Әулеттің ардақты әжесі
Ортамыздан Ата заңның шапағатына бөленіп, кейінгі толқын-жастарға сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсетіп жүрген жандарды көптеп жолықтыратынымыз анық. Біз бүгін сондайлардың қатарындағы Әйтеке би кентінің тұрғыны, сот саласында қызмет істеген Батыр ана Шайзада Ержанқызы Ешімова туралы қалам тербегенді жөн көрдік.
Шайзада ел-жұрт Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерінен есін жиып, бойын енді ғана тіктей бастаған 1946 жылдың 22 қарашасында туған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты, «Қызылту» колхозының төрағасы Қашақбай Пірімовтің жеке жырауы атанған Ержан мен Шамша ананың тұңғышы әке-шешесіне үлкен қуаныш сыйлады. Ол есейе келе ата-анасына қолғабысын көрсетіп, солардың жағдайын күйттеуге көп көңіл аударды.
Ізінен ерген інісі Шайқыслам мен қос бірдей сіңлісі Күнзада, Ақзадаға апалық ақ пейіл таныта жүріп, 1966 жылы Қазалы стансасындағы №420 орта мектебін ойдағыдай аяқтады. Бірқатар сыныптастары арман жетегіне еріп, жоғары оқу орындарына түсуге талаптанды. Әкесі дүние салуына байланысты Шайзада ауылдан ұзап шыға алмады. Аяулы анасы мен сүйікті бауырларының қамы үшін «қайткенде де жұмыс істеймін» деп бекінді.
Таныстарының жол сілтеуімен аудандық сот кеңсесінің табалдырығынан аттады. Бұл келген шаруасын айтқанында сол кездегі аудандық сот төрағасы Әбдіғани Тәжімбетов: «Бізге жазу машинкасын меңгерген маман қажет. Дегенмен қабілетіңді сынап көрейік. Ынта-ықыласың болса қызметке қабылдаймыз», – деп талап қойды. Көп ұзамай жігерлі қыз белгіленген міндеттер үдесінен табылып, хатшы-машинкашылық еңбек жолын бастады.
Уақыт ешқашан бір орнында тұрған емес. Сонан бері қаншама жылдар құс керуеніндей тізбектеле жылыстап, алға жылжыды. Азғана жыл аудандық партия комитетіне ауысып, еңбек еткені болмаса бар тірлігінің тіні осы саламен біте қайнаса өтті. Адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын жүзеге асыратын мәртебелі орын – сот мекемесінің отымен кіріп, күлімен шықты. Сондағы түрлі іс қағаздарының жедел, сауатты терілуін қамтамасыз етті. Іс басқарушылық қызметін адал да мұқият жүргізуге күш салды.
Іскерлік қабілеті мен тындырымдылығы арқылы көзге түскен Шайзада Коммунистік партия қатарына қабылданды. Сот, прокуратура, ішкі істер бөліміндегі КПСС мүшелерінің басын біріктірген бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланды. Қоғамдық-саяси жұмыстарды жандандырып, коммунистердің белсенділігін арттыруға лайықты үлесін қосты. Шарапат Өміртаев, Нұрғабыл Жұбанғанов, Жақас Шеріпов, Бектай Оспанов сияқты сот төрағаларымен қызметтес болуы арқылы заң үстемдігінің орнығуы жолындағы үлкен іске әл-қадірінше атсалысты.
Айқын мақсат адастырмайды. Ақырын жүріп, анық басуды мұрат еткен Шайзада Ержанқызы бүгіндері бейнетінің қызығын көрген зейнеткерлер сапында. Ол отбасында «Еңбек Қызыл Ту» орденді машинист Нұртаза Захаров екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді.
«Алтын алқалы» абзал ананың ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапқан. Ізбасар ұрпақтарынан отыздан аса немере сүйіп, бір әулеттің ардақты әжесі атанған Шайзадаға Конституция күні қарсаңында жолыққанымызда:
– Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік Ата заңы 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Басты құжатта азаматтардың құқықтары және Президент, Парламент, Үкімет, Конституциялық кеңес, Соттар және сот төрелігі, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бағытындағы міндеттер нақты белгіленген.
Көппен бірге мезгілінде жаңа заңды жылы қабылдадық. Оны тұрмысымызға, қызмет барысында еркін пайдаландық. Ондағы әрбір бап жүрекке қонымды, көңілге шуақ ұялатады. Сонан бері жиырма жылдан астам уақыт өтіп, алтын заң аясында барша халық берекелі де бейбіт өмір сүріп келеді. Тыныштығымыз мәңгі жасап, қасиетті Отанымыз – Қазақстанның келешегі кемелдене берсін! – деді көтеріңкі көңіл-күй үстінде.
Сахи ҚАПАР