Жаңғырған заманның жаңашыл маманы
Мектеп. Шәкірт. Ұстаз. Бір арнаға тоғысқан осы үш сөзді бір-бірінен бөле-жара қарау мүмкін емес. Қаламның басы мен ұшы сияқты, егіз жүретін мектеп пен шәкірт ұғымына жан бітіретін құдірет иесі әрине – ұстаз. Мектеп – білім тірегі, ұстаз оның жүрегі. Көрегенділіктің бейнесі ретінде танылған ұстаздар ұлы тұлға. Ол – барша шәкірттің тұла бойына білім нәрін сыйлай отырып, қаншама жанның жүрегінен орын алатын, өз өмірін өзгенің болашағына арнайтын ақылдың тозбайтұғын кені. Осындай жанның бірі – Болат Жолдасбеков.
Әйтеке би кентіндегі №70 мектептің «Алтын белгі» иегері Болат Жолдасбекұлы 2010 жылы ару қала Алматыға аттанады. Мақсаты – «мұғалім болсам» деген бала күнгі арманына жету. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетінен техникалық физика мамандығын меңгерді. Аталған жоғары оқу орнында магистрлік білімін жетілдірді. Бұдан соң Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы ИТМО (Информационных технологий, механики и оптики) университетінде магистратурада оқып, техникалық физика мамандығы бойынша шет елдің тәжірибесімен таныс болды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген Болат туған жерге келіп, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейге физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Жігерлі жас маманның шәкірт тәрбиелеудегі бағыты бөлек. Шәкірттерін шыңға жетелеген ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ұстаз еңбегі шәкірті бағыдырған белестің биіктігімен еленеді емес пе? Осы орайда Болаттың мақтаныштарын атап өткен орынды. Мектеп-лицейдің 10 «б» сынып оқушысы Айбек Нұрқаш мектепішілік олимпиаданың бірінші, аудандық олимпиаданың үшінші орын иегері. Ал, Ресей Федерациясының ұйымдастыруымен халықаралық балалар инженерлер конкурсында Болаттың жетекшілігімен 10 «б» сыныбының оқушысы, дарынды шәкірт Асылжан Сәтмағамбетов екінші орынды жеңіп алды. Онда шәкірт пен ұстаз көру қабілеті бұзылған адамдардың бөлме ішінде және көшеде жүруін бағдарлай алатын, сонымен қатар сол кісілердің өзіне қажетті заттарды тани білуіне мүмкіндік жасайтын арнайы құрылғыларды ойлап тауып, ғылыми жаңалық ашты. Бұдан бөлек физика пәніне қызығушылық танытқан көптеген оқушысы жақсы жетістіктерге жетіп, білім ордасының абыройын асқақтатып жүр.
Болат Жолдасбеков – жаңашыл мұғалім. Ол мектепішілік жас мамандар арасындағы «Жас талап» атты сайыста «Жас формация мұғалімі» атанды. Аудандық жас ұстаздардың семинар-тренингінде, «Жолдау жолымен білім биігіне» атты үгіт-насихат бригадасының жұмысына белсене араласқаны және талантты шәкірт тәрбиелегені үшін білім бөлімінің Алғыс хатын иеленді. Облыстық «Жыл таңдауы – 2018» байқауында «Шәкіртті шебер шыңдаған» номинациясын алды. «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы баяндамасы үздік деп танылып, арнайы диплом иеленді. Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен конкурста екінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
– Отбасымда барлығы дерлік теміржол саласының мамандары. Ал менің физика пәніне деген ынта-ықаласым ерекше болды. Ұстаз болуды бала күнімнен армандадым. Шәкірт тәрбиелесем дейтінмін. Міне, мақсатым орындалды. Қазір бар білгенімді оқушыларға үйретудемін. Алда үлкен жоспарлар бар. Ғылым жолына ден қойған оқушылар қатарын арттырғым келеді, – дейді жас маман Болат Жолдасбекұлы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА