Ақындар мүшайрасы
Әйтеке би кентіндегі Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында "Нұр Отан" партиясының 20 жылдығы қарсаңында, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Нұр Отанмен – нұрлы болашаққа» атты аудандық жазба ақындар мүшайрасы болып өтті.
Елдің ұлттық-рухани байлығын жаңғырту, тіл мәдениетін, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, дарынды, талапты жасөспірімдер шығармашылығын көтеру мақсатындағы шараға белгіленген шартқа сәйкес келетін 16-25 жас аралығындағы 12 талапкер қатысып, өнерін ортаға салды.
Байқауға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қ.Мәмбетжан, Қазалы аудандық орталық кітапхананың меңгерушісі И.Назарова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі, Ғ.Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері Г.Иманалиева қазылық жасады.
Байқау нәтижесі бойынша жүлделі үшінші орынды № 24 мектептің шет тілі пәнінің мұғалімі Қызғалдақ Елемес пен № 91 мектептің 11 сынып оқушысы Мадияр Әбілқасым жеңіп алды. Екінші орынды Қазалы аграрлы-техникалық колледждің 2 курс студенті Аян Иманалиев пен № 103 мектептің шет тілі пәнінің мұғалімі Жанат Ержігітова иемденсе, №70 мектептің дефектолог маманы Айдана Сабыр жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің мұғалімі Жандос Әбдіғаппар оза шығып байқаудың бас жүлдесін алды.
Жеңімпаздар арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқауға қатысушы барлық талапкерлерге аудандық партия филиалының Алғыс хаты табыс етілді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат