Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дұрыс таңдау – сәтті қадам

Дұрыс таңдау – сәтті қадам

Мектеп бітіруші түлектер мен жоғары сынып оқушыларын «Қандай мамандық иесі боламын және қай оқу орнын таңдаймын?» деген сұрақ жиі толғандыратыны заңдылық. Түлектердің бірі – болашақ мамандығын таңдап үлгерсе, енді бірі әлі де екіұдай ойда жүрген болар. Осы орайда ұстаздар мен еліміздегі және шет елдегі оқу орындарында білім алып жүрген студенттермен пікірлескен едік.

Ғани Берінбаев,
Е.Бозғұлов атындағы №249 мек­теп-лицейдің математика пәнінің мұ­ғалімі:
– Адам баласын жетістікке жеткізетін оның талпынысы, ізденісі. Өмір жолындағы әрбір асу – жоғары жетістік. Осы бір сындардан сүрінбей өту үшін жан-жақты ойлау, ізденіс, талпыныс қажет.
Қазіргі жас буын енді қанат жайып, болашаққа аяқ басқалы отыр. Үлкен өмірге деген көпір ең бірінші – мамандық таңдау болмақ. Еліңе, Отаныңа, халқыңа адал еңбек ету үшін сенің бастапқы қадамың нық болуы шарт. Мектеп бітіруші түлектердің қазіргі міндеті де осы. Түлектерге әрқашан жақсылық тілеймін, дұрыс қадам жасағандарын қалаймын. Сондықтанда қанатты сөздерімді айтып, жігерлендіріп отырамын. Өткен оқу жылында жетекшілік еткен сыныбым мектеп бітірді. Сыныптағы 23 оқушының 21-і грант негізінде жоғары оқу орындарына түсті. Бұл білімге деген құштарлық пен дұрыс таңдаудың нәтижесі деп білемін.
Бастысы мамандықты дұрыс таңдау. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, зерттеу жұмыстарын жүргізсе, әрбір университеттің білім сапасын, ішкі білім жүйесін жан-жақты қарастырып салыстырып алғаны дұрыс.
Қай жерде немесе қай елде оқы, мамандығыңның майталманы болуға тырыс. Жас буын – нағыз білімнің биік шыңына жеткің келсе, еліңе елеулі азамат болуды қаласаң, дұрыс таңдау жаса, сонда ғана биік шыңдарды бағындырасың.

Ақерке Әділхан,
Мағжан Жұмабаев атын­дағы Петропавл гума­ни­тарлық кол­лед­жінің сту­денті:
– Мен Мағжан Жұма­баев атындағы Петропавл гуманитарлық кол­леджінде «Ағылшын бі­­­лі­мі бар бастауыш білім беру» мамандығында оқи­мын. Өндірістік тәжі­рибе кезінде балалармен жұмыс істедік. Маған мамандығым қатты ұнайды.
«Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түстім. Бұл бағдарламаның берер мүмкіндігі мол. Ең алдымен білім алу тегін, яғни грант негізінде. Студенттер ақысыз жатақханамен қамтылған. 16 700 теңге шәкіртақы аламын. Үш жылда бір рет қыстық киімге 84 000, қыс және жаз мезгілінде жолақының тең жартысын беру қарастырылған.
Петропавл қаласын таңдау себебім, бұл қала шағын әрі тыныш. Әдемі жерлері жетерлік. Халқы да өзгерек. Орыс тілді тұрғындар көп. Дегенмен мектепте орыс тілін еркін меңгерген маған еш қиындық туған жоқ. Бірақ қазақ тілінде жиі сөйлеймін. Өзіме жаңа достар таптым. Оларға қазақша сөйлеп, тіл байлықтарын молайтуға көмектесемін десем артық айтқандығым емес.
Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсын атап кетейін, егер оқу бітірген соң осы қалада қаламын деуші жас маманға жұмыс беріледі. Жалдамалы пәтерге орналастырылып, ақысы төленеді.

