Риновирус асқынуларға әкелуі мүмкін: кімдерге қауіп төнеді?
Сурет: pexelsРесейлік инфекционист дәрігер Анна Баландина риновирустық инфекцияны басқа аурулармен шатастырмау үшін қандай белгілерге назар аудару керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Маманның "Газета.Ru" басылымына айтуынша, риновирус – суық тиюдің ең жиі кездесетін себептерінің бірі. Ауру белгілері салыстырмалы түрде жеңіл өтетіндіктен, адамдар көбіне оған мән бермей, төсек режимін сақтамайды.
"Риновирустық инфекциядан айырмашылығы, тұмау көбіне кенеттен басталады. Дене қызуы жоғарылап, қатты әлсіздік пайда болады және дене сырқырайды. Алайда ауру қоздырғышын тек белгілеріне қарап нақты анықтау мүмкін емес. Қажет болған жағдайда арнайы тестілеу жүргізіледі", – деді дәрігер.
Анна Баландинаның айтуынша, ересектердің басым бөлігінде риновирустық инфекция асқынусыз өтеді. Әдетте ауру түшкіру, мұрынның бітелуі және мұрыннан көп мөлшерде сұйық бөлінді ағуы арқылы байқалады. Ересектерде дене қызуы көбіне қалыпты деңгейде сақталады немесе аздап көтеріледі.
Алайда балаларда риновирус отитке (құлақтың қабынуы), бронхитке және бронхиолитке (ұсақ бронхтардың қабынуы) әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ бронх демікпесі және өкпенің созылмалы аурулары бар адамдар да жоғары қауіп тобына жатады. Мұндай науқастарда риновирус негізгі аурудың асқынуына себеп болып, жөтелді күшейтіп, ентігуге әкелуі мүмкін.
Дәрігер аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде физикалық жүктемені азайтып, көбірек демалуға, бөлмені жүйелі түрде желдетуге және жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішуге кеңес береді. Ал денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет.
Бұған дейін интернетте Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы өршіп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Медицина мамандары елдегі жағдайға қатысты түсініктеме берді.












