Жылыту маусымына даййынбыз ба?
Жаз айының соңғы күні. Алда күз, бір аттасақ қыс тұр. Осыған орай аймақта жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қара суық түспей тұрып шаруасын түгендеуге тиіс өңірдегі жағдай қалай? Облыс пен аудан басшылығының қатысуымен өткен маңызды мәжілісте бұл тақырып жан-жақты талқыланды. Әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы 98 пайызға жетіп, отын қоры жасақталуда. Тұрғындар мен мекемелерге қажетті көмір мен сұйық отын көлемі есептеліп, жылу мен электр жүйелерін жаңғыртуға миллиардтаған қаржы бағытталуда.Жақында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы және жылу маусымына дайындық барысы қаралды. Бұл облыстық жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты. Артынша аудан әкімі аппарат мәжілісін өткізіп, тиісті сала басшыларымен бірге күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді аудан көлемінде жан-жақты талқылады.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов алдағы жылдарға арналған қаржылық көрсеткіштер мен жоспарларға жеке тоқталды.
— 2027 жылға арналған аудан бюджетінің жалпы көлемі 9 млрд 111,1 млн теңге көлемінде жоспарлануда, 2028 жылға 9 млрд 382,4 млн теңге, және 2029 жылға да аудан бюджетінің көлемі 9 млрд 382,4 млн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер ауданымыздың алдағы жылдардағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жергілікті кіріс бөлігін ұлғайтуға және әлеуметтік-экономикалық міндеттерін кезең-кезеңімен іске асыруға бағытталатын болады. Инженерлік инфрақұрылым дамыту және әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу үшін 2026-2027 жылдарға құны 36,1 млрд теңгені құрайтын 45 жоба облыстық экономика және қаржы басқармасына қаржыландыруға ұсынылды. Бұдан бөлек, құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 5 жоба бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл ұсынылған жобаларды қаржыландыру үшін тиісті жұмыстарды атқаруымыз қажет, — деді аудан басшысы.
Ол бұл ұсынылған жобаларды қаржыландыру үшін тиісті жұмыстарды атқару керектігін атап өтті. Сондай-ақ мәжілісте жергілікті кірістерді арттыру, инвестиция тарту, экономиканың нақты секторын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және сауда салаларындағы өсімді қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мәжілістің басты тақырыптарының бірі — 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы болды. Өткен жылу беру маусымына аудан бойынша 17 мың тонна қатты отын қажеттілігі жоспарланған болатын. Алайда, тұрғындардың көгілдір отынға жаппай көшуіне байланысты нақты 14,2 тонна қатты отын жеткізілді. Алдағы 2026-2027 жылғы жылу беру маусымына аудан бойынша 11 мың тонна қатты отын және 1,9 мың тонна сұйық отын қажеттілігі жоспарланып отыр. Аудан басшысы аудан аумағындағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығын толық аяқтау, қажетті отын қорын қалыптастыру және инженерлік-коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Жиында «Қылмыссыз өңір — кемел келешек кепілі» жобасы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елді мекендердегі санитарлық тазалық пен абаттандыруды жақсарту мәселелері де пысықталды. Аудан әкімі барлық бағыт бойынша белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, жауапты басшыларға жұмысты күшейтуді тапсырды.
Айта кеткен жөн, облыста жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5 млрд 500 млн теңге бөлініп, 8,7 шақырым жылу желісі жаңғыртылуда. Сондай-ақ №1 және №2 газтурбиналық қондырғыға күрделі жөндеу, 1,3 шақырым жылу желісі мен 1 қазандық, 1 турбина және 10 автономдық қазандыққа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ал электр жүйелерін жөндеуге 7 млрд 600 млн теңге бағытталып, 460 шақырым электр желілері мен 134 қосалқы станция қалпына келтірілуде. Облыстағы 1 074 әлеуметтік нысанның дайындығы қазір 98 пайызды құрайды, ал тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға қажетті жалпы көмір қоры (80 мың тонна, оның ішінде тұрғындарға 68 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 12 мың тонна) мерзімінде толық жасақталуы тиіс.
Айнұр ӘЛИ














