Жаңа ғасыр жастарының жантануы
Сенбі күні Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепте жоғарғы сынып оқушыларынан құралған “Жантану” психологиялық клубының ашылу сәті өтті. Оған облыстық оқу орталығының әлеуметтік-педагогикалық қызмет бөлімінің мамандары Нұржамал Раханова мен Гүлзат Жұмағалиқызы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Надира Аманкелдіқызы және аудан мектептерінің психологтары қатысты.
Салтанатты рәсімде Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектебінің директоры Төребай Шермаханов келген қонақтарға алғысын білдіріп, клуб мүшелеріне сәттілік тіледі. Оның айтуынша, жасөспірімге клубтың берері мол. Онда оқушылардың психикалық денсаулығын нығайту мен жеке тұлғаның қасиеттерін дамытуға және қиындыққа тап болған досына көмек көрсету дағдыларын бойына сіңіруге жағдай жасалады.
Жиын барысында клуб мүшелеріне арнайы бейдж табысталды. Жантанушылар көңілге ой салатын “Мен өмірді таңдаймын” көрінісін шынайы бейнелеп берді. Мұндағы жас өскіндер “әр адамның өмірі өз қолында” деген ұранды ұстанады. “Кез келген адам өмірлік жолын өзі шешіп, алдын ала бағдар жасайды. Осы таңдаған бағытында әрине қиындықтар кездеседі. Сол соқпақтардан сүрінбей өтуі, оның мінезі мен қайратына байланысты. Сондықтан алдағы уақытта балаларға түрлі ертегілерді сомдау жоспарда бар. Себебі ішкі уайымды қуыршақ арқылы сыртқа шығару, сана-сезімін дамыту мақсатында қуыршақ терапиясының мүмкіндігі мол”, – дейді клуб жетекшісі Дінислам Бақытжанұлы.
Басқосуда балалық шақтың естелігі ретінде “Бауырсақ” ертегісі ұсынылды. Сонымен қатар әйнекке сурет салу арт терапиясы ұйымдастырылып, көңіл-күйді көтеретін дене жаттығулары көрсетілді. Сондай-ақ “Объективті позитив” фотогалереясы мен “Мен өмірді сүйемін” суреттер көрмесінің жеңімпаздарына тарту-таралғы жасалып, мақтау қағазы табысталды.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