Азғантай ауыл – Андабай
Айналдырған үш жүз жылдың ар жақ – бер жағында қазақтың шалқар даласын зорлық күшпен қанатының астына алған патшалық Ресей өткен ғасырдың басында озбыр отарлық саясатын өрістете түсті. Орта Азияның төрт бірдей мемлекетіне (өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік) жымысқылықпен бойлай ену мақсатында қазақтың батыс және оңтүстік өңірін таспадай тіліп, стратегиялық маңыздағы қос табанды шойын жол жүргізді.
Сол замандағы ғасыр кереметі саналған, батыс және шығыс бағытта да қатар жанданған алып құрылыс Орынбор – Ташкент темір жолы 1905 жылы Қазалы уезінің Көбек бекетінде тоқайласып, қосылған. Ізінше қос танауынан ақ бу бұрқырайтын, түнемелікте қос жанары жарқырайтын, орнынан қозғаларда ысқыра шыңғыратын қара паравоз (қара айғыр) тартқан жүк пен бірлі-жарым жолаушы тасымалдайтын отарба (қазекем оны шайтан арба атаған) батыс пен шығыс бағытымен ерсілі-қарсылы жүре бастаған. Міне, сол тұста Арал жағынан жонданып жататын Үкілісай мен Қазалының Бекбауылынан сәл асқандағы Жарған таудың қақ ортасында жалпақ далада Ирзаев атты шағын разьезд (№94-ші) пайда болған еді.
Пайымдауымызша, әу басында ол жерде бірді-екілі теміржолшы отбасына арналған қос қоржынды титімдей барак үй ғана болған көрінеді. Екінші дүние жүзілік соғыстың алдында, тіпті одан кейінгі жылдары аталған разъездегі жұмысшылардың қатары (қозғалыс кезекшісі, болат жолды жөндеуші, стрелканы бағыттаушы, жолды айналып өтуші, т.б.) көбейе түседі. Жүк тасымалдаушылармен қатар енді бірлі-жарым жолаушылар пойызы (тоқылдақ) да тоқтайтын дәрежеге жетеді. Оның қызметін разъездің өз басын айтпағанда дарияның қос жағалауындағы Ескіұра мен Райым, Қосжар мен Қызылжар, Шөміш елді мекендерінің халқы да көре бастайды. Шойын жолдың екі қанатында қаз-қатар орналасқан шағын тұрғын үйлер бой көтереді. Ауыз су Қазалыдан арнайы вагон цистернамен тасымалданады. Өздерінің сауда дүкені, моншасы, бастауыш мектебі болады. Әйтеуір не керек, осы ұлтанда шоғырланған бір қауым ел ағайын-туыстай болып, мидай араласады. Қуанышы мен қайғысы да ортақ күйге жетеді.
Шығысы мен батысындағы Ескіұра және Ақбай беттегі мал өрісінің кеңдігі мен шұрайлылығының арқасында бертінде азғантай ауыл – Андабай деген атқа ие болған разъезд адамдарының қорасы төрт түлікке толады. Тіпті оны айтасыз, іргедегі Жаркөлдің суы асып-тасып жатқан тұста қысы-жазы балық аулауға, жазда бақшалықта қауын-қарбыз егуге де мүмкіндік туады. Жем-шөп пен отын-судан да тарықпайды. Кешқұрым мал өрістен қайтқан тұстағы ауыл үстін жайлайтын абыр-сабыр, ызы-қуым сәт пен даладағы қазандық пеш астындағы лаулай жанған отқа қаланып салынған тезектің түтіні мен хош исі шартарапқа шудаланып тарап жататын. Таңертеңгілік малды өріске айдап салғаннан кейінгі әр үйдің ауласындағы бойжеткен ұл мен қыздың білекті түріп, алақанды ысқылап алып гүмпілдете пісіп жататын ағаш күбілердің даусы әуезділігімен ерекшеленетін. Жаңа пісілген айранның, одан жасалған құрт пен ірімшіктің дәмі ауыздан кетпейтінін қайтерсің?! Сап-сары сары майға шылаған қазан жаппай нанын айсаңызшы, шіркін! Құт берекелі ауылда өтетін той-томалақ та, оған алыс пен жақыннан келетін қонақтар да көп болатын. Келін түсіріліп, қыз ұзатылып, жыраулар жыр төгілтіп жататын. Сол жақсы заманда ел арасында: «Қайда барасың? Андабайға барамын», «Қайдан келесің? Андабайдан келемін», – деген әңгіме де жиі айтылатын-ды.
Әрине ондағы үйлер мен мал қоралары қазіргі қала мен ауылдағыдай сәулеткерлік үлгімен қаз-қатар салынбағандығы кезінде қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің сол тұстағы астанамыз Алматыдан Мәскеуге жүрдек пойызбен барғанында көргені мен түйгені сипатталған. «Жол-жөнекей» атты жолсапар жазбасына («Қазақ әдебиеті» 11.09.1981ж.) арқау болған. Онда: «...Біздің теміржол бойында, әсіресе, осы күні пойызд тоқтамайтын разъездер де, үйме-жүйме ұсқынсыз ауылдар кездеседі. Аздаған малдары бар. Бұлар темір жолға қарай ма, әлде ешкімге қарамай ма? Оны өзі біледі?», – деген суреткерлік сипат бар. Осы тақырыпты араға он үш жыл салып менің курстас досым, танымал қаламгер Қуаныш Жиенбай «Қазақ әдебиеті» газетінде (9.09.1994 ж.) «Бізге таныс бекеттер» жолжазба эссесінде жалғастырады. Жазушы сол жолы Қазалы мен Арал ауданы аралығындағы Бекбауыл, Қамбаш, Аралқұм, Сапақ бекеттеріндегі тыныс-тіршілікке қанығады. Оның түйінінде: «Бекеттер, бізге таныс бекеттер. Кіндік Азия мен Еуропаны жалғастырып жатқан қазақ даласындағы шағын ауылдарға кім қамқор болмақ? Сұрақ көп, жауап жоқ. Оңды-солды ағылған пойыздарға бір тыным жоқ. Әзірге осыған тәубе етеміз... Дала жүрегі соғып тұр», – деп оптимистік ұйғарым жасайды. Бұл тұстағы айтпағымыз темір жол бойындағы бекеттер қай қоғамда да қаламгерлер назарынан тыс қалмаған.
Ал, енді заманында өз дәрежесіне сай атақ-даңқы дүркіреген азғантай ауыл атанған Андабайға қайта оралайықшы. Ондағы мамандық иелерінің дені теміржолшылар болған. Олар оң қанаттағы Бекбауыл, сол қанаттағы Үкілсайға дейінгі аралықтағы шойын жолға күтім жасайды. Ақаулы тұстарын жөндейді, тозған шпалды айырбастайды. Бригадир Ерғали бастаған құрамында Жұмадәулет, Төремұрат, Қуандық, Жаңбырбай, Қият сынды бесаспап жұмысшылар жылдың төрт мезгілінде де тыным таппай еңбек етеді. Күн сайын разъезд арқылы оңды-солды жүйткитін пойыздардың қозғалысын қадағалайтын кезекшілер: кіші Өтеген, Байпақ, Науайы, Мәску, қос қапталдағы стрелканы реттеушілер: үлкен Өтеген, Ұмытқан, Ақжол, Нағымет, Борасын, Үрмет жер астының ащы суын тұщытатын қондырғы операторы Жандәулет, электр желісі монтеры Сермағамбет, жалғыз дүкеннің сатушысы Ұмсындық пен Тұрсынкүл, бастауыш мектептің әмбебап мұғалімі Алдамжар аға ауылдың бетке ұстарлары десе жарасатын. Олардың қатарын зейнеткерлер: Аян, Жалғасбай, Жұбатқан, Мырзалы, би Жексембай, оқуы мықты Бұрқан молда, соғыс және еңбек мүгедектері Ілияс пен Жұмаш, атақты Жетес бидің немересі Нығыметқызы Сағира, оның қыздары – Қарабай, Дәмелі, Толыш, Торғын толықтырды. Көпшілік ортаның гүлі саналған Ақтөре (кіші Өтегеннің шешесі), көп балалы аналар: Гүлбарам мен Батпа, Балапан, Күләш, Жаңалық, Динаш, Рысты, Аққалам, Гүлшара тағы басқалар кекілді ұл, бұрымды қыз өсіріп (Аты аталмай, қалтарыста қалғандар болса кешірім сұраймын), тәрбиеледі. Қазіргі таңда солардан тараған ұрпақтар еліміздің шартарабында (негізінен Қазалы, Арал, Төретамда) өмір сүріп, еңбек етуде. Тәубе, шүкір дейміз.
Өткен ғасырдың қырқыныншы жылынан бастап, ғасыр соңына тақалғанға (1995-1996 ж.) дейін дүрілдеген, шаттықты қуанышы мен қайғы мұңы ортақ болған ауылдың өз әзіл-қалжыңы, тілге жүйрік айтқыштары жетіп артылған. Ауыздан ауызға тараған «Азғантай ауыл Андабай» деген ойнақы атаудың шығуының өзі қомақты бір жырға бергісіз. Үлкендердің айтуынша, бірде ауылға Аралдың (бәлкім Аралдың Қарақұмы яки Қазалының Қызылқұмынан) әтіберлі қонақ келеді. Мейманға жайылған белі қайысқан дастарқанға Сырға тән мәзірдің бәрі қойылады. Даланың шипалы сусыны – шұбат пен қымыз ішіп, дағдыланған әлгі қонақ қоңалсыған көңілін отырғандарға «Азғантай ауыл Андабай, қымызы жоқ бұл қалай?», – деп зілсіз жеткізсе керек. Шындығында да аталған ауылда сауын мен көліктік мақсаттағы түйе мен жылқы түлігі аз ұшырасатын. Ал мұның есесіне әрбір үйде дерлік қос және үш аяқты мотоцикл бар болатын.
