Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектептегі ер мұғалімнің орны қандай?

Мектептегі ер мұғалімнің орны қандай?

Қолдағы бар статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні мектептегі мұғалімдер арасында ер азаматтардың үлес салмағы көңіл көншітпейді. Тіпті, төмен деп те айтуға болады.
Бала тәрбиесімен айналысатын маман­дардың пікірінше, осындай ілгері басқан үдеріс ұлтымыздың ертеңі үшін өте қауіпті екен. Мектептегі ер мұғалімдердің аздығы біріншіден, ұлдарымыздың болмыс-біті­міне әсер етеді. Олардың арасында “Қыз мінезділер” саны артады. Екіншіден, мектеп жасындағы балалардың тәртіпсіздікке үйірсектеуінің бірден-бір себебі де осында сияқты.
Тілге тиек етілген мәселе төңірегінде біздің оқырмандар не дейді? Енді соған назар аударыңыз.
Қуаныш КӨМЕКБАЙ, Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның директоры:
– Мектеп білім беретін мекеме ғана емес, сондай-ақ тәрбие ошағы. Ал, әрбір білім ордасында отбасындағы сияқты әйелмен қатар ер азаматтардың болғаны жөн. Бұның жас ұрпақтың білімді болуымен қатар, көргенді, тәрбиелі, әдепті болып өсуіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Мектептердегі ер мұғалімнің аздығы ұрпақ болашағына кері әсер етеді. Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Себебі, қыз балалар мектептегі ағайларын үлгі тұтады. Дос, болашақ жар таңдағанда да қателеспеуі үшін мектептегі мұғаліміне ұқсайтын азаматты іздейді. Ер мұғалімдердің көбірек болуының тағы бір пайдасы, қыздарымыз ибалы, қылықты болып өседі. Ұятты, ар-намысты жоғары қоятын қыздар көбейеді. Сондай-ақ, ұл балалар ер азаматтарға қарап бой түзейді. Солардай болуға талпынады. Киім киюді, өзін ұстауды, сөйлеу мәдениетін үйренеді. Ер мінезді, өр мінезді, намысшыл боп тәрбиеленеді. Әсіресе, жоғары сыныпта оқитын оқушыларға ер мұғалімдердің сабақ бергені өте тиімді бола түсер еді.
Бүгінгі таңда өзім басшылық жасайтын білім ордасындағы ер мұғалімдердің үлесі 20 пайыздай екен. Алдағы уақытта олардың қатарын арттыру жоспарда бар. Ол кезде ең бірінші ер азаматтардың білімділігімен қатар адамгершілік қасиеттері де сүзгіге салынатын болады.
Жанар ҚУАНЫШБАЙ, Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектеп психологы:
– Ер-азамат – елдің тұтқасы. Қазір статистикаға сүйенсек, ағартушылықпен айналысатындардың 80 пайызы әйелдер екен. Әрбір отбасындағы бүлдіршіннің өмірге келгеннен бастап, мектеп бітіргенге дейінгі кезеңінің маңызы бөлек. Балдырғандарымыздың «тұлға» болып қалыптасу барысы осы шақта басталып, бүгіннен болашақтарының негізі қаланады. Ал, мықты, әрі берік іргетас – жарқын келешек кепілі екенін бәріміз білеміз.
Иә, аналық тәрбие қажет. Дегенмен, баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке үндейтін, ұлы күш сабырлықтың иесі болып табылатын әке тәрбиесінің рөлі жоғары. Ерік-жігері мен табандылығы мықты, қайсар мінезді, намысты, отансүйгіш, өмірдің түрлі қиындықтарына төтеп бере алатын тұлға қалыптастыруда абзал әкелердің алар орны ерекше. Сондықтан өскелең ұрпаққа рухани дем берумен қатар дұрыс тәрбие беруді ер азаматтарымыз басты жауапкершілік деп ұғынса нұр үстіне нұр болар еді.
Кәрім БАЙМҰРАТОВ, Қазалы қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Біздер мектеп табалдырығын сонау 1947 жылы аттадық. Ол уақытта білім ошақтарында ер азаматтар көп-тұғын. Өзім оқыған мектепте де солай еді. Солардың арасында Таяубай Сереев, Жақып Ахметов, Жүсіпәлі Ахметов, Қалибек Бекетов, Мықтыбай Жанұзақов және тағы басқа ұлағатты ұстаздардың шоқтығы биік. Сөйте келе темірдей тәртіпті ұстандық. Алда-жалда балалардың арасында түсінбестік туындап, жанжал шығатын болса, онда әңгіме бөлек болатын.
Әрқашанда ер адамның сұсы бөлек. Тәртібі қиын деген оқушылардың өзі ағайларды көргенде қаймығып, сабасына түсе қоятын. Сондай-ақ, олар ұлдарға қиын сәттерде ақыл-кеңесін айтып, шетке шыға бастағандарды тура жолға салып отырды. Бірақ ондай балалар көп болмайтын. Біз әрдайым ұстаздарды алыстан көріп қалсақ, бас киімімізді шешіп, қашан жанымыздан өтіп кеткенінше күтіп тұратынбыз. Бұл да оларға деген үлкен құрметтің белгісі болатын.
