Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Соңында өнегелі жолы қалған

Соңында өнегелі жолы қалған

Сыр сүлейлері туралы айтылғанда аты аталатын Алпысбай жырау, Алпысбай күйші, Алпысбай молда туралы ел аузында естеліктер сақталған. Жақында редакциямызға өнер иесінің ұрпақтарының қолында бар мағлұмат тиді. Ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакциядан

Алпысбай Сауапұлының өмір сүрген уақыты аумалы-төкпелі қиын кезең – Ресей империясының қазақ елін толық отарлау саясатына тұспа-тұс келеді. Жыраудың үлкен ұлы Маханбетжанның неке куәлігінде 1897 жылы, құлпытасында 1907, ал кенжесі Мәрзия 1926 жылы туған. Ол кездің адамдары ерте аяқтанып, жиырма жастың о жақ, бұ жағында шаңырақ көтеретінін ескерсек, Алпысбай дүниеге 1877 жылдың жобасында келуі әбден мүмкін. Кенже қызы дүние келген 1926 жылдары жырау өмірде болған. Мен Мәрзия апаны көрдім. Бірақ ештеңе сұрап үлгермеппін. Алайда, Алпысбайдың нақты қанша жыл өмір сүргені белгісіз. Шығармаларының толық сақталмауы нақты мәліметтерді ашуға мүмкіндік бермей отыр.
Ұлы Хұсайын мен келіні Ақан некеге тұрған 15.08.1949 жыл уақытына қарап, атамның өмірде болмағанын шамалауға болады. Себебі Ақан шешемнен бірде бір рет атасы туралы айтқанын естіген жоқпыз. Енесі Зейнеп Ешниязқызының жаңадан түскенде көрікті адам болғанын, алайда көзі көрмей қалғанын айтатын.
Ұрпақтары мен туыстары, таныстарының дерегіне қарағанда, Алпысбай жырау Сауапұлы Қызылорда облысының Қазалы ауданы №17 ауылдық кеңесінің Ленин колхозында (қазіргі Ғ.Мұратбаев ауылында) дүниеге келген болуы мүмкін. Өйткені ұлдары Маханбетжан, Ислам, Шаһизада, Хұсайынның құжаттарында осы ауылдық кеңесте дүниеге келгені көрсетілген. Көнекөз қариялардың айтуынша, сүйегі Ғ.Мұратбаев ауылынан жеті-сегіз шақырымдағы «Сауысқандық» деген жерде немесе көпшілік «Уәйістің шлюзі», бұрынғы атауы «Сұлтан аралы» аталатын қорымда болуы да ықтимал. Бұл жағын әлі нақтылай түсуді қажет етеді.
Жырау Алпысбай Сауапұлы туралы алғашқы деректер бізге Маханбетжан мен Хұсайын арқылы жетті. Әулетіміздің тарихын анамыз Ақанның әсерлі әңгімелерінен де құмарта тыңдадық. Өзі шыққан Құрманай руының бірнеше шежіре кітабында Алпысбайдың жырау болғаны көрсетілген (Ж. Өтепбергенұлы. Құрманай баласы Қожет. – Ақтөбе, 2012. – 43-бет).
Атамыз тұстасы Сарыбала ақынмен айтысып, оны жеңгені жайында әкем Хұсайын жеткізген үзік-үзік шумақтары есімде қалыпты. Сонда айтатыны: «Топта келе жатқан Алпысбайды байқамаған Сарыбала, тіл тигізіп, жамандайды. Мұны естіген атамыз қолына домбыраны алып: «Сарыбала, аузың құрсын ырбаңдаған, /Байталдың арт жағындай тырбаңдаған» депті. Сонан екеуі айтысудың орнына, төбелесе кетіпті. Атамның сөзін ерсі көрген болуым керек, өлеңнің осы қатарларын ғана ойымда ұстап қалыппын.
Өкініштісі, әлгі ұзақ айтыстың бас-аяғы осы. Қалғанын ұғып қалу бізге бұйырмапты. Ал мына есімде қалған жол атамыздың толғау сөзі болса керек: «Сылқылдатып соғайын, / Іші түскен қауындай. / Былқылдатып соғайын, / Жаңа жауған жауындай». Осы бейнелі сөздер ол кезде маған таңсық әрі қызық көрінетін. Сөйтсем бұл өзі үлкен шығармашыл жыраудың көкірегінде қатталған інжу-маржандардың шашырап түскен жауһарлары сияқты қиқым, қиықтар екен ғой. Әттең соның барлығын, ұлдары Хұсайын мен Маханбетжанның білгенін қағазға түсіре беру ойда болмапты. Жалпы, біздің жұрттың жақсының сөзін жаттап алып, сақтап, саралауға келгенде өте-мөте салғырт екені белгілі. Соның кейпін біздің Алпысбай атамыз да кигені есіме түссе, осы күні жанымды қоярға жер таппаймын.
Күйші Нәби Жәлімбетов, немере інісі Әбдікерім Құлбаев (Масақбайдың (Әліпбайдың) жұрағаты), жамағайыны Темір Жұмашұлы, құда баласы Әбдір Дүрханұлы, туыстары Жұмабек және Жанай Шашақұлы, ағайыны Өтесін Жалдыбайұлы, тағы басқа аға буын өкілдерінен естіген әңгімем бойынша, Алпысбай ел арасында айтыскер ақын, жыраулығымен танылып, халқымыздың кенен мұрасы – ән-күй өнерін насихаттаған. Бұл адамдар той-томалақта жиі бас қосатын. Оның үстіне Маханбетжан әкесі Алпысбайдың үйретуі арқылы Құранды жатқа білген қари болғандықтан, астарда аруаққа жиі-жиі Құран оқылатын. Мұндай жиынның соңынан, дастарқан жиналған соң ән, күй, жырға кезек берілетін. Соның ішінде күйді ерекше тартатын Сәтебай Шашақұлы, Хұсайын Алпысбайұлы, Әбдікерім Құлбаевтар еді. Нәби ағамыз атамыздың ғана емес, берісі осы төңіректің, әрісі бүкіл қазақтың күйін жақсы тартушы еді. Басқосуларда Нәби: «Ал енді Алпысбай аталарыңның сөзіне, күйіне, жырына кезек берейін» деп атадан қалған мұраға қарай бағыт бұратын.
Барған жерінде «Алпысбай жырау келді» деп барлығы өнерін қастерлеп, арнайы үй тігіп, мал сойып, күтіп алады екен. Бұл Ақан шешеміз бен Құрманай аталығының бетке ұстар азаматтарының сөзінің дерегі. Соған қарағанда, Ақан келіні де атасы Алпысбайдың өнер жолына қанық болған болуы керек. Оның орындауындағы күйлердің де тақырыбы сан алуан болыпты. Мұның жайын мен Хұсайын әкемнің тартқан, әсіресе оның орындауындағы Жалдыбай, Мырза, Көнек күйлерінен білетінмін. Өйткені, ол күйді әкесі Алпысбайдан үйренген. Әкесі Хұсайынды «ұлдың кенжесі» деп атының артына отырғызып, қайда жүрсе де алып жүреді екен. Содан да болар, оның құлағында әкесінен естігендері көбірек қалған. Біз ол қандай әнші, жыршы, күйшілердің туындылары екенін толық білмейміз. Білетініміз, соғысқа кетіп жоқ болған Ислам мен Шайзада да ән салып, күй тартқан. Әсіресе, Шайзадасы суырыпсалма ақын болыпты. Негізі, Зейнеп шешеміз оннан аса құрсақ көтерсе де, оның тең жарымы тірі қалған. Соғыстан оралмаған қос ұлынан ұрпақ қалмаған.
Алпысбай мұрасы туралы айтылғанда, әуелі ойға әйгілі күйші, домбырашы Нәби Жәлімбетов келеді. Бала күнімізде «Атаңның күйін, өлеңдерін тыңдап қайтайық» деп Хұсайын әкем мені ертіп, Нәби ағаның үйіне жиі апаратын. Біз қай уақытта барсақ та, Нәби ағаның үйі кісіден арылмайтын. Бауырларын ұйытып, Алпысбай ата туралы қызықты әңгімелерін құрметпен, мақтанышпен айтып отыратын еді. Әсіресе, ағасының айтыста қолданған ұтымды шумақтарын бірінен соң бірін төгілдіріп: «Мынау Алпысбай ағаның әні, ал мынау күйі» деп бұрын біз естімеген әндерді, күйлерді орындайтын. Мен Хұсайын әкемнің ән салғанын естіген жоқпын, ол көбіне күй тартатын. Оның не үшін күйші Нәби ағасына келгіштей беретінін де осы күні ұғынғандаймын.
Бірде әкемнің «Алпысбай атаңның күйлерін нотаға түсіртемін» деп мені базардың қасындағы музыка мектебіне ертіп барып, біреуге жолыққаны есімде. Ойын баласымын, одан әрі бұл жұмыс немен аяқталғанын білмеймін. Соған қарағанда, Алпысбай әкелерінен естігенін ұлдары Маханбетжан мен Хұсайын зердесіне тоқыңқыраған сияқты.
