Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнеркәсіпте өзгеріс көп

Өнеркәсіпте өзгеріс көп

Сараптама

Қазіргі таңда ұлттық экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті азайту және өңдеу өнеркәсібін дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы орайда стратегтердің назарынан тыс қалмай отырған маңызды саланың бірі – жеңіл өнеркәсіп. Ел көлемінде бұл сектор әлеуметтік маңызы зор бағыт ретінде бағаланса, Қызылорда облысы сияқты дәстүрлі түрде аграрлық-индустриялық бағыттағы өңірлер үшін бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашудың және өңірлік экономиканы көтерудің бірден-бір тиімді тетігі бола алады.

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі – бұл тек киім мен тоқыма бұйымдарын шығару ғана емес, сонымен қатар мыңдаған адамды, әсіресе әйелдер қауымын тұрақты жұмыспен қамтып отырған әлеуметтік маңызы бар сала. Соңғы жылдары елде тоқыма бұйымдары, былғары және аяқ киім өндірісін қолға алған кәсіпорындар саны артып келеді. Дегенмен, республикалық деңгейде шешімін таппай келе жатқан түйткілдер аз емес. Елімізде сапалы мақта мен жүн өндірілгенімен, оның айтарлықтай бөлігі сыртқа шикізат күйінде шығарылып, кейін дайын өнім болып қымбат бағамен қайта оралады. Өз елімізде тоқыма фабрикаларына қажетті фурнитура, мата түрлері толық көлемде шығарылмайды. Ішкі нарықтағы арзан импорттық (әсіресе сырттан келетін жаппай тұтыну тауарлары) өнімдер отандық өндірушілерге үлкен бәсеке тудырып, бағалық тұрғыдан ұтылдырып жатады. Технологтар, тігіншілер, дизайнерлер және инженерлік құрамды даярлайтын оқу орындары мен өндірістің тығыз байланысы әлі де жеткіліксіз деңгейде.
Қызылорда облысы көбінесе мұнай-газ саласымен, күріш өндірісімен және құрылыс материалдарымен танымал. Алайда соңғы жылдары жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлер шағын және орта бизнес аясында жеңіл өнеркәсіпті, атап айтқанда тігін цехтары мен ұлттық қолөнер бағыттарын дамытуға бет бұра бастады. «Ауыл аманаты», «Өңдеу өнеркәсібін қолдау» және әр түрлі бизнес-бастамаларға арналған қайтарымсыз гранттар есебінен аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында шағын тігін шеберханалары ашылып жатыр. Әсіресе, көпбалалы аналар мен жұмыссыздар өз ісін ашып, мектеп формасын, ұлттық киімдер мен үй текстилін шығаруды қолға алуда. Өңірлік кәсіпорындар мектептерге қажетті формалар, арнайы жұмыс киімдері (спецодежда) және медициналық мекемелерге қажетті тоқыма өнімдерін тігу арқылы тұрақты тапсырыстарға қол жеткізуде. Қызылордадағы шешімін күткен басты мәселе қандай?

ӘЛЕУЕТ БАР, ЖҮЙЕЛІК ШЕ?

Өңірдің географиялық орналасуы мен ірі мегаполистерден қашықтығы дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруда логистикалық шығындарды арттырады. Жеңіл өнеркәсіп ұзақ мерзімді инвестицияны қажет ететіндіктен, коммерциялық банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі жаңа зауыттар мен ірі цехтардың ашылуын тежеп отыр. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда, соның ішінде Қызылорда облысында жеңіл өнеркәсіпті тығырықтан шығарып, жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін келесі шараларды жүзеге асыру қажет. Шикізат өндіруден бастап дайын өнімді бөлшек саудаға шығарғанға дейінгі тізбекті бір жүйеге біріктіру керек. Заманауи жабдықтарды (лазерлік пішу станоктары, автоматтандырылған тігін машиналары) орнату арқылы еңбек өнімділігін арттыру және өнім сапасын әлемдік стандартқа жеткізу қажет. Колледждер мен оқу орталықтарында заманауи сән тенденциялары мен жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандарды оқытуды жолға қою керек.
Былайша алып қарасақ, жеңіл өнеркәсіптің біршама дүниеге тигізер септігі бар. Мәселен, ел әлеуетін көтеруде, жергілікті тұрғындардың, әсіресе нәзікжандылар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы – жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту. Бүгінде бұл сала өніміне сұраныс та жоғары. Яки, азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында. Айтпағымыз да сол елдің экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша басымдық берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Мамандардың айтуынша, Қазақстаннан шетелге шығарылған шикізат, елге да­йын өнім болып оралады екен. Салдарынан жеңіл өнеркәсіп тауарлары қосылған құнын жоғалтып алады. Бұдан бөлек, бұл саланың өркендеуіне кедергі келтіретін басқа да мәселе бар. Соңғы бес жылда жеңілөнеркәсіп тауарлары бойынша сауда балансының сальдосы, яғни экспорт пен импорт арасындағы айырмашылық теріс деңгейде қалған. Импорт көлемі экспорттан 28 есе асады. Бұл айырмашылықты статистикалық деректерден де аңғаруға болады. Мәселен, өткен жылғы қаңтар-қазан аралығында шетелге құны 41 млн доллардан асатын жеңіл өнеркәсіп өнімдері сатылған. Ал импорт көлемі 1 миллиард 195 млн долларды құрапты. Бұл кедендік статистика келтірген ақпарат. Мамандардың айтуынша, бұл қосылған құнның жоғалуына алып келеді. Жеңіл өнеркәсіптегі қазіргі жағдайды сарапшылар созылмалы дағдарыс деп бағалауда. Ал коронавирус пандемиясы жағдайды тіпті ушықтырған. Онымен қоса елде киім өндірісі 2020 жылы 45 процентке қысқарыпты. Отандық жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру деңгейі экономикалық қауіпсіздік деңгейінен төмен.
Елдің өткенін таразыласақ, кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің тоқыма, тігін, аяқ киім, тері-ұлпан өнеркәсібі салаларында бір мыңнан астам іргелі кәсіпорындар жұмыс істеген. Олардың ішінде, еңбек ұжымына айналған – Алматы мақта-мата комбинатын, «Жетісу», Жамбыл аяқ киім кәсіпорындарын, «Большевичка» тігін комбинатын, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасын, Қостанай, Семей мауыты-шұға комбинатын ерекше атауға болады. Сондай-ақ, сол жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің табысы ел бюджетінің 25 процентін қамтамасыз еткені баршаға мәлім.
Бізде мақта, жүн-жұрқа, тері-терсек секілді шикізаттық мол қор бар. Алайда, олар бола тұра осы шикізаттан жасалған тауарлардың барлығын дерлік шетелден импорттаймыз. Кей елдің арзанқол дүниесін місе тұтамыз. Шикізаттың жақындығы өндірілген өнімді өткізу нарығының болуы, өндірістік шығындардың төмендігі жеңіл өнеркәсіптің дамуына алғы-шарттардың барын көрсетеді. Ал кейбір көрші елдердің мақтаға мұқтаждығы бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Қазақстандық мақта экспортқа төмен бағамен сатылып, содан жасалған мақта-мата тауары қымбат бағамен әкелінеді-мыс. Тоқыма және тігін өнеркәсібі машина жасау, химия өнеркәсібі секілді алдыңғы қатарлы әлемдік өнеркәсіп салаларының қатарына кіреді. Кейбір мамандар бұл саланың ел экономикасында үлес салмағы шамалы, сондықтан Қытай, Қырғызстан елдерімен бәсекелесудің оңай емесін алға тартады. Олардың киім-кешегінің сапасы айтарлықтай жоғары болмағанымен, әйтеуір бағасы қолжетімді.

