Судың ыдыстарында «балаларға арналған» деген жазу болуы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың қаңтарынан ЕАЭО-ның «Табиғи минералды сумен қоса ыдыстағы ауыз судың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент күшіне енді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) техникалық регламенті 2013 жылдың шілдесінен бастап қолданыстағы ыдыстарға құйылған ауыз суға және «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» басқа да одақтық техникалық регламентпен белгіленген минералды ауыз суға қойылатын жеке міндетті талаптарды толықтырады. ЕАЭО-ның жаңа құжаты табиғи минералды суға, соның ішінде асханаға, емдік-асханаға және емдік суға, сондай-ақ өңделген және табиғи ауыз суға, балалар тамағына арналған ауыз суға, жасанды минералданған ауыз суға қатысты», - делінген таратылған мәліметте.
Техникалық регламент (ЕАЭО) буып-түйілген ауыз судың мақсаты мен қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында әзірленді. Бұл құжат ЕАЭО кедендік аумағында қолдануға және орындауға міндетті одақтың кедендік аумағында айналымға шығарылатын және тұтынушыларға өткізуге арналған буып-түйілген ауыз судың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды, оны өндіру, сақтау, тасымалдау тәртібін, сондай-ақ одақтың кедендік аумағында оның еркін айналысын қамтамасыз ету үшін ауыз суды таңбалау мен орауға қойылатын талаптарды белгілейді.
«Балалар тамағына арналған ауыз су ыдыстарында міндетті түрде «Балалар тамағына арналған» деген жазу пайда болады. Өндіруші немесе сатушы ауыз су (үш жасқа дейін немесе үш жастан бастап) қай жастағы балаларға арналғандығы туралы мәлімет беруі тиіс. Сонымен қатар, жалпы минералдануы, химиялық элементтері, сақтау шарттары және ыдысты ашқаннан кейін жарамдылық мерзімі жайында хабардар етуі керек», - делінген хабарламада. Атап айтқанда, балалар тамағына, емдеу-асханасына және емдік табиғи минералды суға арналған ауыз судан өзге буып-түйілген ауыз су айналымға шығарар алдында декларациялануы тиіс.