Хұсайын да, Маханбетжан да ағалары Нәби Жәлімбетовке жиі барып, атам Алпысбайдың өнері туралы әңгімелерін тыңдап қайтқанды ұнататын. Кейін Маханбетжан әкем бірыңғай имандылыққа бет бұрды. Ағаларымыз Әбдікерім Құлбаев, Сәтебай Шашақов та «Алпысбай ағамыздың күйі, өлеңі» деп той-жиында, ағайын арасында талай шабыттана шырқап, күмбірлете төккен күйін мен ғана емес, көзін көргендердің бәрі біледі. Қалай десек те, бұлардың ішіндегі жүйрігі, көп білетіні Нәби Жәлімбетов болатын.
Жалпы, Алпысбай әулеті атадан қалған жыраулық дәстүрді тұтынбаса да, жалпы өнер десе бір иығын беріп тұратын. Маханбетжан мен Хұсайын, Әбдікерім мен Сәтебай қара домбыраны қолға алса болды, ағайын ішіп отырған асын кері ысырып қойып, сілтідей тынып, тыңдайтын. Кейін, есейе келе, шешеміз Ақанның да ата-әжеміз туралы айтқан әңгімелеріне ерекше сүйсінетін болдық. Мәрзия апамыз да әнді жақсы салатын. Жас кезінде биді де тәуір билегенін Ақан шешеміз жиі айтатын. Немерелері де гитараның «құлағында ойнайтын». Апам Гүлханым екеуіміз сахнада ән салдық. Әулеттің тойында ағайынның көңілін ойын-сауықпен көтеретінбіз. Жеңгелері «Керше» атандырған Әбдікерім, Хұсайын, Сәтебайлар күйді құйқылжытатын. Олар орындаған күй жұртты бей-жай қалдырмайтын. Ағалары күй тартып, апалары ән салып болғаннан кейін, кезекті Арыстанбек, Алғабек, Ағзамбек, Асылбек алып, гитарада ән шырқайтын. Бұл да әуетіміздің думанды көңіл-күйінің басылмағанының бір белгісі шығар деп ойлаймын.
Сол кездегі К.Маркс совхозындағы мектепті жергілікті жұрт «Алпысбаевтар мектебі» дейді екен. Олай дейтіні, Алпысбайдың үлкен ұлы Маханбетжан орыс тілі мен әдебиетінен, Хұсайын мен қызы Мәрзия математикадан, келіндері Шамшагүл қазақ тілі мен әдебиетінен, Ақан тарихтан сабақ берген ғой. Ата-аналарға ойын қойған, концерт берген, сөйтіп «Алпысбаевтар мектебі» атандырған.
Қолдағы бар азды-көпті деректерді зерделегенде білгеніміз, Алпысбай Сауапұлының айтыскер ақын, шайыр, әнші, жырау, молда болғаны. Сұрастыра жүріп, ақыры тауып, өткен жылы атамыздың шығармашылығы, соның ішінде «Сәулем-ай» деген жалғыз әнін орындап, оның тарихын халыққа таныстырып жүрген фольклортанушы ғалым, танымал жыршы, әнші, домбырашы Берік Жүсіповпен хабарласып, біраз тың мәліметтермен таныстым. Сыр бойының әдеби-музыкалық мұрасын жиып-теріп, көзінің қарашығындай сақтаған жанның жеке мұрағатында Алпысбай Сауапұлының әдеби-музыкалық мұрасы – жыршы Наурызбек Нұржаубайұлы жеткізген «Сәулем-ай» әні және «әлім Алпысбай молда мен Паналы қыздың айтысы» сақталғанын естігенде, көзіме жас келді.
Берік Жүсіповтың қатысуымен 2017 жылы 20 тамызда өткен «Інжу-маржан» хабарын тауып алып, қайта-қайта қарадым. Хабар барысында Берік мырза Сыр өңіріндегі әншілік, күйшілік, жыршылық өнердің дамуы туралы тарата баяндай отырып, Алпысбайдың «Сәулем-ай» әнінің тарихы жайында мәлімет айтып, көрерменін көзайым етті. Алпысбайдан қалған жалғыз әннің тарихын «алыстан сермеп, жүректен тербеп» айтып жатты...