Несін жасырайық, қазір мектептегі ер мұғалімдердің аздығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Әрине, бұл мүлдем жоқ деген сөз емес, бірақ аздық етіп жатқаны шындық. Алдағы уақытта мектеп басқарып отырған директорлар мүмкіндігінше ер мұғалімдердің санын арттыру қажет деп ойлаймын. Сонда ғана мектеп шаңырағындағы шәкірттер арасындағы шешімін күткен мәселелер түбегейлі шешіледі.
Бүгінгі таңда зиялы мамандар мектепте берік тәртіп орнатып, өнегелі ұл-қыздардың санын арттыру үшін ұстаздық қызметке, басшылық қызметке ер азаматтарды көбірек тарту қажет деген ұсыныс айтады. Бұған мен толықтай қосыламын.
Қалимаш Қазмағамбетова, ата-ана
– Қазіргі таңда неге екені белгісіз білім беру орындарында ер мұғалімдердің саны өте азайып кетті. Олардың көпшілігі негізінен дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, сызу сынды пәндерден сабақ береді. Балаларға білім мен тәрбие беру үрдісіне ер адамдар ауадай қажет. Оқушыларға ілім-білім үйретуде нәзік жандылардың сөзі «өтпейді». Оқушыларға ағайлардың «Тәйт!» деген сөзі жетіспейді. Босаңсып кеткен бала тәрбиесі олқылықтарын толтыруға да соның тигізер септігі ұшан-теңіз.
Бала тәрбиесіне ер-азаматтардың араласпауы дұрыс емес. Этнотәрбиемізге көз жүгіртсек, әйел ошақ басында болса, күйеуі сыртқы жұмыстарды істеп пайда тауып, отбасын асырайды. Көбінде әйелдер, негізінен, үйде бала тәрбиесімен шұғылданады. Бірақ бұл ер-азаматтар ұрпақ тәрбиелеуден тыс қалады деген сөз емес. «Отбасында күйеуі – бас, әйелі – мойын» деген тәмсілді қаперге алсақ, мұның өзі бүкіл шаңырақ мүшелері әкесінің қабағына қарайтынын, оның айтқанын мүлтіксіз орындайтынды меңзейді. Дана халқымыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаған. Психологтардың айтуынша, бала әкесін, атасын мақтан тұтуға бейім тұрады.
Еліміздің болашағын ойласақ, мектептердегі ер ұстаздар санын көбейтуге мән берген дұрыс. Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет екенін естен шығармасақ, бұл да бірте-бірте түзелері анық.
Абдулла ТОҒАМЫС, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің оқушысы:
– Мен атағы аудан көлемінен асып, облыс, республикаға жеткен мектепте оқып жүргеніме қуанамын. Мұнда сапалы біліммен қатар, тәлімді тәрбие де алып жатырмыз. Бұл жолда бізге сабақ беретін ағайлардың орны ерекше. Солармен әрдайым мақтанамыз, өскенде мұғалімдерімізге ұқсаған азамат болуды армандаймыз.
Біздің лицейдің оқушылары да, ұстаздары да шеттерінен зияткер, дарынды және талантты. Күні кеше ғана менімен қатар оқитын құрбыларым облыстық күзгі спартакиада ойындарында жеңімпаз атанды. Біздің мектепте еңбек ететін Мұқағали Сансызбаев жыл сайын жазғы демалыс кезінде көгалдағы хоккейден “Қайсар” командасының сапында Ресейдің ашық біріншілігінде өнер көрсетіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мәселен, биыл командаластарымен бірге Мұқағали Серікұлы Ресей ашық біріншілігінде топ жарып, Қызылорда облысының ғана емес, бүкіл қазақ елінің абыройын асқақтатты. Сондай-ақ, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Ерлан Құрманов, Олжас Орынбековтер де өзінің сабырлы мінезімен бізге үнемі үлгі-өнеге көрсетеді.
P.S.Өкінішке орай, соңғы кезде ұл-қыздарымыздың біразының әдепсіздікке бойұра бастағаны сезіледі. Әсіресе, ер балалар арасында бір-бірімен жиі кикілжіңдесіп, топ құрып төбелесетіндер де ұшырасады. Ұсақ-түйекке бола шыдамдылық танытпай, жағасына жармасып, сәл нәрсеге қызылкеңірдек боп қалатындар кездеседі. Одан бөлек, еріншек, жалқау, болбыр бозбалалар көбейіп барады. Міне, мұның бәрі мектептегі ер мұғалімдерсіз ұрпақ тәрбиелеудің салдары екендігін көрсетіп отыр.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ




11 желтоқсан 2018 ж. 2 587 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930