Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сандық жүйенің сиқыры

Сандық жүйенің сиқыры

Заманды нарық билеген тұста уа­қыт шынында да құнды. Тіптен жа­қын-жуықтың қуаныш-қайғысын бөлісуге де мұршамыз болмай жатады. Мұны көбінесе жұмысбастылықтан көреті­німіз рас. Ақын апамыз Күләш Ахметова айтпақшы, жолға шықсақ жетуге асығамыз, жете сала кетуге асығамыз. Бұндай қарбалас жүрген жандар осыдан он жыл бұрын халыққа қызмет көрсету орталығында көп байқалатын. Орталық қызметіне жүгінуші жұрттың қарасы қалың болатыны соншалық, бірсыпырасы сыртта күтетін. Ал қазір тұрғындар үйде отырып-ақ керек құжатын рәсімдей алады. Бұл – ХҚКО-ның цифрлы үкімет қалыптастырып үлгергенінің көрінісі.

Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты 2007 жылы пайдалануға беріліп, 2008 жылдың наурыз айында жұмысын бастаған. Бір типті киім үлгісі мен сыпайы қызмет көрсететін 35 маман жұмыс істейді. Алғашқы жылдары 25 түрлі қызмет көрсетсе, қазіргі күні бұл 621-ге жеткен. Оның 506 құжаты egov.kz электронды порталы арқылы қолжетімді. Орталық жылына жүз мыңнан аса өтінім қабылдайды.
Ел аузында «бір терезе» аталып кеткен мекеме аудан әкімдігімен бірлесіп, ауылдық округтерді аралайтын арнайы мобильді топ ұйымдастырған. Бір айда бес рет ауылдарға ат басын бұрып, тұрғындардың өтінішін қабылдайды. Сондай-ақ, Қазалы қаласы әкімдігінде аптасына екі күн халыққа қажетті құжаттар рәсімделеді.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиімді жағдай жасалған. Олардың тілек-өтінішін қарайтын маман­дандырылған терезе ұйымдас­тырылған. Орталыққа келе алмайтын немесе электронды порталға шығуға мүмкіндігі жоқ мүгедек жандар үшін 1414 желісі жұмыс істейді. Көрсетілген нөмірге хабарласып, керек құжатқа өтінім жасалғаннан кейін, мекеме қызметкері дайын анықтаманы үйіне апарып береді. Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Кәмшат Жолмырзаеваның айтуынша, электронды портал жұмысын бастағанына біршама уақыт өтсе де азаматтар оның тиімділігін толық түсініп үлгерген жоқ. Қазіргі таңда sms-құпия сөзін қолдана отырып және порталдың телеграм чаты арқылы да жеке құжаттарды рәсімдеуге болады. Мұндай мобильді қосымшалардың материалдық базасы күн өткен сайын ұлғайып келеді.

Sms-құпия сөзі арқылы қызмет алу ережесі тіптен оңай. Аудандық перзентхана мен аталған орталықтың мәліметтер базасы біріге жұмыс жасайтындықтан, жаңа туылған нәресте туралы мәліметті орталық та дер кезінде біледі. Сол арқылы автоматтандырылған жүйе нәресте анасының телефонына алдымен құттықтау тілегін жолдайды. Бұдан соң, сәбидің құжаттарын рәсімдеу туралы келісімін алып, жинақталған құжатты АХАЖ бөлімінің базасына жібереді. Туу туралы куәлік дайын болған сәтте ХҚКО-ның қызметкері туылған сәбидің анасына табыстайды. Сондай-ақ, орталық қызметкерлері ана мен бала перзентханадан шыққанға дейін жөргекпұл мәселесін шешіп, балабақшаға кезекке қоя алады. Ол үшін тек сәбидің анасы телефонына келіп түскен хатқа жауап беріп отырса болғаны.
Электронды порталдың телеграмдағы чаты өзіндік артықшылықтарға ие. Әзірге 20 түрлі өтініш қабылдайтын жүйенің қызметін пайдалану үшін алдымен телеграм желісінен EgovKzBot чатын іздеуіңіз керек. Одан соң «старт» батырмасын басу керек. Қажетті құжатты таңдап, телефоныңызға жүктеп немесе электронды поштаңызға жіберсеңіз болады. Бұл үшін 1-2 минут қана уақыт жоғалтасыз. Бұдан бөлек, ХҚКО-на келетін уақытыңызды белгілеп, телефон арқылы кезекке тұра аласыз.
Портал арқылы үшінші тұлға үшін анықтама алуға да мүмкіндік қарастырылған. Кез келген азамат басқа қалада білім алып жүрген баласы мен қызмет барысымен сапарлап кеткен жұбайының құжатын ала алады. Әрине, қауіпсіздік мақсатында оларға ескертпе хабарлама жолданып, келісімі сұралады.

ХҚКО-ның жұмыс барысымен танысуға барғанымызда осындай мәселемен жүрген Әнуар Бекжанов есімді жігіт ағасын әңгімеге тартқан едік. Айтуынша орталық мамандары телеграм арқылы ұлының мекенжай анықтамасын алуға көмектескен.
– Шынында өте тиімді екен. Бұрын да электронды портал арқылы қажет құжатты алуға болады дегенді еститін едім. Алайда телефондағы дүниені түсінбей, анықтаманы осында келіп алғанды оңай көремін. Қосымша бағдарламаны қолданудың қиындығы жоқ екен. Үйреніп алдым. Есесіне болашақта уақытымды үнемдеймін, – деді ол.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
02 ақпан 2019 ж. 1 064 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 110

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930