«Ел арасында «Әлім Алпысбай молда мен Паналы қыздың айтысы» деген шығарма сақталған. Бұл Арал – Қазалы өңірінен өткен алтынбай Жаппарберді жыраудың репертуарында болған. Сол Жаппарбердінің баласы Тойбазар әкесінің айтуынан көшіріп, сақтаған. Әлгі қолжазба ел аралап жүрген уақытта қолымызға түсті. Соның ішінде «Ақбала мен Асқардың айтысы», «Әлім Алпысбай молда мен Паналы қыздың айтысы» деген айтыстар бар. Мұны кейде «Алпысбайдың Паналы қызбен қоштасу әні» деп те айтады. Айтыстың соңында Алпысбай молда Паналы қызға арнап ән салған. Бұл кейін халық арасында «Сәулем-ай» деген атпен, мына мәтінде таралып кетеді: «Ойластырған, Құдайым, ойластырған, / Ортан жілік басында жамбас тұрған, сәулем-ай. / Айналайын, Құдайым, құдіретіңнен, / Кездестіріп біздерді той бастырған, сәулем-ай». Қайырмасы: «Екі ғана жирен-ай, / Өңшең асыл кигені-ай. / Құмырсқа бел, құмай көз, / Ер жігіттің сүйгені-ай», – деді.
Ол бұл әнді бесқалалық Наурызбек Нұржаубайұлы деген жыршы ұстазы жеткізгенін, ол уақытта консерваторияда оқитын студент екенін, әнді сол кісіден үйренгенін айтты. Содан соң «Қазір сол әнді айтып берейін» деп шабытпен орындады: «Керегенің басында оймақ тұрар, / Кедейшілік жігітке қой бақтырар, сәулем-ай. / Тәуір болса жігіттің алған жары, / Тал шыбықтай бұралып ойнап тұрар, сәулем-ай». Ән екі шумақтан, ортақ қайырмадан тұратын мәтінді тыңдап отырып қағазға түсіріп, Беріктің өзіне тексертіп алдым. Бұл әннің сөзіне қатысты жайттарды өзі кең көлемде Алпысбай жайында жазылатын мақалада түсіндіріп, талдап беретінін айтты.
Фольклортанушының мағлұматына зер салсақ, Арқада Байқорым деген байдың Паналы, Саналы, Жағалы деген қатар өскен үш қызы бар екен. Қызыл тілді пендеге дес бермеген жүйрік Паналы:«Кім мені жел сөзден жеңетін болса, соған тиемін» дейтін көрінеді.
Кетенің бір жігіті Паналының даңқын естіп, іздеп барып, айтысқан екен. Жеңілген жігіт елге қайта алмай, қыздың айтқан сөзін ауырлап, сол елге сіңіп қалыпты. Сыр бойы мен Қарсақбайдың, арғын-найман мен әлім-шөменнің арасында үлкен байланыс болған. Сондай күндердің бірі болса керек. Арқаға Алпысбай да барыпты. Жаздың күні екен. Жоқ іздеп шыққан ол жүре-жүре, сұрай келе: «Нем кетіп бара жатыр, мен де бір айтысып қалайын» деп қыздың отауына түсіпті. Сән-салтанатымен отырған қыздың қырық нөкері бар екен. Байдың қызы не ішемін, не киемін демейді. Жағдай сұраса келе, екеуі айтысыпты. Бір күн, жарым күн жатып айтысып, ақыр аяғында Алпысбай басымдық танытып, Паналы қыз жеңіледі. «Жеңілсем, кім болса да тиемін» деген уәдесі бар. Бірақ Алпысбай әйел іздеп емес, жоқ қарап шыққанын, жар етіп ала алмайтынын айтыпты. Сонда Паналы қырық қыз нөкерімен күндік жерге дейін Алпысбайды шығарып салып тұрып, бір ауыз өтіл айтты:
– Әй, Алпысбай, сен жігіттің абзалы екенсің. Мені осы уақытқа дейін бір адам сөзден сүріндіріп көрмеп еді. Екеумізді тағдыр қосылуға жазбады. Кездесіп, сөз қағыстырған күніміздің белгісі болсын, бір ауыз лебіз білдір, – дегенінде Алпысбай омырылмалы домбыраны қайта құрап жіберіп, айтқан әні «Қырық қыз» екен. Ғарекең орындайтын «Он алты қызды» Сырдың бойында «Қырық қыз» деп те салады. Сонда «Алпысбайдың Паналы қызға айтқаны» деп мына «Сәулем-ай» деген әнді айтады. Аңызы бар деп отырғаным осы» (Момбекұлы Т. Жаратқан, жар болғайсың: Сыр-сұхбат.– Алматы: Arna-b, 2011. – 372 бет).
Екеуара өрбіген әңгіменің нобайын Берік өзі мақаласында қорытып жазар. Ал мені мына сұхбат үлкен ойдың жетегінде қалдырды.

Гүларша ХҰСАЙЫНОВА,
өлкетанушы, ардагер-ұстаз,
жыраудың ұрпағы


22 ақпан 2025 ж. 53 0

Жайың қалай, жұмысшы?

22 ақпан 2025 ж. 58

Арал: Жыл және жетістік

21 ақпан 2025 ж. 153

ТҰРҒЫНДАР НАЗАРЫНА!

21 ақпан 2025 ж. 120

Керек дерек

21 ақпан 2025 ж. 139

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728