Қазақстанның жеті қаласында ауа сапасы нашарлайды
Сонымен қатар, республиканың 16 облысы мен Алматы, Шымкент қалаларында дауылды ескерту жарияланды

Фото: © istockphoto.com

Фото: © istockphoto.com
«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылдың 26 қазанында еліміздің жеті қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Павлодар, Теміртау, Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, Алматы және Астанада күтілуде.
Сонымен қатар, республиканың 16 облысы мен Алматы, Шымкент қалаларында дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер сипаттаған өңірлерде қатты жел, тұман, көктайғақ, шаңды дауыл және түнгі үсік болуы мүмкін.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.










