Қызылордада 1925 жылғы қазақ орталық атқару комитетінің ғимараты қайта салынды
Сырдарияның сол жағалауында бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша құрылысы қайта салынды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақта орындалу барысы туралы өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Ғимарат ішінде Рухани жаңғыру орталығы мен мұражай орналасатын болады. Нысанның құрылысы толық аяқталды. Жақын күнде орталық пайдалануға берілетін болады.
«Сырдарияның сол жағалауында бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша рухани жаңғыру орталығының құрылысы қайта салынды. Онда 1925 жылы этносты «Қазақтар» деп атау туралы тарихи шешім қабылданған болатын. Жаңа ғимаратта рухани жаңғыру орталығы мен мұражай орналастырылады», - деді аймақ басшысы.
Мұнан бөлек, Сырдарияның сол жағалауында Жастар ресурстық орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап өтейік, бүгінде облыста ауылдық жердегі жастармен жұмыс істейтін 9 жастар ресурстық орталық жұмыс істейді. Мәселен, орталықтарда шет тілдері мен шешендік шеберлік курстары ұйымдастырылған.