Үздік мектепке – 22 миллион теңге
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыстық Тамыз кеңесінде өңірдегі үздік мұғалімдермен қатар аймақтағы үздік білім ордасы да анықталатыны белгілі. Биыл Аягөз қаласындағы №5 орта мектеп ұжымы облыстағы жылдың үздік білім беру мекемесі атанып, өңір басшысы Даниал Ахметовтің қолынан 22 млн теңгенің сертификатын салтанатты түрде алды.
Бұл мектеп несімен өзгеше? Өзгешелігі сол, 53 жылдық тарихы бар оқу орны заман талабына сай инновациялық, модификациялық құралдармен толық жабдықталған. Мұндағы түлектер аттестатпен қатар көлік жүргізу дағдыларын да үйреніп, куәлік алып шығады. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған инклюзивті сыныптар да жұмыс істейді. Әрине 22 миллион теңге аз ақша емес. «Бұл қаражат қалай жұмсалады екен?» деп қызығушылық танытып отырған жандар да жоқ деуге болмас. Осы сауалды біз мектеп директоры Айнұр Қанапьянованың өзіне қойдық. «Бұл қаражатты мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсаймыз. Біз соңғы үш жыл уақыт аралығындағы атқарған жұмыстарымыздың қорытындысымен осындай жетістікке жеттік. Қаңтар айынан бастап оқу, тәрбие, оқушылардың жеткен жетістіктері, ғылыми жұмыстарын сараптап, жинап сәуір айында байқауға тапсырдық. Қорытындысын естігенде, қуанышымызда шек болмады», дейді мектеп директоры. Бүгінде мектепте 1040 бала оқиды, 105 мұғалім еңбек етеді.
Азамат ҚАСЫМ