Баланы онлайн режимде тұрақты тіркеуге тұрғызуға бола ма?
Жыл соңына дейін ел тұрғындарына баланы тұрғылықты мекенжай бойынша онлайн режімде тіркеуге болатын әдіс-амал ұсынылмақ. Бұл туралы «Ашық диалог» порталында тұрғындардың сұрағына жауап берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
Балаларды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу қызметін неліктен онлайн режімге көшірмеске? E.gov порталында кәмелеттік жастан асқандар тіркеле алады. Ал балаларын тіркеу үшін ата-аналар міндетті түрде ХҚО-ға баруы керек. Ал әдетте жұмысында жүретін ата-аналарға балаларын ХҚО-ға апаруға уақыт табуы қиынға түсетіні анық. Себебі, миграциялық полиция жұмыс күндері кешкі 18:30-ға дейін, ал сенбіде 13:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Осыған байланысты баланы тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрақты тіркеу қызметін онлайн режімге ауыстыру қарастырылып жатқан жоқ па?» - деп сұрақ қояды Нұржан Абитов есімді тұрғын.
Бұл сұраққа жауап берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру басталып кеткенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта «ҚР тұрғындарын тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу» мемлекеттік қызметін оңтайландыру аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 16 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты мекенжайы бойынша электронды үкіметтің веб-порталы арқылы тіркеу мүмкіндігін іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталмыш мүмкіндікке осы жылдың соңында қол жеткізуге болады деп күтілуде. «Электронды үкіметтің» дамуындағы белсенді азаматтық ұстанымыңыз үшін алғыс білдіреміз», - деп жауап берді Дәурен Абаев.