Ойын тұспалдап жеткізетін, әжуа-қалжыңды серік еткендер де араларында аз ұшыраспайтын. Ауылдың бетке ұстары Сермағамбет пен Ермағамбеттің әкесі Дербісәлі ақсақал өте шаруақор әрі еңбекқор жан болады. Үй шаруасының көбін ұлдарына салмақ салмай бір өзі атқарса керек. Осы жағдаятты аңғарып, сезген айтқыштың бірі: «Паһ, шіркін! Дербісәлі өсіп, Ермағамбет пен Сермағамбеттің қолы бір ұзарып қалды ғой!», – деп қағытса керек. Тағы да есте сақталғаны, кезінде Андабайды мекендеп, жұмыс жағдайымен Қазалы станциясына қоныс аударған отбасының ұлы мен қызына қатысты қу тілділердің оларға берген сипаттамасы: «Алла берген Алпамыс, Құдай берген Гүлқаныс», – деп әспеттеледі екен. Ауылда аттас қос Өтеген болған. Өзара шатастырып алмас үшін ауылдастары оның бірін кіші Өтеген, ал екіншісін күмпілдек (мақтаншақ) Өтеген атаған. Тапқырлық па?! Тапқырлық!
Ұшқыр уақыт бір орнында тұрған ба?! Өткен ғасырдың сексенінші жылынан бастап көлік саласына кеңінен енгізілген ғылым мен техника жетістіктері темір жол бойындағы шағын разъездер өміріне, ондағы теміржолшылар кәсібіне айтарлықтай өзгерістер енгізді. Алдымен негізгі жолдың жанынан оның сыңары салынды. Қуатты тепловоздардың көмегімен жолаушы және жүк пойыздары ұзақ қашықтыққа кідіріссіз жететін жағдай жасалды. Бұрынғы қолмен атқарылатын жұмыстар автоматтандырылған соң көп мамандықтар қысқарды. Тұрғындарды ауыз сумен, дәрігерлік, әлеуметтік, сауда-саттық қызметпен қамтамасыз етіп, олардың балаларын оқыту, ірі стансалар және аудан орталығымен байланыс жағы қиындады. Жұмыссыздық белең алды. Елдің амалсыздан атажұртты тастап, тіршілікке қолайлы жерлерге үдіре көшуі басталды. Осылайша айналдырған бес-алты жылдың ішінде Андабайдың айрандай ұйыған ел-жұрты жан-жаққа тарап тынды. Ауыл орнында құлазып ескі жұрт қалды. Сосын осы маңдағы қыр басында осы ұлтанды жайлап, ұрпақ көбейте жүріп, талқаны таусылып, дамыл тапқан марқұм болғандардың ескі бейіті қарауытады. Сол қорымда менің де қайын атам Аян мен қайын енем Қарабай және де басқа көз таныстар мәңгілік тұрағын тапқан. Бақилық болғандардың нұры пейіште шалқысын дейміз.
Орайы келгенде ақын Қанипа Бұғыбаеваның «Домбырадай жетпеген бір бұрауы, жүрек толқып көкірегімді ұрады. Туған жерді жетім қылып жылаған, көзін сүртіп жұбатқым кем тұрады», – деген ащы зар мен мұңға толы өлең жолы оралады. Жасыратыны жоқ, елу жылдың бедерінде баба жұрт атамекенде кейінгі тартылған Аралдың апатты зардабынан, ғарыш айлағы Байқоңырдың от шашқан жалынынан, басқадай да тұрмыстық тауқымет қиындығынан жетім қалып, жылаған жерлер аз ұшыраспады. Соның бірі – елу қаралы шаңырақтан тұрған азғантай ғана Андабай ауылы. Өткеннің қайтып келместігі белгілі. Айтпағымыз бүгінгі күніміз сәулетті, болашағымыз нұрлы бола бергей, дәйім де!
P.S.
Биылғы жылдың жазында байырғы орнында ескі жұрты қалған Андабай ауылының жер-жердегі туған жерін қастер тұтатын азаматтары (дені жастар) Сараман мен Нағымен бастап, Сағындық Төремұратұлы қостап, бір жеңнен қол шығарып, сауапты бір іс тындырды. Олар көп болып жинаған қаржының көмегімен ата-баба бейітінің төңірегін темір шарбақпен қоршап, әруақтардың рухына арнап құран бағыштады. Имандылық, перзенттік парыз деген осы болса керек, білгенге.
Қараша ҚАРАМАН,
ардагер журналист