«Құтты мекен» жобасы 7,5 млн ауыл халқының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді
Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияға «Құтты мекен» жобасын іске асыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» партиясы еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы керек. Осылайша 7,5 млн ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мүмкіндігі туады. Ең алдымен үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмыстарын жүргізуі керек», - деді Президент Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде.
Елбасы Ахметжан Есімовтің Ауыл шаруашылығы министрі болған жылдары жүргізілген тәжірибені еске салды.
«7 мыңнан астам ауылды үш топқа бөліп қарастырдық. Халық саны көп, орталықтағы ауылдарды әрі қарай дамытып, жағдайы орташа ауылдарға көмектесу керек. Сосын кішігірім ауылдар бар. 10-20 үйі бар ауылдарға аурухана, мектеп салудың қажеті жоқ. Сондықтан, аудан орталықтарының инфрақұрылымын жақсарту кезінде бірден интернаттар тұрғызу керек. Себебі балалар сапалы білім, сапалы медицинасы бар жерде өсуі тиіс. Ауылдармен осындай тәсіл арқылы жұмыс істеуі қажет», - деп толықтырды сөзін Н.Назарбаев.
Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр.
Съезд «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Онда бірнеше мәселені қарастыру көзделген.
Ең алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалады. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланатын болады.
Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысуда. Олардың 1200-і - еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, ал қалған 800-ге жуығы - қонақтар.