Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптік білімнің ұстаханасы

Кәсіптік білімнің ұстаханасы

Бұл білім шаңырағы 2017 жылдың 7 сәуірінен бастап Қызылорда облысы әкімдігінің №756 қаулысымен Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі статусын иеленді. Қазір оқу орнында «Дизайн», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Токарлық ісі және (түрлері бойынша) металл өңдеу», «Дәнекерлеу ісі», «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару», «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» мамандары даярланады.

Жеңіс пен жетістік

Қазалы көлік-техникалық жоғары кол­леджінде қызмет ететін 120 инженер-педагогтың 9-ы магистр, 15-і жоғары санатты, 28-і бірінші санатты. Нақты мамандыққа бейімделген, заманауи педагогикалық технологиялар мен инновациялық ақпараттық әдістемелерді, озық жаңалықтарды меңгеруде ұжым ерекше белсенділік танытады. Оны төмендегі жетістіктер тізбегінен аңғаруға болады.

Республикалық «Алтын рейтинг» бай­қауының қорытындысы бойынша облыс көлеміндегі колледждер арасында жеңімпаз. Республикалық қоғамдық байқаудың “Үздік ұйым, Кәсіпорын” номинациясын жеңіп алды. Республикалық-аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясында “Үздік колледж” мәртебесі, «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІХ облыстық еңбек форумында «Үздік әдістемелік қызмет – 2018» облыстық байқауында бірінші орын, Әлеуметтік серіктестер арасында өткізілген республикалық сайыста «Үздік әлеуметтік серіктестік көшбасшысы» бағамдары бұйырды. «Urker mitec» зияткерлік орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тізбесіне енген «IQ college» жобасының аясында темір жол саласында білім алып жатқан студенттерге арналған «Түрксіб» республикалық қашықтық олимпиадасына 91 студент қатыстырылып, колледж «Түрксіб» атындағы кубокты және студенттер ІІ-ІІІ орынды иеленді.

Темір жол мамандығы бойынша шығармашылық топ даярлаған оқу құрал­дары мемлекеттік тілде шығарылып, облыс көлемінде насихатталды. Атап айтсақ Б.Ахметов, А.Әліпбаева, Э.Маханова, М.Жақыпова, Г.Сәрсенбаева, А.Ахметова, К.Абилдаев, С.Сыдық, Ж.Сүгірова, Г.Ақтілеуова, Ф.Әліпбаева, Г.Жалдыбаева, Е.Сердалиев дайындаған «Вагонның жүріс бөлігі», «ТЭ33А тепловозының құрылысы» оқу құралы, «Соб электрмонтері» анық­­тамалығы, «Пойыздық практика», «Мем­лекеттік тілде іс жүргізу», «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында заманауи технологияларды қолданудың тиімділігі» әдістемелік көмекші құралы жарыққа шықты. Колледж ұжымы облыстық әдістемелік орталықтың жылдық жоспарына сәйкес жаңа формациядағы талаптарға лайықты, талантты жаңашыл ізденімпаз инженер-педагогтарды анықтау мақсатында ұйымдастыртырылатын байқауларда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мәселен «Алтын диск» байқауынан бірінші орын алған Ж.Каликоваға, респу­бликалық байқауға жолдама беріліп, «Жаңа­шыл педагог» номинациясына ие болды. «Жыл әдіскері – 2017» байқауында Г.Сәрсенбаева, «Үздік жалпы білім беретін пән оқытушысы – 2017» байқауында Н.Ізбан бірінші орын, 2018 жылы осы байқаудан Г.Жалдыбаева үшінші орын иеленді.

Жыл сайын өткізілетін «Үздік арнайы пән оқытушысы» байқауында М.Жақыпова, А.Дәулетиярова, Э.Маханова үшінші орын тұғырынан көрінді. «Үздік кәсіби шет тілі пәнінің оқытушысы – 2016» байқауында Л.Шыныбаева екінші, «Үздік кәсіби орыс тілі пәнінің оқытушысы – 2017» байқауында Қ.Садуақасова үшінші орын иеленді. «Үздік алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы» байқауында Ж.Дінахметов үшінші орын иеленсе, «IT Srills» шығармашылық идея байқауында А.Терекбаева да үшінші орынға қол жеткізді. Ал С.Айқожа «Үздік газбен және электрмен дәнекерлеуші» байқауында екінші орынды еншіледі.

