Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Патриотизм деген...

Патриотизм деген...

Патриотизм – ол адам баласының туған жерге адалдығының, сүйіспеншілігінің, риясыз махаббатының белгісі, ұлтшылдыққа, рушылдыққа, жершілдікке, жікшілдікке ұласпаған, парасатты ойынан туатын асыл қасиеті, оның қоғамға қарым-қатынасын білдіретін ішкі қағидасы. Патриотизм - адам баласының Отанына, туған тіліне, дініне, салт-дәстүріне деген махаббатының еліне деген құрметімен бітіскен жері.

Ұлтжандылық қасиет – ұрпақтан ұрпаққа қан арқылы беріледі, әкенің белінен, ананың кіндігінен нәр алғаннан (жаралғаннан) бастап қалыптасып, бойымызға сіңе бастайды. Анамыздың құрсағынан босанып, туған жердің ауасымен алғаш тыныстағанда сол ауа арқылы бойымызға дариды. Қашан болмасын туған жерге барып, «ауасын бір жұтсам, топырағын иіскесем» деп алғаш тыныстаған ауаны аңсап тұратынымыз тегіннен емес. Әрі қарай, ананың омырауынан, әкенің ықыласынан бастау алып, көрген-білген, оқыған-үйренгендеріміз арқылы патриоттық сезім қалыптасып, баланы тұлға дәрежесіне жетелейді. Кіндік кескен ел мен жердің киесі деген осы.
Ортақ тіл, ортақ діни сенім, ортақ салт-дәстүр, белгілі бір мақсатқа жету жолындағы ортақ мүдде ұлттық тұтастықтың негізі болып табылады. Ұлттың қалыптасу процесінде, әрі қарай өмір сүруінде, дамуында сол ұлттың өмір сүріп жатқан саяси-географиялық орны, ол жердің табиғаты, айналасында болып жатқан оқиғалар тағы сынды факторлар өз ықпалын тигізеді. Біздің ұлтымыздың қалыптасу тарихы көшпелілер өркениетімен тығыз байланысты. Өмір тарихында орта ғасырлардағы діннің, дінмен бірге шығыс ілімінің келуі, одан соң сұрапыл моңғол шапқыншылықтары және Шыңғыс хан ұрпақтарының жерімізде билік еткен кезеңі, бертін келе патша үкіметінің отаршылдық саясаты сынды айтулы оқиғаларды басынан кешкен, талай сыннан өткен ұлттық рухани құндылықтарымыз бүгінгі таңда бізге атадан аманат, бабадан мұра ретінде келіп отыр.

Аталарымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке ұрпақтары жетті, жаңа заманда қайта туған еліміз егемендігін алды, туған жерде бабалардың арман-мұраты салтанат құрды. Сарабдал саясаттың, ұтымды саяси-экономикалық реформалардың, шұғыл бетбұрыстардың арқасында еліміз ептеп аяққа тұрып алғаннан кейін, бірнеше ғасыр тағдыр тауқыметімен жадау тартқан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту мәселесін шешу керек болды. Осыған орай, Елбасымыздың 2000 жылды мәдениетті қолдау жылы деп жариялауы, ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылықтан туған дүние, әрі, жаңа ғасырға жасалған жаңа қадам деп білемін.

«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын» деген халық даналығы. Елін сүйетін, елге адал қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеу жолында көптеген игілікті істер атқарылып келеді. Өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтіп, төл тарихымызды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін Елбасымыз бұл іске өзінен бастап бел шешіп, білек сыбанып кірісіп те кеткен. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бұл сөзімнің айқын дәлелі. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» заманда бір қазаннан ас ішкен жүздеген ұлт өкілдерін бауырына сыйдырған елімізде бірлік пен татулықтың сақталуын естен шығармай, көп ұлтты және көпконфессиялы қоғамға бейімделген патриотизмнің жаңа бағытын дамытуды қолға алуымыз қажет.

«Патриотизм деген не» тақырыбын бір арнаға жүйелейтін болсақ, ол:
1. Туған жердің әрбір тауы мен тасын, сайы мен қырқасын, табиғатын көздің қарашығындай сақтау, елге, жерге деген махаббат;
2. Елі үшін жаны ашып, әр қазақты жалғызыңдай, адамның бәрін өз халқыңдай көріп, сүрінгеніне сүйеу, мұңайғанына демеу болу;
3. Ел намысын - ер намысына балап, әрдайым оны қорғауға дайын болу және еліңді мақтан тұта білу. Жоғын жасырып, мерейін асыру.
4. Ел үшін жасалған қызмет. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов атамыз секілді «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген рухпен жасалған қызмет.

Міне, осы қасиеттерді патриотизмнің көрсеткіші деп есептеймін.
Адам жасанды емес, шын ықыласымен патриот болған жағдайда ғана елге пайда әкеледі. Қазіргі қоғам дертіне айналып отырған көптеген өзекті мәселелерді шынайы патриотизммен ақ емдеп алуға болатын секілді. Ұлтжандылық қазақтың табиғатына жақын қасиет. Мысалы, жердің бір қабат топырағын қырып алып тастасаң, басқа өсімдік емес, тек сол жердің шөбі ұзақ жылдардан соң қайта шығып тұрғанын байқайсың. Бұл өз кезегінде топырақта шөптің генінің бар екендігінен, оның уақыт өте қайта жарып шығатындығынан көрініс береді. Сол секілді ата-бабамыздан қалған шынайы патриотизмнің тамырына балта шабылғанымен, қанда бар қасиеттің бүршік жарып, елдің өркендеуінде өз жемісін беретін күні алыс емес. Ол үшін тек сара жолдан таймай, тамырымыздан, тарихымыздан бастау алған патриотизмнің жаңғыруы жолында бірлесіп жұмыс жасасақ болғаны.
Жаңбырбай ТАБЫНБАЙ,
Көларық ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы
26 сәуір 2019 ж. 11 105 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 39

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930