Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аллергиядан қалай айығуға болады?

Аллергиядан қалай айығуға болады?

Аллергия айтып келмейді. Бүкіл әлемдік Аллергологтар Ұйымының (WAO) мәліметінше, адам бойында аллергияны кез келген зат қоздыруы мүмкін. Аллергендер «экзоаллергендер» және «эндоаллергендер» деп екіге бөлінеді. Біріншісі қорғаныс барьерімен қапталған, организмде жүреді. Сыртқы қабатына зақым келмейінше, одан келер қауіп жоқ.
Екінші түрі – инфекция, химиялық физикалық факторлар әсерінен зақымданған жасушалар. Аллергия – ауруға қарсылық күші (иммунитеті) төмен адамның бәрін дендейтін дерт. Аллергияның дауасы дамыған медицинада десек те, дәстүрлі халық емінің шипасын жоққа шығара алмаймыз. Ендеше екі тарап өкілінің пікірін оқырман назарына ұсынбақпыз. Бахар Әукенқызы қазақ халық медицинасынан сусындап, дәстүрлі медицинада білімін жетілдірген, Шығыс-Тибет медицинасын меңгерген.
– Бахар Әукенқызы, халық емінің шипасының сыры неде?
– Мен гормоналды дәрілермен емдемеймін. Асқынып тұрған жағдайда ауруды алдымен антибиотикпен қайтарамын. Сосын бойға шөпті жіберемін. Бұл қанды тазалайды. Ем система арқылы жүреді. Аллергиядан мұрынның ішкі түтікшелері қатты ісініп кетіп, қайта-қайта мұрнын тартатын дәрежеге жеткендер бар. Қабынуға қарсы антибиотиктен кейін, мұрынның ішкі плазмасын ылғалдандыратын, ішті, өтті айдайтын, ішектерді тазалайтын шөп дәрілер беріледі. Алллергиясының ісінуі басылғаннан кейін ине терапиямен емдеймін. Мұрынның, қабақтың үстінен бастап құлақтың айналасына дейін нүктелер бар. Сол сыртқы нүктелерге алтын ине саламын.
– Пациенттеріңіздің арасында жиі кездесетін аллергияның себептерін айта аласыз ба? – Аллергия экологиядан да, адамның анатомиясынан да болуы мүмкін. Негізі аллергия мұрын қуысына жабысады. Бірақ мұрын қуысын емдей бергеннен ештеңе өнбейді. Қаннан бастап ем жүргізу керек. Мен алдымен адамды тексеріп, сараптама жасамай, емге кіріспеймін. Көбіне аллергиямен ауыратын адамдардың бауырының қызметі дұрыс емес. Ішетін, шегетін адамдар аллергиядан көп азап шегеді. Ауруға қарсылық күші әлсіздер бар.
– Қазір аллергияның қозатын кезі. Адамдарға қандай кеңес бересіз?
– Аллергия дендейтін мезгіл – күз, жаз, көктем. Сол үшін қыста емделу керек. Алғаш рет аллергия жеңген адам алдымен ауруға қарсылық күшін көтеруі керек. Бауырдың қызметін жақсартып, өтті тазалап, ішетін-жейтін тамағын сүзгілеу керек. Көктемде аллергия басталмай тұрып, осының бәрін орындаса, ауру бұрынғыға қарағанда 70 пайызға төмендер еді.
– Емделушілер арасында жылдап жүргендер бар ма? Жасы да кәрісі де келе ме?
– Пациенттер наурыз айынан келіп алады. 10-15 жыл жүргендері бір жазда екі рет қаралып кетеді. Ауру жас талғамай бара жатыр, 12-13 жастан бастап аллергия мазалайтындары бар. Бір емделгеннен кейін күтіммен жүрсе, жеңіл өткізуге болады, алайда тағайындалған тәртіпке салғырт қарайтындар бар ғой. Аллергия әбден жүдеткен, ашуланса да ауруы ұстайтындар кездеседі. Олардың жүйкесі шаршаған. Ондайда тек гормоналды дәрімен басуға тура келеді. Басқа амал жоқ.