Елдің өркендеуі мен аймағымыздың дамуына қосқан сүбелі үлесі және өз саласында жеткен жетістіктері үшін белсенді жас Н.Дүйсембаева облыс жастарының «Сыр үміті» сыйлығымен марапатталды.

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту мақсатында ұйымдастырылатын «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының аймақтық байқауында колледж білім алушылары үнемі оң нәтиже көрсетуге дағдыланған. Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының білім алушылары арасында өтетін пән олимпиадаларына қатысқан студенттер де жүлдесіз емес.

Шет елдермен байланыс

Білім ордасы бүкіләлемдік банк қарызы есебінен қаржыландырылатын «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту» жобасына қатысып, 57 миллион теңге грант иегері атанды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – «Теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану және техникалық күту» мамандығын даярлаудағы бірегей оқу орнына айналу. Жобаны жүзеге асыру арқылы әріптестермен байланысты нығайтып, жаңа кәсіпорындармен бірге жұмыс жасау, кадрлық потенциалды арттыру бағдарламасын құру, сапалы маман даярлауда колледж имиджін қалыптастыру, кәсіптік білім беруде дуальді жүйені енгізу, білім беру жүйесін модернизациялау, материалдық-техникалық базаны нығайту жүзеге асырылуда.

Іс-тәжірибе алмасу мақсатында колледж директоры Б.Ахметов және директордың орынбасары М.Ахай Франция мемлекетінің Версаль академиялық өкілдерінде болып, колледждердің материалдық-техникалық базасымен танысу арқылы мол тәжірибе жинақтап қайтты. Өндіріске дуальдік оқыту жүйесін енгізу мақсатында Германия мемлекетінің Бонн, Кельн, Зигбург, Керпен қалаларында директордың орынбасарлары М.Ақниязов, С.Нұралы және әдіскер Г.Сәрсенбаева болып, халықаралық деңгейдегі сертификатқа қол жеткізді. Чехия елінде арнаулы пән оқытушысы Е.Сердалиев пен өндірістік оқу шеберлері С.Айқожа, Ғ.Аманқұлов, А.Айман халықаралық деңгейде білімдерін жетілдірді. Модульдік оқыту жүйесін енгізу мақсатында инженер-педагогтар М.Ахай, М.Жақыпова, Г.Ақтілеуова, Э.Маханова Мәскеу қаласында білім көтеріп, қазір бірлесіп тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылған.

Сұранысқа сай колледжде 2014-2015 оқу жылынан бастап «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану» мамандығы ашылған. Мамандыққа сәйкес оқу кабинеті мен шеберханалары жабдықталып, ол үшін жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. Ресейдің Қазан қаласынан қажетті құрал-жабдықтар, жаңа үлгідегі зертхана және мамандыққа қажетті оқулықтар алынды. «Жол бригадирі» мамандығы кабинеттерін жабдықтау үшін облыстық бюджеттен берілген 25 миллион теңгеге физика, химия кабинеттерінің лабораториясы толық жасақталды. 2012 жылы Екатеринбург қаласынан өндіріске білікті де білімді мамандар даярлау мақсатында «2ТЭ10М» тепловоз машинистеріне арналған құны 20 миллион теңге тұратын «ТОРВЕСТ-ВИДЕО» тренажерлық кешен алынды.

Материалдық-техникалық база

Колледжде 11 мамандықты оқытуға арналған жаңа оқу-техникалық құралдармен жабдықталған 36 оқу кабинеті бар. Оның 14-і арнаулы, 22-сі жалпы білім беретін пән кабинеті, 10 шеберхана, 10 зертхана және 3 палигон, 100 орындық ғылыми-әдістемелік кабинет, 100 орындық жатақхана, 150 орындық мәдениет үйі, 100 орындық оқу-өндірістік мейрамхана, 20000 жуық кітап қоры бар электронды кітапхана және фитнес залы, жылыжай мен интернет орталығы студенттердің оқып, білім алуы мен демалуына қолайлы жағдай жасайды.

