Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейде қазақ тілі шет тілі ретінде оқытылады

Ресейде қазақ тілі шет тілі ретінде оқытылады

Ресейде қандастарымыз көп шоғырланған елді мекендерінде қазақ тілі екінші шет тілі ретінде оқытыла бастады. Көршілес мемлекеттегі қазақтардың тіл төңірегіндегі түйткілдері Омбы қаласында өткен шекаралас аймақтар қоғамдық бірлестіктерінің форумында талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ресейдің Омбы облысы қазақтардың көптігі жағынан Орынбор мен Астраханьнан кейінгі үшінші орында. Ресми дерек бойынша, яғни 2010 жылғы санақтың нәтижесіне көз салсақ, 78 мың қаракөзіміз тұрады. Ал ресми емес мәліметтер әлі де жүз мыңға жуық қазақ тұрып жатқанын көрсетеді. Көптігі жағынан орыстардан кейінгі екінші орында тұр. Бұл елде паспортқа ұлты жазылмайтындықтан, кімнің кім екенін ажырату сәл қиындау. Дегенмен Шұбаркөл ауданы тұрғындарының 19,9 пайызы, Нововаршав және Павлоград аудандарының 16,6 пайызы қазақтар екені мәлім. Көшпенді қазақтың ұрпағы тарыдай шашылып, Омбы облысының 200 елді мекенінде тұрып жатыр.
Нововаршав ауданында Каразюк деген шағын ауыл бар. Қазақшаласақ – Қараөзек. Құрылғанына 325 жыл толған бұл елді мекенді атам заманнан бері қазақтар мекен етеді. Бүгіндегі жүз шақты шаңырақ түтін түтетіп отырған ауылда тың игеру жылдары қоныстанған жалғыз орыс отбасы бар, қалғандары түгел қаракөздер. Алайда 50 бала білім нәрімен сусындап жүрген мектептің оқыту тілі – орысша. Мектеп директоры Шолпан Сексенбаеваның айтуынша, қазақ тілі 1985 жылдан бастап тек үйірме ретінде қосымша оқытылып келеді. Соңғы жылдары білім бағдарламасына екінші шет тілі енгізілген. Оқушылардың ата-аналарымен ақылдаса келе қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқыту ұйғарылыпты.
«Оқушылар қазақ тілін аптасына екі рет қана оқиды. Бұл өте аз. Жас отбасылар үйлерінде де қазақша сөйлемейді. Сол себепті балалардың көбі ана тілдерін мүлдем білмейді десе де болады. Пән мұғалімі Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы университетке барып, біліктілігін арттырып келді. Барын салып, оқытып жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Қазақ тілінен Қарағандыда өткен халықаралық олимпиадада оқушымыз арнайы жүлдеге ие болды», - деген Шолпан Ілиясқызы, өкінішке қарай, өзі де қазақшаға шорқақ екенін жасырмады.
Аз ұлттарды жойып жібере жаздаған кешегі Кеңес одағы тұсында қазақ тілін оқыту қазіргіден тәуірірек болған сыңайлы. Омбыдағы қазақ тілі мен мәдениетін сақтау және дамытумен айналысатын «Мирас» қорының төрағасы Асқар Раисовтың айтуынша, кезінде облыстағы қазағы көп 12 мектептің бастауыш сыныптарында аптасына 6 сағат қазақ тілі, 4 сағат қазақ әдебиеті оқытылыпты. Орта және жоғары буында сабақ саны сәл қысқарғанымен, оныншы сыныптың өзінде тіл мен әдебиетке екі сағаттан берілген.
«Қазақ тілін оқыту – біздің басты қиындығымыз. Тіл аз да болсын оқытылады ғой, ал әдебиетті мүлдем ұмыт қалдырдық. Екеуі бірінсіз-бірі өмір сүре ме? Жоқ. Әдебиетті білмей, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқымай тіл дамымайды. Сабақ санын арттыру туралы билік басындағыларға талай айттық, мұңымызды тыңдар емес. Жастарымыз ана тілдерін ұмытып бара жатқаны қабырғамызға қайыстай батады», - дейді Асқар Оматұлы.
Шетте қазақ тілін оқытудағы тағы бір түйткілді мәселе – оқулықтың тапшылығы. Кеңестік заманнан қалған, ескі әдістемемен жазылған кітаптар әлі айланымда жүр. Қазақстаннан жаңаларын алдыртайын десе жергілікті жердің білім беру қызметі рұқсат етпейді. Яғни, кітап алдымен солардың сараптамасынан өткенде ғана қолдануға болады екен. Өкінішке қарай, бұған дейін өткізілген кітаптарға рұқсат берілмеген. Бұл тығырықтан шығар жолды Алтай қазақтары тапқанға ұқсайды. Олар қазақ ғалымдарының тіл үйретудегі әдістерін пайдалана отырып, өздерінің оқулықтарын жазып шығарған. Бұл тәжірибені омбылықтар да пайдалануға ниет етіп отыр.
Аға буын өкілдерінің айтуынша, жастардың арасында қазақ тілін үйренуге деген ынта жақсы. Тіпті, өзге ұлт өкілдерінің арасында да қалаулары бойынша қазақ тілі пәніне қатысып, тіл үйреніп жүргендер бар екен. Омбыдағы №130 орта мектеп директорының орынбасары Сергей Андреевичтің айтуынша, былтыр мектептегі 120 қазақ баласының 28-і екінші шет тілі ретінде қазақ тілін таңдаған. Биыл олардың саны 67-ге жетіпті. Арасында болашақта кәсіпкер болып, Қазақстанда қызмет еткісі келетін 6 орыстың баласы да бар.
Омбы облыстық қазақ ұлттық-мәдени орталығының басшысы Жанат Бекмағамбетовтың ұйымдастыруымен өткен шекаралас аймақтар қоғамдық бірлестіктерінің форумында Ресейдегі қазақ тілінің мәселесімен бірге Қазақстанда орыс тілін оқыту жайы да сөз болды. Баяндама жасағандардың бәрі дерлік орыс тілін оқытуда Қазақ елінде ешқандай қиындық жоқ екенін айтты. Омбымен іргелес жатқан бір Солтүстік Қазақстан облысын мысалға алсақ, бәрі түсінікті болып тұрғандай. Мұндағы барлық 485 мектептің 255-інде оқыту орыс тілінде жүргізіледі екен. Ал бір миллионға жуық қазағы бар көрші Ресей елінде қазақ тілінде білім беретін бірде-бір оқу орнының жоқтығы әділетсіздік сияқты.
baq.kz


11 қыркүйек 2018 ж. 1 407 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930