Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерлікпен тең еңбек

Ерлікпен тең еңбек

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында редакцияға арнайы келген Әйтеке би кентінің тұрғыны, теміржол саласының ардагері Алдамжар Өміртаев: «Кешегісіз бүгін болмайды. Менің әкем ел тағдырын бәрінен жоғары қоятындардың қатарынан табылып, ерен еңбек еткендердің бірі. Ол әсіресе екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «бронмен» тылда қалып, мылтықсыз майданның бел ортасында жүрген. Бейбіт күнді жақындату жолындағы жанкешті іске белсене атсалысқан» – деп сыр ақтарды. Сосын оның өмір және еңбек жолына байланысты өзінде сақталған құжаттарын алдымызға жайып салды.
Алдекеңнің айтуынша, 1902 жылы туған әкесі Жұмаш он үш жасқа толғанында орыс байына жалданып, тіршілік қамын күйттейді. Алғырлығы мен зеректігінің арқасында олардың тілін үйреніп, жазу-сызуға бейімделеді. Базарда сауда жасап, көпшілікпен араласады. Мектептен білім алып, 1920 жылы Қазалы теміржол стансасына бұйрық беруші болып орналасады. Бұдан кейін Қазалы резервінде кіші кондуктор, пойыз торабының кіші кондукторы атанып, Қазалы аудандық тұтынушылар одағының меңгерушілігіне жоғарылайды. Аудандық база меңгерушісінің орынбасары, дайындау кеңесінің директоры, Қазалы өлкелік кеңесінің кадр бөлімінде жауапты қызметтер атқарады.
1932-1938 жылдары аудандық тұтынушылар одағы басқарма мүшелігіне сайланып, әскери кооперативтік бөлім бастығы, соған қоса аудандық тұтынушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазалы-Жосалы ауданаралық база бөлімдерінде істеп, Жаңақазалы поселкелік кеңесі төрағасының, Қазалы қалалық кеңесі төрағасының орынбасары болады.
«Ел еңсесін ер тіктер» деген. Неміс-фашист басқыншылары Отан шекарасына тұтқиылдан шабуыл жасап, лап қойғанда бүкіл ер азаматтар қарап қалмады. Қолына қару ұстауға жарайтындардың бәрі де соғыс даласына аттанды. Жұмаш болса тиісті орындардың тапсырмасына сәйкес еңбек майданның алғы шебінен көрінді. Қысталаң кезеңнің алғашқы жылдарында Қазалы машина-трактор станциясының басшылығы тізгінін қолға алды. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұранына қызу қолдау көрсетіп, ауыл шаруашылығы жұмыстарын ұтымды ұйымдастырды. Техникалардың тоқтаусыз жүріп, азық-түлік молшылығын жасауына аянбай тер төкті.
Тағы да жоғарыдағы басшы­лардың қалауымен сұрапыл шақтың орта шенінде қызмет бабы болат жол бойымен қайта түйісті. Сөйтіп, Қазалы резервінде бас кондуктор, Қазалы кондукторлар бригадасының бастығы бола жүріп те Жеңіс күнін жақындату жолындағы жарқын істерге өлшеусіз үлесін қосты. Теміржолшы мамандар арасындағы тәртіптің берік сақталуын күн тәртібінен түсірмеді. Майдандағы жауынгерлерге жіберілетін вагон толы азықтың және мүліктік заттардың межелі жеріне уақытылы жөнелтуін қамтамасыз етіп отырды.
Соғыстан кейінгі жылдары Қазалы теміржол бөлімінде техникалық оқыту инженері, тексеру бригадасында нұсқаушылық қызмет атқарып, көптеген жаңа буын мамандарды тәрбиелеп шығарды.
Еңбек және тыл ардагері Жұмаш Өміртаев Ұлы Отан соғысы және бейбіт жылдардағы қажырлы еңбегі үшін «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының грамотасымен және «Еңбек Қызыл Ту», Ленин ордендерімен марапатталған.
Отанымыздың гүлденіп бейбітшіліктің нығаюына атсалысып, ел есінде сақталған Жұмаш Өміртаевтың жетпістің екеуіне аяқ басқан кенже ұлы Алдамжар Өміртаев бізбен әңгіме барысында:
– Мен әке жолын қуып, теміржол саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Отбасында зайыбым Өтебике екеуміз он бір бала тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Балаларыма аталарының өмір жолын үнемі үлгі етіп айтып отырамын, – деген пікірін жеткізді.
Ал Жұмаш атаның ағайындас інісі Жақсылық Баймұратов:
– Ағамыздың жүрегі әрдайым елім деп еміреніп тұратын. Ол кісі өзінен бұрын ел-халқының жағдайын көбірек ойлайтын арда азамат еді, – деп еске алады.
Иә, Отан үшін от кешкен әкелердің өшпес ерлігі мен есімі ешуақытта ұмытылмақ емес.

Сахи ҚАПАР
11 мамыр 2018 ж. 1 472 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930