Пробация есебіндегі қызылордалық сот залынан қамауға алынды
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ге жуық адам бар.

Жуырда соның бірі сот қаулысымен бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынды. Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, ол Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығы шектелген.
- Пробация есебіне алынғаннан кейін мамандар оған сот белгілеген міндеттерді орындау тәртібін, жазаны өтеу талаптары мен пробация қызметіне тіркелуге келу уақытын түсіндірген. Алайда сотталған азамат белгіленген міндеттерді орындамай, жазаны өтеу кезеңінде өзін теріс жағынан көрсеткен. Атап айтқанда, пробация қызметіне тіркелу үшін белгіленген күндері бірнеше рет себепсіз келмеген. Сонымен қатар тексеру барысында тұрғылықты мекенжайында болмаған. Пробация қызметі тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, тиісті қорытынды шығармаған. Осыған байланысты құжаттар жинақталып, сотқа бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс берілді. Қызылорда қалалық №2 сотының қаулысымен сотталған азаматтың жазасының өтелмеген 2 жыл 23 күні бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ол сот залынан қамауға алынды, - делінген хабарламада.
Бұған дейін Маңғыстауда пробация талаптарын бірнеше рет бұзған сотталған қайта қамауға алынды.