– Адамдар арасында пікір екіге жарылған. Сіздің дамыған медицинаға көзқарасыңыз қалай?
– Егер адам организмі иммунитетті қайта қалпына келтіре алатын болса, бірден гормоналды дәрінің көмегіне жүгінбегені дұрыс шығар. Үнемі ережені ұстанып жүрсе, асқынуларға жол бермейді. Кейбіреулерді емдеп жібересің, әрі қарай алып кете алмайды. Қайтадан сол ауру күйіне түсіп жатады. Дамыған медицинада аурудың бетін тез қайтаратын дәрілер баршылық. Алайда, адам ағзасы гормоналды дәрінің күшіне үйреніп қалғаннан кейін дәстүрлі ем бір дегеннен қонбайды.
– Аллергияны үкім деп қабылдап, дәрігерге бармай жүретіндер де бар. Олар өз бетінше ем-дом жасайды.
– Аллергияның жабысатын бірден-бір нәзік жері – мұрын, құлақ, көз. Олар нәзік органдар. Ол жерде жұмсақ әлсіз жасушалар көбейіп қалыптасқан. Адам егер өз бетімен ем-дом қабылдаса, жұқа тері плазмасын күйдіріп алуы мүмкін. Ал емделмей жүре берген жағдайда микроб көбейе түседі. Адам үшін айналасында аллергия тудыратын зат көбейеді. Тұншығып, ауа жетпей, қақалып-шашалып жүретін күйге жетеді. Жүрекке оттегі жетпей, бұлшық еттерінің ісініп кетуінен тыныс жолдары жабылып өлімге апаруы мүмкін.
***
Бұл тақырыпқа қазақстандық аллерголог-иммунолог дәрігер Мария Демченконың пікірін сұраған едік.
– Көп жағдайда аллергиялық ауру дүмше дәрігерлердің пайдасына шешіліп жатады. Аллергиямен тез әрі мәңгілікке қоштасамын деп ойламаңыз. Қандай да бір дәріні сатып аларда немесе ем қабылдарда дәрігердің кеңесін алған жөн. Ешқандай биологиялық белсенді қоспалар, шөптер, лазерлі ем әдістерінің күші ғылыми түрде дәлелденбенген. Аллергиядан құлан таза айыға алмайсыз. Тек дерматит, ринит, астма деген түрлерін емдеуге болады. Медицинадағы кез келген терапия симптомдар санын кемітуге арналған, аллергияны емдеудегі ең жақсы көрсеткіш – симптомдардың жойылуы. Аллергияны дәстүрлі жолмен емдеудің әсері аз. Шөп дәрілердің өзі аллергия тудыруы мүмкін. Әрине түймедақ, мыңжылдық қайнатпаларынан қауіп жоқ. Дегенмен адамдар өз бетімен ем-дом жасауға тәуекел етпегені жөн. Кішкентай балалардың тағамға аллергиясы болса, ересектерді аллергиялық ринит мазалайды. Бұл қоршаған ортаның әсерінен болады, генетикалық жолмен берілетін иммундық жүйенің мәселесі тағы бар. Аллергияның себебін жылдың кез-келген маусымында анықтауға болады, ал емді қыс мезігілінде алған дұрыс. Дамыған медицинада аллергия АСИТ (аллерген-спецификалық имуннотерапия) тәсілімен емделеді. Бұл пациенттің  аллергенді заттарға сезімталдығын азайту үшін дозалық мөлшерде енгізілетін, иммунитетті көтеретін әдіс. Аллергиядан 3 жылға дейін айығуға көмектеседі. Гормоналды препараттарды аллергиялық ауру асқынған кезде қолданамыз. Мәселен астманың бұдан басқа емі жоқ. Халық арасында «гормонфобия» түсінігі қалыптасқан. Қазір 21 ғасыр, медицина бір орында тұрмайды. Аллергиялық ауру кезінде тағайындалатын гормоналды дәрілер денсаулыққа зиянсыз.
28 тамыз 2018 ж. 2 284 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930