“Жаңару” – қоғам қолдауын күтеді
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бұл бүкіл халықтық іс болуы тиісті» деп оған жалғыз құқық қорғау органдарының күшімен тосқауыл қою мүмкін еместігін атап көрсетті.
Осыған орай қоғамның барлық саласына дендеп енген індетпен жалпы халық болып күресу мақсатында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, өз жұмысын бастап кетті.
Бірлестік Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларын қолдау, қалың бұқараны қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресуде құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарға көмек көрсетуге шоғырландыру, мемлекеттік және өзге де ұйымдар мен қызметтердің лауазымды тұлғаларының қызмет бабын теріс пайдалану жағдайларын анықтауға көмектесу, сыбайлас жемқорлықты туындататын себептер мен жағдайларды анықтау бойынша талдау жүргізу және оларды жою бойынша ұсынымдарды әзірлеу, қазақстандық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, қоғамдық бақылау құрылымдарын құру мақсатында құрылған.
Бірлестік Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принциптеріне сәйкес әрекет етеді.
Республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы болып мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов сайланған.
Жарғылық мақсаттарын жүзеге асыру үшін бірлестік қызметі туралы ақпаратты еркін таратуға, құқықтарын, өзінің мүшелерінің және өзге де азаматтардың заңды мүдделерін мемлекеттік билік органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен және қоғамдық бірлестіктерде білдіруге және қорғауға, қоғамдық өмірдің әртүрлі мәселелері бойынша бастама жасауға, мемлекеттік билік органдарына ұсыныстар енгізуге, қолданыстағы заңнамада көзделген тәртіппен мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімдерін әзірлеуге қатысуға, құрылымдық бөлімшелер, филиалдар мен өкілдіктер құруға құқылы.
Бірлестікке Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтары және заңды тұлғалары (саяси партиялар мен кәсіби одақтарды қоспағанда) жазбаша өтініштің негізінде мүше бола алады. Бірлестік Жарғысына сәйкес Қызылорда облысы және Қазалы ауданы бойынша филиалдар құрылған.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты халықпен бірлесіп атқару мақсатында №43 санды облыстық әкімдік пен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің арасында өзара меморандум жасалды. Алдағы уақытта ондағы көрсетілген мақсат пен міндеттерге сәйкес сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларын қалыптастыруға және ілгерілетуге белсенді түрде атсалыса береміз.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дейді. Сондықтан «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық филиалы баршаңызды бірлесе жұмыс жасауға шақырады.
Талайлы БӨРІҚҰЛАҚОВ,
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы
жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының басшысы