Малайзияға кіргізбеуі мүмкін: қазақстандықтарға маңызды ережелер туралы ескертілді
Малайзияға баруды жоспарлап отырған қазақстандықтарға визасыз болу мерзімін ұзарту әрекетінің қаупі туралы ескертілді. Елден қысқа уақытқа шығып келген саяхатшыны кері кіргізбеуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп жазады Tengri Travel.
Малайзияда визасыз қанша уақыт жүруге болады?
Қазақстандықтар Малайзияға демалуға немесе қысқа мерзімді іссапармен барған жағдайда визасыз бара алады. Мұндай сапардың мерзімі - 30 күннен аспауы тиіс.
Алайда кейбір саяхатшылар елде ұзағырақ қалуға тырысады. Ол үшін Малайзиядан көрші елге шығып, содан кейін бірден кері қайтып келеді. Мұндай әдісті "визаран" (visa run) деп атайды.
Мұндағы логика қарапайым: адам елден шығып, қайта оралғанда тағы 30 күнге рұқсат алуды көздейді.
Бірақ Қазақстан СІМ мұндай қадамға баруға болмайтынын ескертті.
"Елде болу мерзімін ұзартудың мұндай әдісі елдің иммиграциялық заңнамасын бұзу болып саналады және елге қайта кіруге кепілдік бермейді", - деп хабарлады ведомство.
Яғни, көрші елге жасалған қысқа сапардан кейін адамды Малайзияға қайта өткізбеуі мүмкін.
"Визаран" үшін ұсталуы мүмкін
СІМ биыл Малайзия шекарадағы тексерісті күшейткенін хабарлады.
Адам елге барған кезде қызметкерлер оның құжаттарын тексеріп, өткізу-өткізбеу туралы шешім қабылдайды. Ол бұрын Малайзияда болған күннің өзінде, қайта кіруге кепілдік берілмейді.
Егер адам "визаран" жасауға әрекеттенсе, оны әуежайда ұстап, шетелдіктерге арналған арнайы орталыққа жіберуі мүмкін. Одан кейін ол Малайзиядан депортациялануы ықтимал.
Сондықтан СІМ елден қысқа уақытқа шығып келуді тағы 30 күн алудың жолы ретінде қарастырмауға кеңес береді.
"Биыл Малайзия билігі шекаралық бақылауды күшейтті. Шетел азаматын ел аумағына жіберу туралы шешімді Малайзияның иммиграциялық органдары тікелей паспорттық бақылаудан өту кезінде қабылдайды. "Визаран" жасауға әрекеттенген жағдайда азамат ұсталып, әуежайдағы шетелдіктерді уақытша ұстау орталығына орналастырылуы және кейін Малайзиядан депортациялануы мүмкін", - деп атап өтті ведомство.
Сапарға не алу керек?
Сапар алдында саяхатшының жоспарын растайтын құжаттарды дайындап қойған жөн.
Атап айтқанда, оның қолында Малайзиядан әрі қарай ұшатын билеті болуы керек. Ұшу күні рұқсат етілген 30 күндік мерзімнен аспауы тиіс.
Сондай-ақ мына жайттарды көрсететін құжаттардың болғаны дұрыс:
Малайзияға не үшін барды;
қай жерде тұрады;
ол жақта қанша уақыт өткізуді жоспарлап отыр.
Шекарада келу мақсатын шынайы айту маңызды.
Визасыз режим туристік сапарлар мен қысқа іссапарларға арналған. Егер адам Малайзияға оқуға, тіл курстарына немесе емделуге бара жатса, басқа құжаттар мен рұқсаттар қажет болады.
Әсіресе балаларын тіл үйрену немесе басқа да білім беру бағдарламаларына жіберетін немесе апаратын ата-аналар бұған мұқият болғаны жөн.
СІМ сапар алдында мұндай бағдарламаға визасыз режиммен қатысуға болатынын немесе арнайы құжаттар рәсімдеу қажеттігін алдын ала біліп алуға кеңес береді.
Қазақстан СІМ саяхатшыларды елге кіру ережелерін алдын ала тексеруге және "визаран" арқылы 30 күндік мерзімді айналып өтуге тырыспауға шақырды.
Еске салсақ, 1 қаңтардан бастап Малайзияда қоғамдық орындарда қоқыс тастағаны үшін қатаң ереже күшіне енді. Жаңа шаралардың барлығына: жергілікті тұрғындарға, шетелдіктерге және туристерге қатысы бар. Егер тәртіпбұзушы кәмелетке толмаған болса, жауапкершілік ата-анасына немесе қамқоршысына жүктеледі.
Көшеге тасталған темекі тұқылы, пластик бөтелке немесе басқа да қоқыс үшін енді 2000 малайзиялық ринггитке дейін айыппұл салынуы мүмкін - бұл шамамен 250 мың теңге. Ақшалай айыппұлдан бөлек, сот тәртіп бұзушыны қоғамдық жұмыстар істеуге міндеттей алады.











