Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге туыңды тік

Туған жерге туыңды тік

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деді Елбасы Н.Ə.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Мұнда Президент Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі екенін айтып, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласатынын да айтып өтті. Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Бүгінде жоғарыда айтылған, қалталы азаматтар, соның ішінде: шенеуніктер, жеке кəсіпкерлер, зиялы қауым өкілдерінің көбісі қалаға ұмтылады. Сол жерде жеке кəсіптерін ашады, жұмыстарын жасайды. Балаларын демалыста ауылға жібергеннің орнына шетелге жібереді-мыс. Бірақ, көпке топырақ шашпаймыз. Туған өлкелеріне, халқына адал қызмет етіп жүрген кəсіпкерлеріміз де жоқ емес. Солардың бірі- Тұрсынбаев Дархан. Ол өзі өскен Әбдіғаппар ауылын көркейтуге үлкен үлес қосып келеді. Ел шетіндегі батыс өңірінде қызмет жасап жүргенімен, кіндік қаны тамған туған жерінің гүлденуіне септігін тигізіп, жастарды салауатты өмір салтын сақтауға жетелеп, игі шаралар атқарып жүрген парасатты азаматардың бірі. Келешек жастардың спортқа бейімділігін арттыру мақсатында ауылында күрес залын ашты. Аталған игі іс ауыл баласының болашақ әлем чемпионы атануына жасалған үлкен мүмкіндік. Аздаған уақыттың ішінде күрес залында жаттыққан балалардың алды республикалық жарыстардан жүлделі орындарға ие. Тұрсынбаев Дарханды өз өңірінде жасы мен кəрісіне дейін құрметтейді. Шіркін, əр табысты азамат өз өлкесіне осылайша қызмет етсе, қашанда еліміздің тұғыры биік, еңсесі тік болар еді деп ойлайсың. Осы тұрғыда Алматы қаласындағы журналистика факультетінде оқитын студенттерден, жалпы, жоғарғы оқуды тəмəмдағаннан кейін, туған жерге қайту жоспарларыңызда барма деп сұрап көрдім. Олардың басым көпшілігі: "Туған өлкеміз ауылды жер болғандықтан, онда журналистика мамандығына сұраныс жоқ, ары кетсе меншікті тілші немесе сол ауданға тиесілі газетте ғана қызмет атқара аласың", – дейді. Ал, болашақта қай жерде қызмет атқарғыларың келеді деген сұраққа биылғы түлектердің 90 пайызы дерлік "Қазмедиа", "Астана", "Ұлттық арна", "Хабар", "Tengrinews" деп жауап берді. Сайып келгенде, ауыл тек мұғалім мен дәрігерге, электрик пен теміржолшыға ғана мұқтаж емес, коммуникацияның барлық саласында кадрлар елге де қажет. біз осы тұрғыда əлеуметтік желі оқырмандарымен де сауалнама жүргізгдік, Мақсат Ашимов атты желі қолданушысы: «Туған жерге туыңды тігу-сол жерде тұрақталып қалу емес, қайда жүрсеңде, өскен өлкемізді ұмытпай, қолдан келгенше, қол үшін созу» деп жауап берді.
Айгерім Еңсебай: «Баруға болады, бірақ елін алға сүйреймін деген азаматтар қалада қалу керек, себебі біздің ауылдардың әлеуметтік жағдайлары төмен, мысалы: жақсы оқу орнын бітірген хирург жас маманға ауылға барып ешқандай аппаратсыз ота жаса десе қалай жасайды ондай аппараттарды қаладан саусақпен санайсың», – дейді. Бұл азаматша бүгінде ауыл ауруханалары заманауи аппаратпен кең қамтыла бастағанын, оған білікті кадр қажеттігін елемей отыр. Пікірлер сан түрлі, бірақ, болашақ-жастардың қолында екенін ұмытпаған жөн.
Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап, Отаншылдық рухпен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиісті. Әр адам туған жерін ардақ тұтып, анасындай қастерлейді. Туған жер жайлы мақал - мәтелдерден, аңыз әңгімелерден, батырлар жырынан көреміз. ”Ит тойған жеріне – ер туған жеріне” немесе “Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас” – деп ерекшелеп көрсетеді. Бұлардың бәрінен шығатын қорытынды, əр адам туған жеріне, туған еліне адал қызмет жасауды азаматтық борышым деп санауы тиіс.
23 шілде 2018 ж. 3 110 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 77

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930