Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет қолдауы – мүмкіндіктер бастауы

Мемлекет қолдауы – мүмкіндіктер бастауы

Ауыл – елдің берекесі мен ырысының бастауы. Қазіргі таңда ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Себебі шағын кәсіптің өркендеуі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және ауыл экономикасының жандануына тікелей ықпал етеді.
«Еңбек ешқашан ақысыз қалдырмайды» дегенді еңбекпен есейген ауыл балалары жақсы біледі. Маңдай терін төгіп, адал еңбектің қадірін түсініп өскен сондай жастардың бірі Қазалы ауданына қарасты Ақтан батыр ауылының тұрғыны Руслан Теңізбай.
Ізденімпаз жастың ісі, ұстанған бағыты мүмкіндіктер мол деп қалаға сабылу емес, керісінше, шағын ортада да кәсіп бастауға мүмкіндік молын ұғындырады. Себеп те жоқ емес. Басты артықшылық – жергілікті жердің табиғи ресурсы, халықтың сұранысы және қалыптасқан дәстүрлі кәсіп түрлерін тиімді пайдалану. Бірі мал шаруашылығын дамытса, енді бірі егін егіп, өнім өндіреді. Қолөнер, наубайхана, тігін шеберханасы, автокөлік жөндеу, көлік жуу, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және шағын сауда орындары да ауыл тұрғындары үшін табысты кәсіпке айнала алады.
«Ауыл кәсіпкерінің ең басты капиталы – еңбекқорлық пен ізденіс. Кәсіп бастау үшін тек қаражаттың болуы жеткіліксіз. Нарықты зерттеу, халыққа қандай қызмет немесе өнім қажет екенін анықтау, сапаға көңіл бөлу және тұтынушы сенімін қалыптастыру маңызды. Әсіресе біздің жағдайда жергілікті тұрғындардың күнделікті қажеттілігін өтеуге бағытталған істің болашағы зор», – дейді ол.
Мемлекет тарапынан да ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған түрлі бағыттар қарастырылған. Жеңілдетілген несие, гранттар, оқыту бағдарламалары мен басқа да қолдау тетіктері кәсібін бастауға ниетті азаматтарға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік – тек жеке табыс көзі емес, ол ауылдың әлеуметтік дамуына да әсер ететін маңызды күш. Мұндай қолдауды тиімді пайдаланып, өз ісін ілгерілетіп отырған азаматтар ауылдағы кәсіпкерлік мәдениеттің қалыптасуына үлес қосып келеді. Бір кәсіпорынның ашылуы бірнеше адамды жұмыспен қамтып, олардың отбасына тұрақты табыс әкеледі. Ал ауылда жұмыс орындарының көбеюі жастардың туған жерінде қалып, еңбек етуіне жол ашады. Сондықтан ауылдағы әрбір жаңа кәсіп – елді мекеннің экономикалық әлеуетін арттыратын қадам. Бастысы – мүмкіндікті көре білу, тәуекелден қорықпау және еңбекті нәтижеге бағыттау. Ауылда кәсіп бастау арқылы адам өз тұрмысын ғана түзеп қоймай, туған жерінің дамуына да үлес қоса алады.
Ауыл кәсіпкерлігі дамыса – ауыл еңсесі көтеріледі. Ал ауылдың әл-ауқаты артса, тұтас елдің экономикасы нығая түседі.
«Бүгінгі таңда «ауылда жұмыс жоқ, тіршілік тоқырап тұр» деген пікір жаңсақтығын көрсетті. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, туған жерінің дамыуна үлес қосып отырған жігіттер аз емес», – дейді кейіпкеріміз.
Руслан 1993 жылы Ақтан батыр ауылында дүниеге келген. Ауылындағы №190 орта мектепте білім алады. Білім мен біліктілікті ұштастыруды мақсат еткен ол 2010–2013 жылдары Ақтөбе техникалық колледжінде «Тасымалды ұйымдастыру және көліктегі қозғалысты басқару» мамандығын меңгереді. Кейіннен Қызылорда индустриалды-техникалық колледжінде білімін жетілдіріп, «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығын алады.
Еңбек жолын 2014 жылы «CNEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мұнайшы болып бастайды. 2019 жылдан бастап өз бетінше мал шаруашылығымен де айналысып келеді.
Қазіргі таңда ауыл жерлерінде де темір тұлпарлардың саны жыл санап артып келеді. Осы бағытты жіті зерттеп, ауыл көшелерінде көліктің көбейгенін байқаған Руслан халықтың қажеттілігін дөп баса білді. Ауылда тазалық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ететін автокөлік жуу орталығы ауадай қажет екенін түсініп, бұл идеяны іске асыруға бел буады.
«2026 жылы Көларық ауылдық округі әкімінің аппаратының сүйемелдеуімен «Аманат несие» порталы арқылы қажетті құжаттарды тапсырып, 2,5 процентпен 4 186 000 теңге несие алдым», – дейді жас кәсіпкер.
Аталған қаржыға көлік жуу орталығына қажетті соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды толықтай сатып алып, ауылдан өзіне-өзі қызмет көрсететін «Райым» автокөлік жуу орталығын ашады. Қазіргі уақытта кәсібін өрістетіп, ауыл тұрғындарының уақытын үнемдеп, сапалы қызмет көрсетуде.
Ақтан батыр – Қазалы мен Арал аудандарының бірнеше ауылдары жолына орналасқан елді мекен. Тұрғындар ауыл автокөліктерімен бірге жолаушылар мәшинелерінің сапалы тазаланып, уақытын үнемдеуіне Руслан бастаған берекелі кәсіптің тиігізген ықпалы зор болып отырғанын айтады.
Еңбекқор жігіт кәсіп пен отбасын қатар алып жүрген ардақты әке, үлгілі отағасы.
Жұбайы Әйгерім Рамазанова Көлаарық ауылдық округі орталығындағы №190 орта мектепте ақпараттық технологиялар саласы бойынша жас ұрпаққа білім беріп жүрген маман.
Бүгінгі таңда бақытты отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр.
«Бойыңда күш, қайрат, жастық жігер барда кез келген жерде табыс табуға болады. Тек талпыныс пен ізденіс керек» деген қағиданы ұстанған Русланның бұл қадамы ауыл жастарына үлкен серпін беріп, көпшіліктің ризашылығына бөленіп отыр.
Мемлекет ұсынған мүмкіндікті қалт жібермей, өз ісінің иесі атанған азамат туған жерден ұзамай-ақ тұрмысты жақсартуға болатынын өз мысалымен дәлелдеп, көпті сүйсінтіп отыр. Бізбен әңгімесінде ол алдағы уақытта да бизнесінің көлемін ұлғайтып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
29 тамыз 2026 ж. 34 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31