Қазақстанда алғаш рет сапа конгресі өтеді
Азия сапа желісінің XVI конгресі Алматы қаласында ұйымдастырылады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен танымыл сапа білгірлері келеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның сапа және инновациялық менеджмент ұйымының басшысы Азат Әбдіраxмановтың айтуынша, конгреске жапондық Нориаки Кано, швециялық Клаес Берлин, профессор Моxамед Заири, профессор Ван-Сен Шин сынды сапа менеджментінің шеберлері шақырылып отыр. «Қытайдан, Үндістаннан, Сингапурдан, Жапониядан, Оңтүстік Кореядан біраз адам келеді. Бірақ Қазақстаннан адам аз тіркелді. Айтуға да ұят. Бәлкім, ақпарат жетпей жатқан шығар. Меніңше, біздің кәсіпкерлеріміз алдағы конгрестің маңыздылығын түсінбей отыр. Қатардағы бір конференция деп ойлайтын шығар. Олай емес. Конгресте сапа менджменті саласындағы біраз мәселелер талқыланады. Бизнесті басқару, өндірістік процестерді реттеу, сапалы жұмысты ұйымдастыру - осының бәрін нақты мысалдармен көрсетіледі. Мәселен, қазір Жапония, Корея сияқты мемлекеттер сапа арқылы дүниежүзіне танылып отыр. Сапа менеджментін дұрыс ұйымдастыру арқылы қазіргі жетістіктерге жетті. Сондықтан бізге алдағы конгресті барынша пайдалану қажет, отандық кәсіпкерлерге өзіне қажетті барлық ақпаратты алған жөн. Себебі сапа саласының білгірлері күнде келе бермейді», - деді А.Әбдіраxманов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Оның айтуынша, қазірдің өзінде шетелден 140 баяндама түсті. Азия, АҚШ пен Еуропадан 200-ден астам делегат тіркелді. Олар өнім сапасы, инновациялық менеджмент, қызмет сапасы, маман даярлау және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша баяндама жасап, осы саланың өзекті мәселелерін талқылайды. «Бұл - коммерциялық жоба емес. Ешкім пайда түсірейін деп жатқан жоқ. Біз, керісінше, қаржы жағынан минусқа кететін шығармыз. Дегенмен, мағынасы жағынан, өзімізге беретін пайдасы жағынан нәтижесі көп болады деп ойлаймын. Азия сапа желісі осыдан 15 жыл бұрын құрылған. Содан бері алғаш рет конгрес Қазақстан жерінде өтейтін деп жатыр. Енді, кезегіміз қашан келеді? Оны ешкім білмейді. Сондықтан осы шараны барынша пайдалануымыз қажет», - деп атап көрсетті А.Әбдіраxманов. Айта кетейік, конгрестің ұйымдастырушылары - Қазақстанның сапа және инновациялық менеджмент ұйымы, «Атамекен» ҰКП және Азия сапа желісі. Ал Қытайдың сапа қауымдастығы, сондай-ақ, бәрқатар қытай мен кәріс компаниялары қаржылай көмек беріп отыр. Конгресс 19-20 қыркүйек күндері Алматыдағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде өтеді.
inform.kz