Сонымен бірге студент жастардың елін-жерін тарихын танып-білуі мақсатында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылған. Заман талабына сай жабдықталған «egov. қызмет көрсету орталығында» инженер-педагогтар мен студенттерге арналған тиімді қызмет түрі ұсынылады. Олар барлық мемлекеттік қызметті электронды цифрлы қолтаңбаны электронды үкімет порталы арқылы ала алады.

Білім бастауы – тәрбие

Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі ұжымы өндіріске қажетті жас мамандарды дайындаумен қатар, білім алушылар арасындағы тәрбие жұмыстарын да жоспарға сай жүйелі түрде жүргізіп отырады. Білім ордасының жастары Қазалы аудандық «Нұр Отан», «Жас Отан» жастар қанаты бірлестігі және жастар ресурстық орталығымен тығыз қарым-қатынаста. Оқу орнында өзін-өзі басқару ұйымдарын бір ортаға түйістіру үшін студенттік деканат құрылып, жас­тар ісі жөніндегі инспекторы Е.Құсанның жетекшілігімен жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Атқарылған әрбір іс нәтижесіз емес. Мәселен республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген «Қазалы құрамасы» мен «Бастықтың қыздары» жайдарманшылар тобы әзіл сайыстарында бірнеше мәрте жүлделі орындарды жеңіп алды.

Колледж директоры Б.Ахметовтің бастамасымен ашылған «Инфинити» би үйірмесіне 20 қыз бала қатысады. Үйірме жетекшісі ІV курс студенті Б.Ізен. Бибігүл бастаған биші қыздар аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпаздары. «Бизнес инкубатор» жобасын жемісті атқару нәтижесінде ІV курс студенті Д.Ахмедияров «Evolution Cinema» фото-видео студиясының негізін қалап, колледждің жаңалықтарын ай сайын жарыққа шығарып отыр. Колледжде ІІІ курс студенті В.Жәли негізін қалаған «Жас Алаш» жас­тар қозғалысы және студенттердің өз пікірін еркін білдіріп, интеллектуалды потенциалын арттыру мақсатында құрылған «Теміржолшы» пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Студенттер бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортты жанына серік етуге шақыруда «Жастар есірткіге қарсы» акциясы, «Спорт және мен», «Спорт – денсаулық кепілі» атты денсаулық фестивальдары үнемі өтіп тұрады.

Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын колледж студенттері жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Облыстық «Алтын күз» мерекесінде аудан құрама командасында ойын көрсеткен білім алушылар гандболдан бірінші, стол теннисі мен бас­кетболдан жүлделі үшінші орын иеленді. Бұнда жыл сайын дәстүрлі түрде «Наурыз тойы», «Алтын күз» байқауы, «Рухани жаңғыру: ұлттық тіл – ұлы құндылықтар бастауы», «Тіл – өмір тірегі» атты апталықтар, топаралық КТК сайысы, шығармашылық кештер, соғыс және еңбек ардагерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер, ақындар мүшәйрасы жыл сайын өткізіліп келеді.

Бокстан Азия чемпионы атанған Е.Дүйсенбаев, таэквондодан республика жүлдегері Т.Кенжалиев, қол добынан республикалық ойындардың жүлдегері Т.Жалеке туралы колледж ұжымы үнемі үлкен мақтанышпен айтып отырады. ІІ курс студенті С.Қожахмет республикалық футбол федерациясының жүлдегері атанса, А.Сұлтанов таэквандодан, Е.Төлеш күрестен республикалық М.Абдуали бокстан облыстық сайыс жүлдегері атанып, болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар қатарынан көрініп жүр.

Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ


03 сәуір 2019 ж. 2 376 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930