ЖОБА МЕН ЖОСПАР

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралған еді.
Отырыс барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өнеркәсіп пен құрылыс салаларын тұрақты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен негізгі міндеттердің жүзеге асырылу барысы туралы сала министрі баяндады.
«Бүгінде өңдеу өнеркәсібі 9%-ға өсіп отыр. Аталаған өсім жаңа іске қосылған өндірістер есебінен мүмкін болып отыр. Өткен жылы 190 жоба пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Бүгінгі таңда жалпы құны 252 млрд теңге болатын 74 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамыту мақсатында салалық нормативтік-құқықтық құжаттар қабылдануда. Биыл 24 маусымда Машина жасау саласын дамыту мәселелері жөніндегі заңға қол қойылып, оның аясында бірнеше маңызды шаралар енгізілді. Атап айтқанда: мемлекеттік қолдау көрсетілетін өнеркәсіптік кластерлер құрылады, бұл ірі кәсіпорындар мен еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің өндірістік кооперациясын дамытуға мүмкіндік береді; көлік құралдарының бөлшектерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасалған кезде қазақстандық тауарларды пайдалану міндеті қарастырылады; өндірістік қуаттардың теңгерімін бағалау жүйесі енгізіледі. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын ішкі нарықтың сұранысына сай тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидатын енгізуді көздейді. Бұдан бөлек, жеке операторларды тарту және инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Оның ішінде дайын өндірістік ғимараттар салынады. Бұл жаңа өндірістерді іске қосу мерзімін қысқартып, арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттырады.
«Жалпы алғанда, қабылданған заңнамалық өзгерістер өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуына оң әсер етеді. Құрылыс саласында бес айдың қорытындысы бойынша жұмыс көлемі шамамен, 2,4 триллион теңгені құрап, 13,4%-ға өсті. Сонымен қатар 6,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 4,5%-ға жоғары. Биыл 20 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Саланы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы болды. Жаңа Кодексті жүзеге асыру шеңберінде жүз отыз сегіз нормативтік құқықтық акт қабылданды. Осылайша, құрылыс қызметі реттеліп, жаңа жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірінші шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Кодекстің нормалары құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, рәсімдерді ашық әрі тиімді етеді, әкімшілік кедергілерді азайтады және құрылыс саласына инвестиция тартуға ықпал етеді», — деді министр.
Оның айуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда сумен жабдықтау және су бұру бағытында екі жүз жиырма үш жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда он үш жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жалпы, министрлік желісі бойынша екі мың отызыншы жылға дейін, жалпы құны бір триллион теңгеден асатын бес 5 мың шақырым су құбыры және екі мың сегіз жүз шақырым су бұру желісі жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар шамамен сегіз жүз миллиард теңгеге қырық бес кәріз тазарту құрылысын салу және қайта жаңғырту жоспарлануда.
Министрлік өнеркәсіп пен құрылыс салаларын одан әрі дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инвестициялар тарту және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыратын болады.
Түйіндей айтқанда, жеңіл өнеркәсіп – бұл тек киім тігу ғана емес, ел экономикасының әлеуметтік тұрақтылығы мен өңірлердің дербестігін қамтамасыз ететін маңызды құрал. Қызылорда облысы бұл бағытта әлеуетін толық ашу үшін жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекеттің өзара тығыз әрі жүйелі ықпалдастығы қажет. Саланы қолдау – мыңдаған жұмыс орнын ашып қана қоймай, "Отандық өнім" брендінің беделін арттыруға апарар төте жол.

Айнұр ӘЛИ

12 тамыз 2026 ж. 134 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31