Бекзат Нұрлыбай,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика фа­куль­тетінің студенті:
– Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 2018 жылғы түлегімін. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында 117 балл жинадым. Таңдау пәндерім физика-математика. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде оқимын. Мамандығым – ғылыми математика.
5 сыныптан бастап пән мұғалімі Ғани Берінбаев түрлі сайыстарға дайындады. Бірнеше білім бәсекелерінде бақ сынадым. Математика ғылымына деген қызығушылығымды оятып, алға жетелеген ұстаздарым маған үнемі: «Бекзат, сен осы мамандықты таңда. Болашақ математика ғылымының білікті маманы боласың», – деп үміт артып, қолдау көрсететін. Бұл маған үлкен мотивация болды.
Алматы – әсем қала, жастардың қаласы. Мұнда жастарға деген қамқорлық ерекше. Жаныңа жақын кез келген іспен айналысуға мүмкіндік бар. Сол себепті де таңдауым осы қалаға түсті.
ҚазҰУ-дің басқа білім ордаларынан ерекшелігі – Іле Алатауының баурайында орналасқан студенттер қалашығы. Сонымен қатар жақында ғана құрылысы біткен Әл-Фараби кітапханасы. Бұнда екі миллионға жуық кітап қоры бар. Бұл Орта Азиядағы ең үлкен кітапхана болып саналады. Университет Қазақстандағы аса ірі интернет желісіне қосылған. Тәулік бойы 300 орындық интернет орталығы жұмыс істейді. Ал студенттер қалашығында спортпен айналысуға мол мүмкіндік бар.

Ислам Нұран,
«Мәскеу болат және қорытпалар инстиуты» Ұлттық Зерттеу технологиялық университетінің магистранты:
– Мен №266 мектеп-лицейдің түлегімін. Қазіргі таңда Ресейдің «Мәскеу болат және қорытпалар инстиуты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің I курс магистрантымын. Мамандығым «Электроэнергетика және электротехника».
Мектепте математика пәнін ерекше жақсы көріп оқыдым. Пән мұғалімі, ұстазым Гүлмира Досжанованың еңбегі ерекше болды. Бойымдағы қызығушылықты одан әрі ұштап, математикаға деген құштарлығымды арттырды.
10 сыныпта оқып жүргенімде топ болып «IX Международный олимпиады по основам наук по предмету математика» сайысында 100 баллдан 92 ұпай жинап, бірінші орын иелендік. Осы жылы Прага қаласына жолдама алдық. 11 сыныпта облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының мадақтама қағазымен қоса Мәскеу қаласында өтетін олимпиадаға жолдама алдым. Нәтижесінде «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің студенті атандым. «Нанотехнология және микро жүйелік техника» мамандығын меңгердім. Білімімді одан әрі шыңдап, магистратурада оқуды ойладым.
Ресей елінде студенттерге жолақы арзан. Оқуды бітіргенше жатақханада тұруға жағдай жасалған, Яғни бірнеше жыл жатын орынмен қамтамасыз етеді. Біз секілді өзге елден келген жастарға көзқарас түзу әрі түсіністік танытатын сәттері жиі кездеседі.
Келешекте елімнің дамуы үшін еңбек етемін. Өзге елдердегі озық тәжірибені меңгере отырып, туған жердің түлеуіне, экономикасының дамуына жұмыс істеу менің басты мақсатым. Жиі саяхаттап, көп кітап оқып, әрдайым ізденіс үстінде жүремін. Көрген-білгенімді және алған білімімді ой елегінен өткізіп, біздің елге қажет деген дүниені көкейге түйе жүруді әдетке айналдырғанмын.

Данияр Тәжікенов,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сту­ден­ті:
– Өткен жылы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейді тәмамдадым. Арман қуып ару қала Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға келдім. Қазір аталған оқу ордасында IT факультетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бірінші курсты аяқтадым.
Бұрындары «Елу жылда ел жаңа» деуші еді. Қазір «Елу күнде ел жа­ңа» десем болады. Себебі, әлем үздіксіз даму үстінде. Қарыштап алға қадам басқан Қазақстан елін өркендетуге үлес қоссам деймін.
Алматыға Қазақ ұлттық университетінде оқысам деген арманым жетелеп әкелді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА



18 маусым 2019 ж. 2 180 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930