Пітір-садақадан түскен ақша қайда жұмсалады - ҚМДБ жауабы
Биылғы Рамазан айында жиналатын пітір-садақадан түскен қаражат қайда жұмсалады? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы жауап берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жуырда еліміздің Бас мүфтиі - Серікбай қажы Ораз мұсылман қауымға үлкен үндеу жариялады. Үндеудің негізгі мәтіні - жақсылықтан жарысайық. Расында да, Рамазан - қайырымдылық пен жақсылықтың үлкен мерекесі. Әрбір жасалған жақсылық бірнеше есе сауап болып жазылады. Біздің мешіттің Ақылдастар алқалары Рамазан айының алдында кәсіп иелеріне - дүкен иелеріне өтініш жасады. Қасиетті айда арақ-шарап сатылмаса, дүкен сөрелерінен алынып тасталса, азық-түліктерге 10 пайыз жеңілдік жасалса, қоғамдық көліктерде жеңілдік жасалса деген ұран тастадық. Бұған құлақ асып жатқандар бар. Жуырда Әзірет Сұлтан мешітінің жанынан арнайы қоғамдық көліктердің тегін тасымалдау жүйесін енгіздік. Әсіресе, кешкі тарауық намазынан кейін үлкен ақсақалдардың, апаларымыздың қоғамдық көлікпен үйіне тегін жетуіне мүмкіндік бар», - деді ол.
Ағабек Қонарбайұлының айтуына қарағанда, биылғы Рамазан айының негізгі үндеуі - көпбалалы отбасыларға көмек беру.
«Діни басқарма бір жылдың көлемінде 15 отбасыға үйлердің кілтін табыстады. Көпбалалы отбасылардың пәтер мәселесін шешіп беруді жер-жерден сұрап жатырмыз. Үндеуімізді қабыл алған кәсіпкерлер хабарласып, көмек беру ниеттерін білдіруде. Биыл пітір-садақаның көлемі - 300 теңге. Оны бидай бағасының ең төменгі нарығымен есептедік. Егер қалталы азаматтар болса, құрманың, ұнның бағасымен беруге болады. Бұл - ең төменгі мөлшерлеме. Жан басына шаққанда 300 теңгеден береміз. Осы пітір садақаның есебінен мұқтаж кісілерге көмектессек дейміз. Мешіттердің жанынан арнай комиссия құрылады. Сол комиссиялардың шешімімен мұқтаж жандарға пітір-садақаның есебінен көмек көрсетіледі», - дейді ҚМБД баспасөз хатшысы.
Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, пітір-садақадан түскен қаражатқа көпбалалы отбасыларға, жетімдерге, қараусыз қарияларға, асыраушысы жоқ азаматтарға қолдау көрсетіледі.
«Әрбір әкімдіктің жанында тізім бар. Сол тізім бойынша біз мұқтаж жандардың үйіне қажетті заттарды немесе қаражатты табыстаймыз. Сонымен қатар, ол қаржы мешіттердің коммуналдық шығындарына жұмсалады», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды. Ораза 6 мамырдан 5 маусымға дейін жалғасады. Биылғы Рамазан айында берілетін пітір-садақаның көлемі бұған дейін де хабарланған болатын.