Саналы ғұмыр, салалы еңбек
Қазалы ауданында құрылыс саласының қарыштап дамуына елеулі үлес қосқан ардагер Жоямерген Бисенұлы 80 жас мерейтойын атап өтті. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ардагерді арнайы қабылдап, оның еңбек жолына және ауданның экономикасына сіңірген еңбегіне жоғары бағасын берді.Жоямерген Бисенұлының еңбек жолы Қазалы ауданындағы ПМК-1604 құрылыс мекемесінде инженер болып басталды. Тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында ол әртүрлі қызметтерде, оның ішінде инженер, құрылыс жұмысын жүргізуші, өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы ретінде жемісті еңбек етті. Уақыт өте келе Жоямерген Бисенұлы Қазалы «Колхозаралық» құрылыс мекемесіндегі құрылыс жұмыстарына, сондай-ақ аудан орталығындағы «Нан» зауытының құрылысына басшылық жасады. 1993 жылдан бастап, «Нан» зауытының директоры, инженері, тұтынушылар одағына қарасты «Авто-машина» тұрағының меңгерушісі, қойма меңгерушісі, іс басқарушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі сынды түрлі қызметте тер төкті. Осылайша аудан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ресми қабылдауда сөйлеген сөзінде Қазалы ауданында Президент пен Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды салу, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталғандығын жеткізді.
– «Сіздің саналы ғұмырыңыз ауданның құрылыс саласының қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Сіздер секілді ардагерлердің маңдай тері мен тәжірибесінің құрылыс саласының жетістіктерінде маңызды рөлі бар», – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мерейтой иесі Жоямерген Бисенұлы аудан басшылығына көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, ауданның өсіп-өркендеуіне тілектестігін білдірді. Ол өзінің еңбек жолында алған тәжірибесі мен ізденісін және салаға қосқан үлесін әрдайым мақтан тұтатынын алға тартты.
Жоямерген Бисенұлының мерейтойы құрылыс саласындағы ардагерлердің құрметіне арналған. Осындай азаматтар өздерінің қажырлы еңбегімен келешек ұрпақтың жолын ашып, елдің экономикасын алға жылжытуда үлгі болып қала береді.
Бүгінде құрылыс саласына бағытталған жұмыстар елдің инфраструктурасын жақсартып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыру үшін атқарылып жатқанын білсек те, ардагерлердің саналы ғұмырындағы тәжірибесі мен Жоямерген Бисенұлының еңбек жолы жастар үшін үлгі.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ














