Міндет мінберінен табылған
«Жігіттің күшін сұрама, бітірген ісін сұра» дейді таныс тәмсіл. Күші мен ісін бір арнаға тоғыстырып, азаматқа лайық жауаптылық жүгін қайыспай көтеріп келе жатқан осы бір ширақ қимылды жігітті әріптестері көпке үлгі етеді. Тындырымдылығымен танылған жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Самат Бердібеков осындай жан.
Біз сөз етіп отырған Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университеттің құқықтану мамандығы бойынша диплом алған түлегі алдағы барлық мақсаттары мен мүдделерін бір арнаға тоғыстыруды жөн деп табады. Ол – Отанға адал қызмет ету болатын. Отбасының үлкені бұл ойын айтқанында ата-анасы бастапқыда алаңдаушылық білдіргенімен, артынша қызу қуаттайды. 2009 жылы алғаш еңбек жолын бастаған Самат Қызылорда қаласындағы ішкі істер департаментінің патрульдік полиция бөлімшесіне қызметке кіріседі. Полицейлік жұмыста ізденіс пен тәжірибе жинақтау — маңызды. Білмегенін сұрап, білгенін дамытып жүрген аға сержан үшін бұл кез сынақ мерзімімен бірге үлкен тәжірибе алаңы бола алды. Осы жерде қылмысты естігеннен бастап, оны анықтау мен болдырмау, орын алған жайды дер кезінде ашу туралы дағды қалыптастырды. Қалада болған қылмыстарды құрықтап, заң бұзушылықтарды бұғаттаған жас маманның жұмысы басшылық тарапынан бағаланып, мақтау-марапаттарға ие болды.
Арада үш жыл өткенде «Ер — туған жеріне» деп Қазалыға оралған Самат Сейілханұлы жаңа орынды да жатырқамай, тез сіңісіп кетті. Енді бар жиған білімі мен білігін туған мекенінің тыныштығына жұмылдырды. Алдымен әкімшілік қамау орнында аға кезекші қызметінде болған ол кейін жергілікті полция қызметіне ауысады. Учаскелік полиция инспекторына қойылатын қылмыстылықтар санын азайту, өзіне жауапты аумағында тіркелген құқық бұзушылықтың ашылуына қатысу, қылмыстылар арасында профилактикалық шаралары арқылы қылмыскерді құрықтау, мас күйінде жасалған жағымсыз жайдың алдын-алу, отбасындағы және үйдегі орынсыз оқиғаны болдырмауға атсалысу, қаланың тазалығын сақтауды қоса алғанда, әкімшілік заң бұзушылықтардың орын алмауын қамтуды — бұл күнде Самат санасына терең сіңірген. Сөресінде самсаған сан түрлі марапаттар сөзімізді дәлелдей түседі. Олардың арасындағы 2018 жылы Ішкі істер министрлігінен алған «Үздік сақшы» бағамы жауапкершілік жүгін одан әрі нықтайтынын бізбен әңгімесінде айтып өтті.
Кейіпкеріміз туралы бөлімше басшысы, полиция майоры Болат Айымқұлов: «Полиция аға лейтенанты, №4 әкімшілік аймақтың учаскелік полиция инспекторы Самат Бердібеков — бөлімшедегі мақтаулы мамандардың бірі. Өзіне тиесілі ауданның шығыс беткейіндегі маңызды орындар мен жаңадан қатары күн санап артып келе жатқан 4 квартал аймағында 6 мыңға жуық халық тұрады. Сол жерде орын алған қылмыстардың барлығының дер кезінде ашылуына жедел атсалысады. Оның қатысуымен өткен жылы тіркелген 98 арыз шешімін тапса, 379 құқық бұзушылық анықталған», — дейді ыстық ықыласқа толы пейілмен. Бұлардың ішінде мүлдем төзбеушілік, нашақорлық, араққұмарлық, суық қару пайдаланушыға тосқауыл қою, түнгі тынышсыздықты түзету, қайыршылық ісі, отбасында орын алған келеңсіздік секілді түрлі бағыттағы жұмыстардың оңайға соқпағаны анық.
Өздерінің учаскелік полицейлері туралы тұрғындар да жақсы пікірде.
Самат Бердібеков жұмыс пен отбасының татулығы тізгінін тел ұстап келеді. Жан жары екеуі үш бүлдіршін тәрбиелеп отыр. Саматпен бірге туған інілерінің де құқық қорғау саласын таңдауын кездейсоқтық деуге болмас. Тете інісі Алмат — аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры болса, полция аға лейтенанты Асхат Бердібеков — облыстық полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының аға инспекторы.
Осындай аса маңызды сала сапында қызмет еткен тәртіп сақшысы — міндет мінберінен табылған азамат.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА