Қанымызда бар қамқорлық, жүрегімізде бар жылылық

Əнмен əспеттеліп, жырдан шашу шашылған «Қанымызда бар қамқорлық, жүрегімізде бар жылылық» атты мерекелік шарада қоғам өмірінің көш керуеніне хал-қадірінше ілесіп, сонысымен мүмкіндігі шектеулі де шектеусіз азаматтарға үлгі болып келе жатқан қоғамдық бірлестіктің өнерпаздары Серік Ерболатов, Əсия Қыстаубаева, Серікбол Шайхов, Жеңісбек Көжебаев, Даража Тұрмағамбет, жас өрендер Мадияр Жеткербай, Нұрайым Арсен, Дәурен Қашмұрат өз өнерлерін ортаға салды. Олар жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Осы өнерпаздарға аудандық ішкі саясат бөлімінің алғыс хаттары мен қоғамдық бірлестіктің сыйлықтары табыс етілді. Сондай-ақ, кешке жиналған түрлі əлеуметтік топтың азаматтарына сый-сияпаттар тапсырылды.
Әлімжан ҚИЯС
* * *
Халықаралық қарттар күні қарсаңында қалалық кітапханада «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты оқырманмен кездесу кеші өтті. Кездесуге қоғам жұмысына белсене араласып, өзінен кейінгі жастарға үлгі-өнеге, бағыт-бағдар беруді өзіне міндет еткен Ермекбай Жұбаниязов, Зағира Қанатбаев, Бейбіткүл Арыстанова атты ардагерлер қатысты. Кеш қонақтары қатарында аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Зоя Мұстафаева, Қазалы қалалық әкімдігінің бас маманы Өркен Өтегенов болды. Шарада қалалық мәдениет үйінің өнерпазы Едіге Айдаров терме төгілтсе, кітапхана оқырмандары, Ғ.Мұратбаев атындағы №17, №16 мектеп-лицей оқушылары Мереке Қонысбай, Фарида Каренова, Әлия Аманжол, Жәния Мырзағали тақырып туралы ақындар жырларын жатқа айтты. Ерлан Құрманай Құрманғазының күйі «Адайды» орындады.
Берекелі басқосуда ардагерлер өнегелі өмірден көрген-түйген зерделі естеліктерін ортаға салса, жас оқырмандар қазыналы қарияларға сұрақтар қойып, жауап алды.
Кеш соңында ардагерлерге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ белсенді оқушылар аудандық орталық кітапхананың «Алғыс хатына» ие болды.
А.МЕЙІРХАНОВА