Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік көмек – әлеуетті арттырады

Әлеуметтік көмек – әлеуетті арттырады

Қазіргі таңда Қазақстан әлемдік аренада көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуші ел ретінде көзге түседі. Себебі өз азаматтарына кешенді қолдау жасап, қаржылай демеу беріп отырған мемлекет кемде-кем. Республика халқы санының өсімін арттырып, олардың жағдайын жақсартуға бағытталған атаулы әлеуметтік көмек биыл көлемін кеңейтіп, жаңа форматқа көшкені белгілі. Аталған өзгеріс ел тұрғындарымен қатар қазалылықтар арасында да қызу қолдауға ие болды. Мәселен сәуір айынан бастап жергілікті жұмыспен қамту орталығына 2000-ға жуық адам кеңес сұрап келген.

Бағдарлама заңдылығына сәйкес шартты және шартсыз болып табылады. Біріншісі бойынша белгілі бір отбасында жалғыз адам жұмыспен қамтылған болса, оның табысы үйдегі адам санына бөлінеді. Шыққан сомма төменгі күнкөріс деңгейіне жетпеген жағдайда мемлекеттен қаржылай қолдау көре алады. Ал жалғызбасты аналар мен зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандарға шартсыз негізде алты ай бойы жәрдемақы төленеді.

Атаулы әлеуметтік көмек игілігін жалғыз баласы бар отбасы да көре алады. Соған сай тұрмысы төмен отбасы балаларына берілетін жәрдемақы мөлшері көбейген. 1 сәуірге дейін ол 4 мың 834 теңгені құраса, бұдан кейін әр балаға 20 789 теңге төленеді. Кәмелет жасқа толған бала жоғары оқу орынында білім алатын болса, 23 жасқа дейін мемлекет тағайындаған жәрдемақы иесі болып қала береді.
Бүгінгі күннің өзінде бірқатар қазалылықтар бағдарлама игілігін көріп үлгерді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысының айтуынша, аталған жәрдемақыға құжат дайындаушылардың қарасы қалың.

– Мамыр айының 13-іне дейін 314 отбасының құжаттары бағдарламаның заңдылықтарына сай рәсімделіп, қол­дау тапты. Бұл жалпы саны 1800-ге жуық жергілікті тұрғынның мемлекет қолдауын сезінгенін көрсетеді. Ол үшін бюджеттен 67,4 миллион теңге қаражат жұмсалды. Алдағы уақытта да игі жоба өз дәрежесінде жалғаса береді, – деді Совет Бабанаев.
Отбасының жиынтық табысын есеп­­теген кезде, көпбалалыларға, “Кү­міс алқа”, “Алтын алқа” иегеріне, мүгедек балаға төленетін жәрдемақы мен шәкіртақылар есепке алынбайды. Бұл туралы «Алтын алқа» иегері Айгүл Ембергеновамен пікірлескенде білдік.

– Мен 8 бала тәрбиелеп отырмын. Жолдасым екеуміз осы кезге дейін жұмыссыздар қатарында болдық. Атаулы көмекке жүгінгеннен кейін жағдайымыз әлдеқайда жақсарды деуге болады. Өйткені күйеуім де, мен де осы орталықтың жолдамасымен жұмысқа қабылдандық. Бұдан бөлек, сондағы қызметкерлер жыл бойы, мамыр айынан бастап 194 000 теңге жәрдемақы төленетінін айтты. Шынымды айтсам мұндай көлемде көмек көремін деп ойлаған емеспін. Елдің қамын ойлайтын атқамінер ағалардың арқасында жұрт қатарлы, тереземіз тең өмір сүретін болдық. Өзім секілді көпбалалы аналардың артық дүниеге алаң болмай, бала тәрбиесімен айналысуына мүмкіндік жасап отырған ел ағаларына айтар алғысым шексіз, – дейді ол ағынан жарылып.
Айта кетейік, Әйтеке би кенті тұрғындарының тиісті құжаттары ау­дандық жұмыспен қамту орталығында қабылданады. Ал Қазалы қаласы мен ауданға қарасты ауылдық округ азаматтары атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжаттарын тұрғылықты мекенжай әкімдігіне тапсырады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ


14 мамыр 2019 ж. 1 245 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 75

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 78

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930