SpaceX Қазақстанның ғылыми-технологиялық мақсаттағы екі спутнигін ғарышқа ұшырды
Ұшырылған ғарыш аппараттарының бір мақсаты - Жер ионосферасына ғылыми зерттеу жүргізу.
4 желтоқсан күні Астана уақыты бойынша сағат 00.32-де АҚШ-тың Вандерберг ғарыш айлағынан ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінің екі қазақстандық ғарыш аппараты – KazSTSat микроспутнигі мен KazSciSat-1 наноспутнигі Falcon 9 тасымалдағыш зымыранымен ұшырылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ғарыш аппараттарын ұшыру штаттық режимде өтті. Оларды ұшырудағы мақсат – жобалау технологияларын жетілдіру, жинау және төменгі орбиталы ғарыш аппараттарын сынау, Жер ионосферасына ғылыми зерттеу жүргізу, технологиялық жүктемелер (меншікті әзірлемелердің қосалқы жүйелері) үшін ұшу тарихын алу.
Ғарыш аппараттарын құруға ҚР ҚАӨМ Аэроғарыш комитетінің қарамағындағы “Қазақстан Ғарыш сапары” ҰК” “Ғалам” ЖШС мен комитетке қарасты Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығының Ғарыштық техникалар мен технологиялар институты қатысты.
Айта кету керек, 23 қазанында “Ғалам” ЖШС инженерлері SSTL, Spaceflight және SpaceX компанияларындағы әріптестерімен бірлесіп тасымалдағыш зымыранның ғарыштық бастиек бөлігінің модуліне спутниктер орнатты.
Ұшырылым видеосын https://www.spacex.com/webcast сілтемесі арқылы өтіп көруге болады.