Марина боксқа қайта оралды
Даңқты жерлесіміз, бокста биік белесті бағындырған Марина Вольнова қолына былғары қолғап киіп, үлкен спортқа қайта оралды. Оның бұл жолдағы алғашқы бәсекесі Шымкентте өтетін әйелдер боксынан Қазақстанның жазғы спартакиадасы болғалы отыр.
– Араға бес жылдай уақыт салып, шаршы алаңға шығуды қаладым. Бұл шешімімді жолдасым, ата-енем, әкем, барлығы қолдады. Командаға қайта қосылатынымды естіген боксшы қыздар да ыстық ықыластарын аямай жатыр. Бұрын 75 келіде бақ сынағанмын. Енді 69 келіде жұдырықтасып көремін, – дейді ол.
Сондай-ақ, Марина үш жарым жыл бойы ешқандай жаттығу жасамағанын да жайып салды.
– Тіпті, жүгірген жоқпын... Уақыт өте келе, бокстың маған қажет екенін түсіндім. Әлі шамам бар, сондықтан, өзімді қайрап, сынап көрмекпін. Жалпы бокстан алшақтап қалғанымның себептері бар. Лондон Олимпиадасынан соң тұрмысқа шықтым, екі ұлды дүниеге әкелдім. Бүгінде үлкенім 4 жаста, кіші ұлым екіден асты. Затым әйел болғандықтан солардың тәрбиесіне мән беріп, үйде отыруды жөн санадым. Бүгінде ұлдарым өсіп келеді. Ал мені шаршы алаң қайта шақырып жатыр, – деп ағынан жарылды боксшы.
Айта кетейік, Қазалы ауданының тумасы Марина Вольнованың бас¬ты жетістігі 2012 жылы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атануы. Сондай-ақ, оның қоржынында әлем чемпионаттарының күміс және қола медальдары да бар.
Ж.СОВЕТҰЛЫ