Сенімге селкеу түспесін
Сыбайлас жемқорлықпен күрес көптеген елдердегідей бізде де күн тәртібінен түскен емес. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-шы басым бағытында сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне қатысты мәселеге ерекше мән берілген.
Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті етіп қойды. Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін жасауда, заңнамалық база әзірлеуде біздің ел көшбасшылық көрсетіп келеді. 1998 жылғы 2 шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылданып, онда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялық саясаты белгіленді. Сонан бері оған бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң 2015 жылғы 18 қарашадан бастап қолданыста.
Елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыты – сыбайлас жемқорлық қатерлерін төмендетуге, мемлекеттік органдар қызметіне қоғамның сенімін арттыруды көздейді. Партиялық-мемлекеттік және бақылаудың өзге де қоғамдық тетіктерін енгізе келе сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жасау мемлекет пен қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторларының бірі болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік ахуалын қалыптастыру арқылы бүкіл қоғамды қатыстыру, «Нұр Отан» партиясының да маңызды міндеті ретінде белгіленген.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мемлекеттік органдармен, оның ішінде аудандық прокуратура, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл күрес агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің батыс аймағы бойынша ауданаралық бөлімі, аудандық полиция бөлімі мен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, жұмыспен қамту орталығы, халық банкімен бірлесе белгіленген іс жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізуде. Ауылдық округтерде, Әйтеке би кенті және Қазалы қаласында тұрғындармен кездесу өткізілді.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес арқылы аудандық партия филиалында ағымдағы жылдың 10 айында 3 кеңес отырысы, бастауыш партия ұйымдары мекемелермен бірлесіп 3 семинар, 12 жиналыс, 8 рет дөңгелек үстел мен түрлі шаралар ұйымдастырылды.
Партияның аудандық филиалында құқық қорғау органы басшыларымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес мүшелерімен әр тоқсан сайын комиссия отырысы және қоғамдық қабылдаулар өткізу жасалған кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қолданылып жатқан шаралар әлі тиімді нәтиже бере алмай отыр және халықаралық рейтингтер Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің әлі де болса жоғары екендігін көрсетеді.
Елбасы «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді жоғалтып, ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады» деп талап қойды. Сондықтан, мемлекет басшысы айтқан маңызды міндеттерді сәтті іске асыру үшін өз үлесімізді қосуға, ел мәртебесін жаңа биікке көтеруге және сыбайлас жемқорлықсыз қазақстандық қоғам құруға барынша қолдау көрсетуіміз қажет.
Ібайдулла ТІЛЕП,
«Тілеп» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты,«Нұр Отан» партиясы аудандық
филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы