Лениншіл жас» газетінен Шатмор ағаға келген жауап хат. Онда газет редакциясына хатты қалай жазу керек екені, қайда қалай жіберу керектігі, газеттің соңғы бетінде адрес болатыны айтылып, тасқа басылғандай жазылыпты. Содан көріп менде оқушылардың «Қазақстан пионері» газетіне шатпақтап өлең, мақалалар жазып, жарияланбай жатса да Рза Қунақова апайлардан хат алып, қуанғаннан ұйқым қашып жүретін.
Шатмор ағаның қағаздары біздің класта неғып жүр десем, сол кезде ағамыз мектеп жанындағы кешкі мектепте оқиды екен ғой.
Қазір Ыбырай, Серік ағалар арамыздан алыстаған. Молдахмет аға елге танымал жазушы. Шатмор аға діни сауатты, молдалығы бар. Бекбауылдың қадірлі ақсақалдарының бірі.

* * *
Ауылға жеткен екі жаңалық әлі есімде. Біреуі радионың келуі. Жазғы каникул кезі болатын. Ауылдың ортасындағы телеграф бағанасының басына «қара қалпақ» радио орнатылды. Ертеңгісін соның дауысымен оянамыз. Ауылымыздың кемпір, шалдары, балалары малды айдап салып, радиосы бар бағананың жанына келіп топыраққа отыра кетеміз. Қазақшасынан орысшасы көп сөздерді аңтарыла отырып тыңдаймыз. Ал қазақша ән айтыла қойса, үйдегілердің ертеңгі асқа шақырғанына да құлақ аспаймыз. Біз түгілі кемпір-шалдар да солай етеді.
Ал кешкісін, мал жайлап болып тағы да сол радиосы бар бағананың жанына жиналамыз. Үлкен кісілер төселетін көрпелерін де ала келеді. Маса шықса түтіндік салады. Содан радио хабары аяқталған соң қайтады. Кейбір жас келіншектер ұйықтап қалған емізулі баласын, әжелер маужыраған немерелерін арқалап, үйді-үйге тарап жатады. Кейін радио әр үйге орнатыла бастады. Сабақтан босаған соң тыңдайтынымыз радио болатын.
Екінші жаңалық теміржолшыларға берілетін көмір болды. Біздің үйімізде теміржолшы жоқ. Анамның соғыстан оралмаған Хошан ұлына берілетін жәрдем ақшасынан басқа кіріс жоқ. Бірақ анам Ұлы Отан соғысына қатысып оралмаған жауынгердің отбасы ретінде жеңілдік пайдалана ма, жоқ ауылдың азаматтары сыйлай ма әйтеуір радио біздің үйге ертерек құрылды. Шамалы көмір де қорамызға түсірілді. Қазақы ошаққа көмір жағылмайды. Содан анам Қазалыға барып плита дейтін екі тесігі бар темірді, «шүген» деген тамақ асатын түбі сопақ, түрі қызық қазан алып келді. Баяғы Шернияз ұста салған пештің жанындағы қазақы ошақ бұзылып, орнына плиталы орыс ошағы орнатылды. Сонымен не керек, тезекті тамызық етіп, шоқ болған кезде арнаулы қалағымен бір-екі қалақ көмір салып жіберсең рахат. Тамағың да пісіп жатыр, шәйнегің де қайнап тұр. Қамыс жаққандай от ысырып отырмайсың. Үйде лезде жылып сала береді. Үйге кіріп шыққан сайын анам басын шайқап «халықтың қамын ойлаған үкіметке рахмет» деп қоятын.
Туған жердің түтіні де ыстық. Кейде сол бір шақтың естен кетпес елесі көз алдыма келіп, текті ауылым Бекбауылға аңсарым ауып тұрады.

Құдайберген Есекей,
Әйтеке би кенті


25 маусым 2019 ж. 1 547 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 83

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930