Huawei Apple-ды басып озды
2018 жылдың екінші тоқсанында сатылған смартфондар саны бойынша Huawei қытайлық компаниясы Apple корпорациясын басып озып, осы көрсеткіш бойынша әлемде екінші орынға шықты. Бұл туралы International Data Corporation (IDC) шолуында айтылған, деп хабарлайды euronews.com.
Samsung корпорациясы 71,5 млн смартфон сатып, көп бастап тұр. Оның нарықтағы үлесі 20,9% құрайды. Apple компаниясы $53,3 млрд қаржы тапқанымен, сатылған смартфондардың саны бойынша алғаш рет үшінші орынға сырғыды. Қытайлық компания 54,2 млн құрылғы сатып, нарықтың 15,8% алған. Осылайша, сатылым саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 40,9% өскен. Apple осы жылы сәуір-маусымда 41,3 млн құрылғы сатқан. Сондай-ақ қытайлық компания Xiaomi сатылымының өсімі 48,8% көрсетіп, төртінші орынға жайғасты. Бұл компания 31,9 млн аппарат сатқан. Бесінші орында тұтынушыларға 29,4 млн смартфон өткізген Oppo қытайлық өндірушісі. Ол нарықтың 8,6% үлесін иеленді. Екінші тоқсанда 342 млн смартфон сатылған.